Әлем • 29 Қаңтар, 2020

Гүлнара Каримованың Ұлыбританиядағы мүлкінің тізімі жарияланды

194 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Британ басылымдары Өзбекстанның бұрынғы Президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримоваға тиесілі Ұлыбританиядағы жылжымайтын мүліктердің тізімін жариялады. 

Гүлнара Каримованың Ұлыбританиядағы мүлкінің тізімі жарияланды

Бұл нысандардың бәрі тәркіленуі мүмкін. SFO (Serious Fraud Office) алаяқтықпен күрес жөніндегі бюро Гүлнара Каримованың мүлкі жайындағы мәліметті бастапқыда Gazette басылымына берген.

Әңгіме Суррей графтығындағы зәулім үй мен Лондонның қымбат ауданындағы жалпы құны 40 млн фунт стерлинг ($52 млн) тұратын екі пәтер жайында.

Суррей графтығындағы Gorse Hill Manor вилласын Каримова 2010 жылы 18 млн фунтқа (23,5 млн доллар) сатып алған. Қазір оның бағасы 30 млн фунт (39 млн доллар) тұрады. Үй маңында өзен бар, оның жанында 1912 жылы салынған серуен құратын мекен және 70 мың шаршы метр саябақ бар.

Лондондағы Мейфэр ауданында орналасқан пәтердің құны 8 млн фунт (10,4 млн доллар) тұрса, Белгравия ауданындағы пәтердің бағасы 2 млн фунтқа (2,6 млн доллар) барады.

8 қаңтарда Өзбекстанның Жоғарғы сотының баспасөз қызметі Ташкентте Каримова ісіне байланысты жаңа сот процесі басталғанын растады. Оның швейцарлық адвокаты Грегуар Манжа мен қызы Иман былтыр сот отырысының жабық өтетінін хабарлаған.

Бұл жолы Каримованы қылмыстық топ құрып, ақша бопсалаумен айналысты, бюджет ақшасын жымқырды және шетелдегі көлеңкелі табыс көзін заңдастырды деп айыптап жатыр.

2017 жылы әкесі Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Гүлнара Өзбекстанда салықтан жалтарды, мемлекет қаржысын ұрлады деген айыппен 10 жылға сотталған.