06 Тамыз, 2013

Шарайна

240 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мерзімін 10 тамызға дейін ұзартты

Америка Құрама Штаттары өздерінің шетелдердегі 19 елшілігінің жұмысын уақытша тоқтату мерзімін 10 тамызға дейін ұзартты. Бұл жөнінде «Рейтер» агенттігі АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Мерзімін 10 тамызға дейін ұзартты

Америка Құрама Штаттары өздерінің шетелдердегі 19 елшілігінің жұмысын уақытша тоқтату мерзімін 10 тамызға дейін ұзартты. Бұл жөнінде «Рейтер» агенттігі АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Осыған байланысты 10 тамызға дейін АҚШ-тың Иордания, БАӘ, Египет, Сауд Арабиясы, Катар, Кувейт, Бахрейн, Оман, Йемен, Судан, Ливия, Бурунди, Джибути, Раунд, сондай-ақ Мадагаскар мен Маврикадағы елшіліктері мен консулдықтары жұмыс істемейді. Бұған дейін жұмысы уақытша тоқтатылған АҚШ-тың Бангладеш, Алжир, Мавритания, Ауғанстан және Ирактағы елшіліктері кеше қайта ашылды. Елшіліктер жұмысының уақытша тоқтатылуы «Аль-Каеда» ұйымының террорлық әрекеттер жөніндегі мәлімдемесіне байланысты болса керек.

 

Премьер-министрді өткізуден бас тартты

Египет бұқаралық ақпарат құралдарының хабар­лауынша, Түркия премьер-министрі Реджеп Ердоғанның тамыз айының басында Газа секторына жоспарланған сапары өзгертілді.

Ақпараттарға қарағанда, Египет билігі Т.Ердоғанды өз аумағында қабылдаудан бас тартқан. Түркия премьер-министрі Газа секторына тек Египет елінің аумағы арқылы ғана өте алады. Ердоғанның сапарының өзгертілгендігін қазірге Түркия да, Египет те, Палестина да ресми түрде нақтылаған жоқ. Атап өтейік, Түркия премьер-министрінің Газа секторына сапармен келуі жөніндегі алдын ала уағдаластыққа осы жылдың көктемінде қол жеткізілген еді. Сол кезде Египеттің президенті Мохаммед Мурси болатын.

 

Ел астанасында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Пәкстан астанасы – Исламабадта террорлық қауіп-қатер мүмкіндігінің жоғары деңгейі жарияланды. Ел үкіметіндегі лауазымды тұлғаның айтуынша, бұған пәкстандық арнайы қызмет органдарының терроршылар тарапынан шабуылдар дайындалып жатқан­дығы туралы ақпараттар алғандығы себеп болған.

Бүгінде Исламабадта армия бөлімшелері мен полиция қатаң режімге көшірілді. Қала үстін, тау сілемдерін әскери ұшақтар бақылауға алған, Исламабад маңайын әскерилер күзетуде. Әсіресе, министрліктер мен мемлекеттік мекемелер орналасқан, сондай-ақ әскери нысандар ерекше қорғауға алынған.

 

335 адамды «нон грат» деп жариялады

Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі Таулы Қарабаққа барғаны үшін «нон грат» деп жарияланған тұлғалардың тізімін таратты. Министрлік баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тізімге 335 адам еніп отыр.

Олардың арасында Ресейдің Армениядағы бұрынғы елшісі В.Ступишин, Ресейдің саяси және әскери талдау институтының бө­лім бастығы С.Маркедонов, сондай-ақ Ресей Мемлекеттік дума­­­сы­ның 14 депутаты бар. Бұлардан бөлек тізімге британдық лордтар палатасының бұрынғы вице-спикері баронесса Кэролайн Кокс, итальян­дық әнші Аль Бано, испандық әнші Монсеррат Кабалье, әнші Филипп Киркоровтың әкесі – Бедрос Киркоров, сонымен қа­­­­тар, Еуропарламенттің, Франция, Ұлыбритания, Швейцария және Уругвай парламенттерінің бірқатар депутаттары кіргізілген көрінеді.

 

Президенттік сайлауда Мугабе жеңіске жетті

Зимбабведе өткен президенттік сайлауда 89 жастағы Роберт Мугабе жеңіске жетті. «Франс-пресс» агенттігінің хабарлауынша, Мугабеге сайлаушы­­лардың 61 пайызы дауыс берген. Оның ең басты бәсекелесі, елдің премьер-министрі Морган Тсвангираиды сайлаушылардың 34 пайызы қолдаған.

Жақында елдің орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлау­мен қатар өткен парламенттік сайлаудың да нәтижесін шығарды. Онда Мугабе жетекшілік ететін «Зимбабве африкалық ұлттық одағы» партиясы жеңіске жетіп, парламенттегі 210 орынның 142-сін алды. Енді президенттік партияның ел конституциясына өзгерістер енгізуіне мүмкіндіктері бар. Роберт Мугабе елді 33 жылдан бері басқарып келеді.

 

Сөйлейтін роботы бар аппаратты ғарышқа ұшырды

Жапония өздерінің НТV4 ғарыштық жүк тасығышын жүктеріме н бірге, Халықаралық ғарыш стансасы үшін орбитаға шығарды. Ғарыштық аппаратты ұшыру Танегасима аралынан жергілікті уақыт бойынша сағат 4.48-де жүзеге асырылған.

Аппараттың бортында ауыз су, тамақ, киім және халықаралық ғарыш стансасы экипажына қажетті басқа да материалдар, сондай-ақ, сөйлейтін шағын робот бар. Роботтың бойы 30 сантиметрден астам, салмағы бір килоға жуық. Ол жапон тілінде сөйлей алады және ол стансадағы жапондық астронавт Коити Вакатамен бірге жерге оралатын көрінеді.

 

Қысқа қайырып айтқанда:

*Луизиана штатындағы Лоутелл қаласында химиялық заттар тиелген пойыз апаты салдарынан 100-ден астам үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге жеткізілді. Апат себептері анықталу үстінде.

*Солтүстіктен Корея басшылығы тасқын су басуына байланыс­ты жазғы әскери жаттығулар бағдарламасын қысқартуға мәжбүр болды. Оған қатысуға тиіс әскерилер тасқын салдарын жоюға жұмылдырылған.

*«Түркімен әуе жолдары» мемлекеттік авиакомпаниясының ұшақтары жалақыларын көбейтуді және еңбек жағдайларын жақсартуды талап етті. Компания басшылығы ұшқыштар талабын орындаудан бас тартып отыр.

*АҚШ-тың қорғаныс министрлігі теңіздегі қарулы күштерін едәуір қысқартпақ. Катардағы 11 авиатасымалдаушы кеменің 8-і немесе 9-ы қалады. Сонымен қатар, әскери теңіз күштеріндегі 10 мыңға жуық адам қысқартуға ұшырайтын көрінеді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.