06 Тамыз, 2013

Тұлғаны танып болдық па?

499 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алыстан орыс, қытай ауыр салмақ,

Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.

Артында-ор, алдында-көр, жан-жағы-жау,

Дағдарған алаш енді қайда бармақ?, – деп Мағжан жырлағандай, сананы сансыратқан ауыр нәубет тұсында үш жүздің басын қосқан ұлы ханның маңайына жұдырықтай топтасып, сенімді серігіне айналған, ел, жер үшін жанын шүберекке түйген хас батырлар, от тілді, орақ ауызды шешен-билер, күміс көмей жыраулар көп болған. Солардың арасында есімдері көп атала қоймайтын, елеусіздеу қалып келе жатқан тарихи тұлғалар қатарына Құлеке Тәңірбердіұлы мен Құлсары Бөріұлын жатқызуға болады. Бұл екеуі ержүректілігімен, ақылдылығымен, қайраткерлігімен аты шыққан, ел алдында зор құрметке бөленген. Суырыпсалма Шал ақынның әкесі Құлеке жөнінде әредік болса да жазылып жүргендіктен, бүгінгі ұрпақ жете біле бермейтін Құлсары бабамыздың өмірі мен қоғамдық қызметін, тарихтағы орнын сөз етпекпіз.

 

Алдымен атығай руының Құ­дай­берді әулетінен тарайтын Құл­сары батыр қай жылы туып, қай жылы қайтыс болды деген тақырып төңірегінде әңгіме қозғайық. «Генерал-майор Антон Данилович Сколон мырзаның шекара кеңсесіне қырғыздың иесі Абылайдың 1776 жылы 25 қазан күні келген хаты» деген құжатта былай жазылған: «...Сізге таныс қырғыз старшыны Құлсары батыр жасы келгендіктен және қатты ауру меңдегендіктен дүниеден өтті. Ол Ресейдің ұлы императорына берген антын адал орындады». /Омбы мұрағаты,1- жазба, 201-іс, 346-бет./

Демек, 1776 жылы бақилық болғаны еш талас тудырмайды. Бұдан кейінгі мұрағат құжаттарында оның есімі кездеспейді. Құлсары Құлекені аға тұтқан. «Ресей сыртқы істер алқасының жарлығы. 18.07.1760» атты құжатта «Құлсары батыр өзіне жылдық жалақы таға­йындалса, Ресей пайдасына қыз­мет етуге дайын, бірақ өзін қар­тайып қалған Құлеке батырмен теңестірмеуді сұрайды», делінген. («Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ веках», 607-бет.)

1756-1757 жылдары Қытай әскері Жоңғар мемлекетін талқан­дап, қазақ шекарасына қатты қауіп төндіреді. Ол жөнінде белгілі тарихшылар Р.Сүлейменов пен З.Моисеев: «Положение становилось критическим. Повстанческие отряды в Джунгарии были окончательно разгромлены карательными отрядами, население поголовно вырезено. Многие султаны и старшины откочевали вместе со своими улусами под защиту русских крепостей. Несмотря на это, Абылаю, Кулсары и Кулеке батырам удалось собрать шеститысячное ополчение и в первых числах июня 1757 года выступить в поход», деп жазған. («Абылайхан: внешняя и внутренная политика» кітабы, 1988,72-бет.) Осы деректен-ақ ат үстінде жаугершілік өмір кешкен жампоз ердің батыл мінезін, қайтпас қайсарлығын тануға болады.

Ресей патшалығы қазақтардың Қытаймен бейбіт келісімге келуі­нен секем алып, жақындасып кете ме деген қауіппен Құлсары секілді беделді старшындарды өз мүдделеріне пайдалануға ұмтылып отырған. Жақсы жағдай жасау арқылы аузын алуға, тілін табуға тырысқан.

Құлсары бабамыз қазақтардың қалмақтармен, қытайлармен соғыс­қан кезеңінде ел ішіндегі билік­пен қоса қол бастаған дарынды әскербасшы ретінде көзге ерекше түскен. «1757 жылы 30 қараша. Железин бекінісінен түскен рапорт: Біз Абылай сұлтанның әскеріміз, басшымыз – Қожаберген. Бір мың түндікпен Ертісті жоғары бойлап көшіп барамыз. Бұл жерде екі күн тұрамыз да одан әрі Құлсары батыр­дың әскеріне қосыламыз. Оның он мың әскері бар. Ертістің жо­ғары ағысында тұр.» (Омбы архи­ві. 1-қор, 1-тізбе,18-іс, 65-бет.) Елі­міз­ді, жерімізді сыртқы жаудан қор­ғау­ға саналы ғұмырын сарп еткен ер бабамыз жарғақ құлағы жастыққа ти­генше ел тыныштығын ойлаған.

Құлсары Бөріұлының ерекше тоқталатын тағы бір қыры–мәмі­легерлік саясаткерлігі. Оның елшілік миссиясын абыроймен атқарып, Ресей, Цинь империяларына талай рет жолы түскенін айғақтайтын құжаттар баршылық. Екі тараптағы саяси, әскери қарым-қатынастарды ретке келтіріп, қазақ елі үшін зор еңбек сіңірген. Абылай хан оның саясаткерлігін жоғары бағалап, қысылтаяң тұстарда ең жауапты жұмыстарға жұмсап отырған. Жоңғар шапқыншылығы аяқталғаннан кейін ел іші бірден тынышталып кете қойған жоқ. Абылай қантөгістен әбден қалжыраған халықты аман сақтау үшін шекаралас аймақтармен ұтымды бейбіт саясат ұстанды. Осы ретте беделді адамдар арадағы дау-жанжалдарды шешуге үлкен қажыр-қайрат жұмсады. Қазақтарға тұрақты қо­ныс, мал-жанға баспана қажеттіг ін айтып, Ресейге батыл ұсыныс біл­ді­ріп, сөзін өткізушілердің бірі–Құл­­сары. Осыған орай ұлықтар оның пікірлерімен санасып, жайы­лым, үй, қора-қопсы салуға жер бөл­ген. Өзі бас болып қазақ жұртын көш­пенділіктен отырықшылыққа қоныс­тандыруға үлгі-өнеге көрсет­кен.

