06 Тамыз, 2013

Билік халыққа қызмет етуі тиіс

416 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Нағыз іскер де лайықты кандидаттар таңдалды

Ауыл әкімдерін сайлау Оңтүстіктен бастау алды. Бұл, әрине, қай жаңалықты да жатырқамай қабылдайтын Оңтүстік жұртына үлкен жауапкершілік пен сенім жүктегені анық. Сөйтіп, кеше Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауыл округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудандық, қалалық мәслихат депутаттары әкім сайлауы бойынша өз таңдауларын жасады. Біз соның ішінде Қазығұрт және Төле би аудандарындағы сайлаудың барысымен танысып қайтқан едік.

 

Нағыз іскер де лайықты кандидаттар таңдалды

Ауыл әкімдерін сайлау Оңтүстіктен бастау алды. Бұл, әрине, қай жаңалықты да жатырқамай қабылдайтын Оңтүстік жұртына үлкен жауапкершілік пен сенім жүктегені анық. Сөйтіп, кеше Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауыл округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудандық, қалалық мәслихат депутаттары әкім сайлауы бойынша өз таңдауларын жасады. Біз соның ішінде Қазығұрт және Төле би аудандарындағы сайлаудың барысымен танысып қайтқан едік.

Бірден айту керек, халық қалаулыларының осынау саяси науқанға белсене қатысуға аса ықыласты екендіктері жайдары жүздерінен де, қимылдарынан да байқалып тұр­ды. Содан болар, қазы­ғұрттық және төлебилік халық қалаулылары бұл іс­ке өте жауапкершілікпен қа­рапты. Екі ауданның да депутаттары түгел қатысып, өз таңдауларын жасады. Қазығұрт аудандық мәс­ли­ха­тында 16 депутат бар екен.

Алдымен сайлау тәртібі, ережесі түсіндірілгеннен кейін депутаттар бұл шешуші сәтке құлшына кірісті. «Бұл сайлау әрине, ауыл әкімдерінің жұмысына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Әрі бізге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз өз таңдауымызды жасау арқылы халықтың үлкен аманатын арқалап отырмыз. Сондықтан нағыз іскер, жігерлі, жұмыстың, жалпы ауылдың мәселесін жақсы білетін үміткерлерді таңдадық. Бұған дейін ауылдарды аралап, әрбір үміткермен жеке-жеке танысып, қолынан қаншалықты іс келетінін бағамдаған болатынбыз. Барлық үміткерлер ауыл тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасымен таныстырған. Сондықтан бұл жерге депутаттар таңдауын іштей бекітіп, нақты шешіммен келгені анық», деді Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Қадыров.

Қазығұрт аудандық сайлау комис­­сиясының төрағасы Сейдулла Сеңгір­баевтың бізге берген мәліметіне қара­ғанда, ауданда барлығы 13 ауылдық округ бар екен. Осы округтер бойынша 31 үміткер тіркеліпті. Олардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының ойдағыдай жүруі үшін барлық жағдай жасалған. Ал аудандық мәслихаттың хатшысы Мұхтар Момынов: «Біздің мәслихат көппартиялы болып есептеледі. 16 депутаттың біреуі «Ақ жол» партиясының, тағы біреуі «ЖСДП»-ның мүшелері. Үміткерлердің бәрі іскер, мемлекеттік қызметте ысылған, тәжірибелі жандар. Әйтсе де сайлаудың өз бәсі, өз тәртібі бар. Депутаттар нағыз лайықты, бұл қызметтің жауапкершілігін терең сезінетін кандидаттарды таңдады деп ойлаймын» деп ағынан жарылды.

Төлеби ауданында 14 ауылдық округ пен 1 қала әкімінің сайлауы бойынша 17 депутат дауыс берді. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Өмірзақ Байболатов жариялаған сайлау қорытындысына қарағанда, бұл дода өте тартысты өткені байқалады. Мысалы, Ақжар, Аққұм, Қасқасу, Қаратөбе, Кемеқалған, Киелітас ауылдық округтері мен Ленгір қаласы бойынша депутаттардың дауысы екіге бөлініп, қарсы жақ тек бір-екі дауыспен ғана жеңіске жеткені мәлім болды.

«Сайлау жұмысы өте жақсы ұйым­дастырылған және бәрі заң шеңберінде өтуде, – деді бізбен әңгімесінде Әкім­дер­дің сайлауын бақылау жөніндегі рес­публикалық қоғамдық комиссияның мүшесі, Қазақстанның гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті Есенжол Алияров. – Ашық сайлау өтіп жатыр. Әрине, аудандағы халық қалаулылары кімге дауыс беру мәселесінде өз сайлаушыларымен ақылдасып, кеңесіп алғаны ақиқат. Яғни, депутаттар халықтың сенімді өкілі болғандықтан бұл істе елдің де таңдауы жатыр деген сөз. Бұл сайлау демократияны дамытуға бағытталған сенімді қадам, үлкен істің бастамасы деп айтуға болады. Болашақта әкімдерді тікелей халықтың өзі сайлайтын күнге де жетерміз. Біз бұл саяси науқанды алдағы уақытта талдаймыз, талқылаймыз. Кеткен кемшіліктерге көз жеткізіп, бұл доданың механизмдерін жетілдіре түсеміз. Ендігі бір міндет – сайланған ауыл, қала әкімдерін өз сайлау­шылары, яғни, депутаттар алдында есеп беруін дәстүрге енгізу қажет».

Оңтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Торғауытовтың мәліметіне қарағанда, бұл күні аймақта барлығы 172 ауылдық округтің әкімі және 5 елді мекен, 8 поселке, 4 қаланың әкімі, жалпы алғанда, 189 әкім сайланды. Алғашында бұл додаға өңірден 567 үміткер ұсынылғанымен, нәтижесінде 421 үміткер тіркеліпті. Орта есеппен бір орынға 2,2 үміткерден келген. Облыс бойынша 4 әйел әкім болып сайланды. Бір қызығы, заңды жақсы түсінбегендіктен болар Ордабасы, Сарыағаш аудандарында өзін-өзі ұсынған үміткерлер де кездесіпті. «Аудандық, қалалық сайлау комиссиялары бұл іске өте тыңғылықты дайындалғандықтан, сайлау айқай-шусыз, ұйымшылдықпен өтті. Ең бастысы, ешқандай арыз-шағым, көңіл толмаушылық жоқ», деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.

Иә, ауыл жұртының аманаты мен сенімін арқалаған халық қалаулылары өз таңдауларын жасады. Бұл сайлау ауыл, қала әкімдеріне үлкен мүмкіндік беріп, жауапкершілік жүктеп, беделін бір көтеріп тастағаны анық. Ендеше, іске сәт!

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Суреттерді түсірген Жайық ОРМАН.

 

Басты ерекшелік – сайлаудың ауқымды көлемде өткізілетіндігінде

 

Кеше Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін сайлау бойынша таңдаушылардың отырыстары Оңтүстік Қазақстан облысында өтті. Бүгін, сондай-ақ, еліміздің бірқатар облыстарында әкімдер сайлауы жалғасын табады. Осыған орай, біз Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовпен әңгімелескен едік.

– Бақыт Сәрсенбайұлы, бұл сай­лаудың ерекшеліктері неде?

– Сайлау науқаны тұтастай сайлау тағайындалғаннан бастап, оның қорытындылары анықталғанға дейін әрбір өңірде бір ай мерзім ішінде өтті. Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге 1 316 мүшесі бар 14 облыстық, 28 қала­лық және 160 аудандық аумақтық сайлау комиссиялары қатысуда.

Ел бойынша барлығы 2457 әкім сайланады. Олардың 47-сі аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері, 2101-і ауыл­дық округтің әкімдері, 119-ы кент­тер әкімдері және 190-ы ауыл әкім­дері. Бұл ел бойынша барлық әкім­дер­­дің жалпы санының 91,5 пайызын құ­­райды. Мұндай ауқымды әкімдер сай­лауы біздің елімізде бірінші рет өткізіліп отыр, оның басты ерекшелігі де осында.

Сайлау науқаны өңірлік мәртебеге ие болғандықтан, ол жергілікті бюджеттер қаражатынан қаржыландырылды. Бұл да оның маңызды ерекшелігі бо­лып табылады. Осыған дейін айтқа­ны­мыздай, дауыс беру жалпы рес­пуб­лика бойынша бір күннің ішінде өт­кізілмейді. Нақты өңірлерде аудандық (қалалық) сайлау комиссиялары осы сайлауды ұйымдастырып, сайлау қорытындыларын шығаратын болады. Сондықтан Ортсайлауком ел бойынша әкімдер сайлауының жалпы қорытындыларын барлық өңірлердегі дауыс беру аяқталғаннан кейін ғана жария ете алады.

Таңдаушылардың келесі отырыс­тары Атырау облысында – 6 тамызда, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 7 тамызда, Шығыс Қазақстан облысында – 7 және 8 тамызда, Батыс Қазақстан облысында – 7 және 9 тамызда, Ақмола және Қарағанды облыстарында – 8 тамызда, Жамбыл облысында – 9 тамызда өтетін болады.

– Округ, ауыл немесе кент әкімі лауазымына кандидаттарды іріктеу қалай өтті?

– Әкімдікке кандидаттарды аудан (қала) әкімі балама негізде (яғни ұсынылған кандидатуралар саны екеу­ден кем болмауға тиіс) жергілікті қоғам­дастықпен өткізген консультация­лардан кейін ұсынды. Аталған консультациялар аудан (қала) әкімінің тікелей ауылдарда, кенттерде және қалаларда халықпен тікелей жеке кездесулері нысанында өткізілгендігі халықтың әкімдікке кандидаттарды ұсынуға нақты қатысуын қамтамасыз етті.

Қазақстан Республикасы Консти­ту­ция­сының 33-бабына сәйкес белсен­ді сайлау құқығына ие, 25 жасқа тол­ған «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын­да қойылған талаптарға сәйкес келе­тін, жоғары білімі бар және тиіс­ті облыстың аумағынд