06 Тамыз, 2013

Өңірлер тынысымен танысты

294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Серік Ақылбай мен Юрий Кубайчук Қарағанды қа­ласының бірқатар мекеме­ле­рінде болып, жұмыс орындары­ның ұжымдарымен кездесулер өткізді.

Сенаторлар медициналық мақ­саттағы өнімдерді, дәрілерді сақтауға қызмет ететін Орталық Қазақстандағы ең ірі кәсібиленген логистикалық кешен болып табылатын «Ригер» ЖШС жұмысымен танысты. Кешен GMP халықаралық сапа медициналық стандартына лайықталған мамандандырылған қызмет көрсетуге негізделген жаңа құралдармен жабдықталған. Мекеме «Бизнес-2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде дүниеге келген.

Депутаттар мекеме басшы­лы­ғымен және қызметкер­лері­мен кездесуі барысында дәрі өндірісі саласын дамытудың өзек­ті мәселелері, дәрі-дәрмекті талапқа сай жеткізу процесін же­тілдіру, мекемені одан әрі­ де техникалық жабдықтау және оның ішінде Үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағ­дарламасын негізге ала отырып дамыту сияқты мәселелер талқыланды.

Сенаторлар, сондай-ақ түр­киялық «Борусан» холдингіне кіретін «Борусан Макина Қазақстан» компаниясында да болды. Мекеме қазақстандық нарықта «Caterpillar» фирмасының құрал-жабдықтары мен техникасын әкеледі және оларға сервистік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

Қарағанды.

***

Жуырда сенатор Жабал Ерғалиев Ақмола облысының Шортанды ауданында елімізде ашық аспан астындағы егістік алқабында тұңғыш рет өткізілген «Қазақстан егін алқабы: «Жаңа дала-2013» мамандандырылған көрменің ашылу салтанатына қатысты.

Ауыл шаруашылығы техникасы мен минералды тыңайтқыштар мен өсімдік зиянкестеріне қарсы қолданылатын түрлі химиялық дәрілер шығаратын әлемнің ең үздік өндірісшілері қазір Қазақстан рыногын игеруге ынталы болып отыр. Соның бір айғағындай, осы көрмеге қойылған техникалардың біразы қазір ауыл шаруашылығы өндірісінде пайдаланылып та жүр.

– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың ауыл шаруашылығын дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге зор қамқорлық жасауының нәтижесінде Қазақ­станның аграрлық саласы сапалық жағынан үлкен өзгерістерге ұшырады. Ауыл шаруашылығына жаңа техника мен жаңа технология келіп те жатыр. Мемлекет тарапынан аграрлық салаға жыл сайын инвестициялық үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Бұрын көрмеген мынадай жаңа да ғажайып техника ауылдарымыздағы адамдардың қолына тиер болса, олардың өз істеріне деген ынтасы арта түсері сөзсіз, – деді сенатор.

Ақмола облысы

***

Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім Семейде қала мектебі жанындағы лагерлер жұмысымен танысты. «Радуга» балалар лагерінің өмірін көзімен көріп, ұжыммен кездесіп, балалармен сұхбаттасқан сенатор жазғы демалыс­ты жайлы ұйымдастырған жергілікті биліктің жұмысына ризашылығын білдірді.

«Мемлекетіміз балаларға, әсіресе, әлеуметтік қолдауға зәру жеткіншектерге жан-жақты қамқорлық жасап отыр. Еліміз Тәуелсіздігін алып, экономикасы дамып, бақуаттанған соң қала маңындағы лагерлерді қайта жандандырды. Өркениетке ұмтылған, білім мен еңбекке талпынған бүгінгі талантты да талапты балалар – біздің болашағымыз», деді сенатор.

Сондай-ақ, Ғарифолла Есім       «Балалар лагерлерде тек демалып қана қоймайды, олар өзгеге қол ұшын бере алатын бауырмалдыққа, көпшілдікке және қайсарлыққа үйренеді, елге, жерге, Отанға деген патриоттық сезімі жетіле түседі», деп атап өтті.

Семей.