06 Тамыз, 2013

Ғұмыр жасты ұзарту жолында

352 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Орал өңірінде атқарылған істер мол

Егемендікке қол жеткізген жиырма екі жылға жуық уақыт ішінде елімізде денсаулық сақтау саласы жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Бұған ешкім талас туғыза алмайды. Бүгінде Елбасының бастамасымен әрі тікелей қолдауымен өмірге келген денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай іске асып келеді. Қазіргі күні оның негізгі салмағы мен жауапкершілігі негізінен өңірлерге қарай ауысып отыр. Өйткені бұған дейін мемлекет тарапынан бағдарламаны іске асырудың қажетті тетіктері ойластырылып, қаржылық көздері қарастырылған болатын.

 

Орал өңірінде атқарылған істер мол

Егемендікке қол жеткізген жиырма екі жылға жуық уақыт ішінде елімізде денсаулық сақтау саласы жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Бұған ешкім талас туғыза алмайды. Бүгінде Елбасының бастамасымен әрі тікелей қолдауымен өмірге келген денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай іске асып келеді. Қазіргі күні оның негізгі салмағы мен жауапкершілігі негізінен өңірлерге қарай ауысып отыр. Өйткені бұған дейін мемлекет тарапынан бағдарламаны іске асырудың қажетті тетіктері ойластырылып, қаржылық көздері қарастырылған болатын.

Бағдарлама талаптарына сай кешенді іс-қимыл шараларын жан-жақты ойлас­тыра білген өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысы. Денсаулық сақтау жүйесінде кез келген бағдарламаның басты мақсаты – адамдардың орташа ғұмыр жасын ұзарту болып табылады. Қазір аймақтағы бұл көрсеткіш 69,63 жасты құрайды. Бұл 2007 жылмен салыс­тырғанда 3,9 жасқа жоғары. Бұл дерек республикалық деңгейден де сәл биік тұр.

Аталған мәселеге кешенді көзқарас тұрғысынан келе білген жағдайда ғана іс алға баса алады. Егер кез келген өңірде ана мен сәби өлімін азайтуға, тіпті бұл келеңсіз жағдайды мүлдем болырмауға көңіл бөлінсе, белгілі бір ел, мемлекет тұрғындарының орташа ғұмыр жасы солғұрлым өсе түседі. Соңғы жылдары республикада осындай оң нәтижелер орын алды да. Бұған халықаралық пери­наталдық технологиялардың нәтиже­сінде қол жеткізілді.

Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жаңа өлшемдер де ана мен сәби өлімін азайтуға әжептәуір септігін тигізді. Бұдан үш жыл бұрын тегін медициналық көмек аясында экс­тракорпоралдық ұрықтандыру бойынша тың қызметтер енгізілді. Өткен жылы Орал өңірінде мұндай циклдың саны 4 есеге ұлғайды.

Экстракорпоралдық ұрықтандыру деген не? Бұл салалық терминді қара­пайым оқырмандар түсінбей қалуы да мүмкін. Сондықтан оның мәні мен мағы­насын айтып берсеңіз екен, дедік біз Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ғиззатолла Лямовке. Мұның мәнісі бірқатар жағдайларда отбасын құрған жас отбасылардың арасында екі-үш жылға дейін бала болмайды. Осындай жағдайда ерлі-зайыптылардың арасында сәбидің пайда болуына бүгінгі генетикалық медицина көмекке келе алады. Оны экс­тра­корпоралдық ұрықтандыру деп атайды.

Сөзімізді одан әрі жалғасақ Қазақстан бұдан екі жыл бұрын кеңестік кеңістікте алғашқы рет балаларды пневмококтық инфекцияға, яғни олардың өкпесінде пайда болатын микробтар мен бактерияларға қарсы егуге кірісті. Бұл іс бүгінде Батыс Қазақстан облысында да басталып кетті.

Адамдардың ғұмыр жасын ұзартуға кері әсерін тигізетін факторлардың бірі – туберкулезден болатын ауру-сырқаулар және осы дерттің салдарынан о дүниеге аттанатындар екенімен еріксіз келісуге тура келеді. Жасыратын ештеңесі жоқ. Бұған дейінгі жылдарда Батыс Қазақстан бұл мәселеде республикада алдыңғы орындардың бірін иеленіп келді. Әйтсе де соңғы кезде өңірде аталған әлеуметтік дертті ауыздықтау үшін жан-жақты шаралар жүргізілді. Оның нәтижесі де тәп-тәуір. Атап айтқанда, өткен жылы 2007 жылғы кезеңмен салыстырғанда туберкулезбен сырқаттанушылықты 52 пайызға азайтуға қол жеткізілді. Осы аралықта аталған ауру салдарынан болатын өлім үш есеге азайды.

Сондай-ақ, облыста қан айналымы жүйелерінде орын алатын аурулардың алдын алу және емдеу ісі де жақсы нәтиже бере бастады. Осындай оң пікірді онкологиялық сипаттағы дерттерге қатысты айтуға да әбден болады. Сөз жоқ, денсаулық сақтау саласын дамыту ісіндегі мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы – бірінші кезекте оны қаржы­ландыру деңгейіне байланыс ты. Біз­дің қолымыздағы деректер саланы қар­жы­ландыру әр жыл сайын өсіп келе жатқанын көрсетеді. Соңғы бес жылдың ішінде оның көлемі бір жарым есеге дейін ұлғайған. Бүгінде тұрғындарға бірінші кезекте қажетті қызметтің түрі тегін медициналық кепілдік көмек болып табылады. Егер дәл осы мәселеде қаржы тапшылығы кездесетін болса – бұл сөз жоқ оның тиімділігін төмендетеді. Әрі тұрғындардың орынды өкпе-ренішін туғызады. Сондықтан да өңірде бұл мәселеге жергілікті атқарушы органдар мен облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы тарапынан жеткілікті түрде мән берілуде. Осы мақсатқа жұмсалған қаражат мөлшерінің соңғы бес жыл ішінде екі есеге дейін ұлғайғаны осы пікіріміздің дәлелі.