Абылай оны өз атынан көрші елдерге елшілікке аттандырып, саяси мәні бар ресми күрделі істерді шешуді жүктеп отырған. 1753 жылы Жоңғар шапқыншылығына қарсы көмек сұрауға Троицк қаласына жіберген. 1760 жылы 16 шілдеде жазылған Ресей сыртқы істер алқасының жарлығынан үзінді: «Қазақтар Құлсары батырдың айтқанынан шықпайды. Оның дәлелі–былтырғы 1761 жылы Абылай сұлтан Орта жүзден Жоңғар еліне көшпек болып, оны басқа ел ағалары қолдағанда, олардың бұл ниетін Құлсары мен Құлеке тежеп, тоқтатқан болатын. Абылай сұлтанның Жоңғар жерлеріне көшу жөніндегі райынан қайтып, бұрынғы мекендерінде қалғанын көріп, маңайдағы басқа ұлыстар тынышталды». Осыдан-ақ ішкі-сыртқы жағдайларды жетік білетіні, қазақтардың Қытайдан гөрі Ресейге іш тартқанын қалағаны анық аңғарылады. Оның патша ұлықтары алдындағы зор беделіне мына дерек жақсы дәлел бола алады. 1759 жылы 22 желтоқсанда әулие Петр бекінісінде далалықтармен сау­да-саттық жасау туралы патша жар­лы­ғының шығуына байланыс­ты Сібір корпусының командирі Құл­сарыға: «Сіздің қырғыз-қайсақ халқыңыздың игілігі үшін әулие Петр бекінісінде сауда-саттық жүр­гі­зуге нұсқау беріл­ді. Бұл ретте орыс көпестеріне осы бекініске тауарларын, ұн, жарма жеткізуге бұйрық шы­ғарылды», деген мағынада хат жолдауына қарағанда, онымен сана­суға, келісімге келуге мәжбүр бол­ған сыңайлы. Ресей шекара приказда­ры­мен, шекара комиссиясымен жа­зыс­қан қатынас қағаздардан, ресми құжаттардан Құлсары батырға қа­­тысты құнды мағлұматтар алуға болады.

Бабамыздың әулиелік, емшілік, көріпкелдік ғажайып қасиеттері жайлы жұртшылық көп біле бермейді. Ол түсінікті де. Бертінге дейін небір құндылықтарымыз өткеннің сарқыншағы ретінде әспет­теліп, тыйым салынып келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғой, өлге­німіз тіріліп, өшкеніміз жан­ғандай күй кешіп жатқанымыз. Жал­ғызтау өңірі – әулие-батыр­лардың пантеоны іспеттес. Бұл жерде бес әулие жерленген. Бір жағы шоқ-шоқ қайыңдарға ұласатын, екінші беткейі жазық далаға жалғасқан биік жотаның ұшар басында мұсылмандар зираты бар. Кеңестік заманның өзінде адамдар алыс-жақын елді мекендерден шұбап келіп, аруақтарға тәу ететін, дұға бағыштайтын. Төбе ел арасында «Әулие» деп аталатын. Кейін осы қорымның Құлсарынікі екенін көнекөз қариялар дәйектеп берді. Өзінің өсиетімен осы жерге жерленіпті. Ақиқаттан гөрі аңызға бергісіз әңгімелер десек, «Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ вв.» атты кітапта: «Кулсары пользовался особенным уважением всех киргизцев и самого Абылая, киргизы считали его за святого, аулие», деп тайға таңба басқандай жазылған. Осы ғылыми еңбекте бабамызға қатысты 30-ға жуық құжат кездессе, «ясновидец», «предсказатель», «лекарь» деген теңеулер аз ұшыраспайды. Шал ақынның: «Әулиені айтсаң, Құлсарыны айт, Батырды айтсаң, Құлекені айт», деп жырлауы тегін болмаса керек.

«Өлі риза болмай, тірі байы­май­ды», деген. Соңғы жылдары әрі батыр, әрі дипломат, әрі әулие бабамызды ұлықтау жолын­да көп шаралар атқарылды. Мақалалар жарияланып, бірнеше жинақ шығарылды. Солардың ішінде ерекше атап өтетіні, белгілі кәсіпкер Берік Мұқышев жетекшілік ететін «Құлсары» қайырымдылық қо­рының ұйытқы болуымен, тілеу­лес азаматтардың атсалысуымен Ақтаудың мәрмәр тасынан мазар­дың тұрғызылуы, қонақ үйдің бой кө­теруі, жолдарға қиыршық тас төселіп, қалыпқа келтірілуі дер едік. Десек те, Құлсары бабамыздың ұйым­дастырушылық, қолбасылық, мәмі­легерлік зор еңбегі лайықты баға­сын әлі ала қойған жоқ. Тұлғаны то­лыққанды тану өңірлік шаралар­мен ғана шектеліп жүр. Осы тұрғы­дан алғанда, мемлекеттік, қоғам­дық қайраткерлігі еліміздің өзге өңірлеріне де кеңінен насихатталып, есімін ардақтауға рес­публи­ка­лық тиісті ведомостволар көңіл аударғаны дұрыс болар еді.

Мағжан РАХЫМОВ,

Социал ЖҰМАБАЕВ.

Солтүстік Қазақстан облысы.