
«2050 жылға қарай Қазақстан өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
(«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»
атты Қазақстан халқына Жолдауынан).
Биылдан бастап Өскемен мен Шүлбі су электр стансаларына ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде
«2050 жылға қарай Қазақстан өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
(«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»
атты Қазақстан халқына Жолдауынан).
Биылдан бастап Өскемен мен Шүлбі су электр стансаларына ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Қазақстандағы AES компаниялар тобының қоғаммен байланыс қызметінің директоры Светлана Нищенконың айтуынша, алдағы уақытта 60 жылдық тарихы бар Өскемен ГЭС-інде жаңа инженерлік-тұрмыстық корпус құрылысы аяқталмақ. Аталған нысанның жалпы көлемі 800 шаршы метрді құрайды. Бұл – барлық қырынан қазіргі заман талаптарына сай әрі қызметкерлер еңбегін жақсартуға бағытталған ғимарат. Мәселен, инженерлік-тұрмыстық корпуста жұмыс кеңселерімен қатар 46 орынға арналған асхана, медпункт, мәжіліс залы, қауіпсіздік техникасын оқытуға арналған заманауи оқу сыныбы қарастырылған.
Биыл маусым айында Өскемен су электр стансасының №3 гидроқұрылғысын қайта құрылымдау жұмыстары басталды. Агрегат пайдалануға берілгенде оның қуаты 9 МВт-ға дейін артады деп күтілуде. Қазіргі кезде стансаның қолданыстағы жабдықтарын жаңарту бойынша іс-шараларды жүзеге асыру кезең-кезеңімен орындалып жатыр.
Жоспар бойынша 2015 жылы жаңғыртылған гидроқұрылғы пайдалануға берілуі тиіс. Жалпы, Шүлбі және Өскемен ГЭС-індегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру стансаның негізгі және қосалқы жабдықтарын, сондай-ақ еліміздің шығысындағы гидротехникалық құрылым кешендерінің қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған.
Шүлбі ГЭС-інде де қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2013 жылы маңызды жобалар қатарында жаңадан өрт қауіпсіздігі депосы құрылысының басталуы мен станса ғимаратының қасбетін жөндеу жұмыстарын айтуға болады.
«Өрт қауіпсіздігі туралы» Заңға сәйкес, энергетикалық нысандарда кез келген өртті жедел өшіруге арналған жеке өрттен қорғау қызметінің құрылуы талап етіледі. Шүлбі ГЭС-інде мұндай қызмет түрі бар, ал өрт қауіпсіздігі депосы өрттен қорғау қызметінің қызметкерлеріне қажетті жағдай жасайды.
12 мың шаршы метр аумақты құрайтын ғимараттың қасбетіне заманауи әрлеу және жылылау материалдары қолданылмақ. Нәтижесінде, Шүлбі стансасының машиналар залындағы жабдықтарға қолайлы температура белгілеуге мүмкіндік туады.
Компания өкілдерінің айтуынша, инвесторлар биыл аталған жобаларға 6 млрд. теңгеге жуық қаржы құяды.
Өскемен және Шүлбі су электр стансалары – Ертіс өзенінің бойындағы жасанды құлама суға салынған стансалардың бір бөлігіне жатады. 1939 жылы құрылысы басталған Өскемен ГЭС-і соғыс жылдарынан кейін қайта жалғасып, өзінің алғашқы электр қуатын 1952 жылы таратқан болатын. Ал Шүлбі ГЭС-і – еліміздегі ең жас стансалар сапында, 1987 жылдан бастап алғашқы электр қуатын өндіре бастады.
Думан АНАШ.
Шығыс Қазақстан облысы.