Республикада бүгінгі күні азамат­тардың орташа ғұмыр жасын ұлғайтудың басты жолдарының бірі – ұлттық скринингтік бағдарламаны енгізу болып отыр. Бұл бағдарлама неғұрлым көп таралған әлеуметтік маңызы жоғары ауру­ларды ерте бастан анықтауға әрі алдын алуға бағытталған. Жыл сайын оған енгізілетін аурулар тізбегінің өсіп келе жатқаны да тиісті зерттеулердің тереңдей түскенінен хабар береді. Бұл іс Батыс Қазақстан облысында да жүйелі жүргізілуде. Мұнда әсіресе қан айналымы жүйесі, қант диабеті, глаукома және жатыр мойыны ісік алды сонымен бірге қатерді жаңа өспелерге қарсы тексерулер жақсы нәтиже беруде. Сүт безінің қатерлі ісігі және ісік алды ауруларды анықтауда да оң нәтижелер жеткілікті.

Тағы бір айтарымыз Орал өңірінде кардиология мен кардиохирургиялық қызмет өрісі жыл сайын ұлғая түсуде. Оған бүгінгі заманғы озық технологиялар енгізіліп жүрекке осы қондырғылардың көмегімен оталар жасалуда. Биыл облыстық клиникалық аурухананың базасы негізінде ауыр деңгейде жүрек талмасын алған науқастарды емдеу үшін арнайы орталық ашу белгіленген. Бұл кешен халықаралық стандарттарға сәйкес халыққа қызмет көрсетеді деп күтілуде.

Бұдан үш жыл бұрын республикада ұлттық бірыңғай денсаулық сақ­тау жүйесі енгізіліп осыған орай ем­делудің жаңа бағыттары белгіленді. Бұл тәсіл біріншіден, емделушінің еркі мен таңдауын білдіруіне жол ашады. Жаңа ұлттық жүйе жағдайында сапалы стационарлық көмекке деген сұраныс деңгейі өсе түседі. Тағы бір ерекшелігі, оған сұраныс көп бола тұрса да аталған қызметтің қолжетімділігіне нұқсан кел­меуі керек. Өңірде жасалған талдаулар мен деректер тұрғындар стационарды таңдау құқығын пайдалануға көбірек ден қойып отырғанын айғақтайды. Сонымен бірге ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі жағдайында ресурстар мен мүмкіндіктерді барынша тиімді түрде пайдалануға жол ашылады. Мысалы, аталған жүйе енгізілген кезден бері облыста 211 кереует қысқартылған. Нау­қас­тардың мұқтажына сәйкес 493 кереуеттің бейіні қайтадан өзгертілген. Түйіп айтқанда, өңірде күндізгі емдеу орындарына келген адамдардың саны бір жарым есеге дейін ұлғайған. Бұл бүгінгі жүйе мен өмір талабы екені анық.

Денсаулық сақтау саласы қай мемлекетте болсын ең біріншіден бюджеттік қаражаттарға арқа сүйейді. Қазіргі таңда осы салмақ пен жүктемені азайту жолдары белгіленбесе, экономикасы мықты, бюджет қоржыны тоқ делінген мемлекеттің өзіндегі қаражат түптің-түбінде тапшылық етер еді. Ал медициналық қызметтің сапасын жақ­сарту мәселесі үнемі алға қойылып отырған кезде, қаржы тапшылығына жол беруге мүлдем болмайтыны анық.

Сондықтан да елімізде мемлекет-жеке меншік серіктестігін енгізу мен дамыту бүгінгі басты бағыттардың бірі­не айналып келеді. Осы тұрғыда Ден­саулық сақтау министрлігінде ұзақ жыл­дарға арналған салалық стратегияны қабылдауға қам жасалып жатқаны да бүгінгі күннің қаржылық сұранысынан туындайды.

– Осы стратегияға сәйкес аймақта үш жақты меморандум негізінде мемлекет-жеке меншік серіктестігі жүзеге асырылуда.Оның басты қатысушылары облыс әкімі, облыстық клиникалық аурухана және «ДиаМетТехник» ЖШС, деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Хамидолла Ирменов. Осы үш жақты өзара келісім негізінде облыс орталығында биыл гемодиализ орталығы ашылып қызметке кірісті. Екі ауысымда 96 адамға қызмет жасай алатын орталықта 24 диализ орны бар.

Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі мейлінше кең әрі кешенді ұғым. Оның тармақтары бір бірімен тығыз байланысты. Бұдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысының бастамасымен жүйеде көлік медицинасын дамыту үшін жаңа бағыт белгіленді. Осы бастамаға шұғыл үн қосқан өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан. Қазір мұнда жылжымалы медициналық кешендер жұмыс жасайды. Сонымен бірге таяуда Ресеймен және көршілес облыстармен шек