Алматыда Премьер-Министрдің тапсырмасымен және Алматы қаласы әкімінің бастамасымен Қазақстанның Кедендік одаққа енуіне байланысты туындаған мәселелерге арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиын жұмысына Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев, Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов қатысты. “ Дөңгелек үстел жұмысын кіріспе сөз сөйлеп ашқан Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Кедендік одаққа мүше болған Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің алдағы уақытта бірлесе атқаратын іс-шараларының маңыздылығына тоқталды.
Жиында алғаш сөз алған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова үш жақты Кеден одағын құрудағы ең басты мақсат және оның келешектегі тыныс-тіршілігі мен ауқымды жобалары жөнінде жан-жақты баяндап берді. Жаңадан құрылған Кеден одағы қазақстандық өндірісшілерге келешекте Ресей мен Беларусь мемлекеттері рыногына жол ашып, олардың мүмкіндіктерін молайтуға игі ықпал етпек. Кедендік одақ жұмысындағы атап айтарлық ең басты мәселе – Қазақстан, Ресей және Беларусь республикаларының қатысуымен құрылған Кедендік одақ аясындағы шешімдер алдағы уақытта үш мемлекет арасындағы консенсус жолымен ғана қабылданады.
Егер де одаққа мүше бір мемлекет кейбір мәселе бойынша өз келісімін білдірмесе, онда шешім мүлде шығарылмайды. Министр Жанар Айтжанованың айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандық экспорттың 80 пайызы шикізаттан тұрады. Соған орай шетелдік инвестицияның 80 пайызының шикізат секторының қайта өңдеу өндірісіне жіберілуі көп нәрседен хабар берсе керек. Сонымен қатар Кедендік одақ қызметіне қатысуда Қазақстанның негізгі әрі басты мүдделері де ескеріліп отыр. Кедендік одақты құру процесінің маңыздылығы – осы одаққа мүше мемлекеттердің экономикасына инвестициялар тартуға жағымды жағдай жасау, мемлекеттердің экономикалық әлеуетін ескере отырып, бірлескен кәсіпорындар құру болып табылатындығында. Инвесторлар біздің рынокқа келу-келмеу туралы шешім қабылдау кезінде, тек жекелеген Қазақстан рыногын ғана емес, осы жалпы Кедендік одаққа кіретін мемлекеттер мүдделерін де ескеретін болады деп есептейді сала басшысы. Қазақстан экономикасын әртараптандыру ең маңызды мақсат болып табылады. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, Ресейде сапа жөніндегі нормалар қатаңдатылған. Қазақстандық ет өнімдері бұл мемлекеттер рыногына әлі жол таба алмай отыр. Оның басты себебі Ресей ветеринарлық талаптарының біздің ет өнімдеріне сәйкес келмеуінен деп ұғыну қажет.
Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, сонымен қатар отандық өнімнің сапасын одан әрі жетілдіру бағытындағы қомақты іс-шараларға да кеңінен тоқталды. Мәселен, Ресей жыл сайын, анығырақ айтқанда, 560 мың тонна сиыр етін, 780 мың тонна тауық етін квота тетігі ретінде шетелдерден – АҚШ-тан, Аргентина, Бразилия және де басқа мемлекеттерден алып келіп отыр. Егерде “біздің еліміздегі ветеринарлық-санитарлық талаптар бір деңгейге келтірілсе, онда Ресей рыногына емін-еркін баруға болатындығын түсіндіріп жатудың қажеті жоқ сияқты”, дейді ол. Әлемде қазіргі күні 12 кедендік одақ құрылған. Олардың барлығы Бүкіләлемдік сауда ұйымында жұмыс жасап жатыр.
Министр сондай-ақ, Қазақстанның экспортқа бағытталған кәсіпорындары үшін отандық тауарлардың Еуропа елдеріне шығарылуы үшін Ресейдің көліктік-инфрақұрылымдық әлеуетінің қолданылу мүмкіндігі төңірегінде де сөз қозғады. Соған орай ол бүгінгі таңда Ресейдің темір жол өкілдіктерімен және мұнай-газ құбырлары өкілдіктерімен екі жақты келісімдер жүргізіліп жатқандығынан да көпшілікті хабардар еттті. Сонымен, осы келісімдердің барысында біздің еліміздің экспортқа бағытталып өндірілген өнімдеріне қатысты тарифтер төмендетілмек. Техникалық талаптардың, мәселен, ветеринарлық талаптардың бір деңгейге келтірілуі Қазақстан тауарларының жақын арада Ресей мен Беларусь рыногына шығуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сыртқы елдермен сауда саясатын бір деңгейде жүргізу және осы үш мемлекеттің арасындағы сауда-саясатын емін-еркін жүргізу үшін барлық жағдай жасау қажеттігі де министр назарынан тыс қалмады.
– Сондықтан да біздің сыртқы саясат және Ресей және Беларусь мемлекеттерімен бірлесе отырып шешкен барлық іс-шараларымыздың түйіні – ең алдымен мұның біздің еліміздің тәуелсіздігіне ешқандай қауіп төндірмейтіндігінде. Қазіргі кезде Кедендік одақ комиссиясының барлық шешімдері осы үш мемлекеттің өзара ортақ келісімі нәтижесінде ғана қабылданады. Консенсустық келісім арқылы жүзеге асырылатын шешімдердің қателікке жол бермейтіндігі айтпаса да түсінікті. Егер Қазақстан мемлекеті қандай да бір шешіммен келіспейтін болса, онда ол шешім мүлдем қабылданбайды және іске асырылмайды да, – дейді Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова өз ойын ортаға салып.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта еліміздегі кейбір баспасөз беттерінде, Кедендік одаққа қатысты әртүрлі әңгімелер де айтылуда. Мәселен, олардың арасында Қазақстан өзінің барлық дауысын Ресей мен Беларуське беріп қойып, өзіне ыңғайлы экономикалық саясатының мүддесіне қайшы келетін шешімдерді қабылдауы мүмкін деген сияқты пікірлер де орын алуда. Министр бұл мәселе төңірегінде де өз пікірін ашық айтып, мұның бәрі бос әңгіме деген түйінге келді. Кедендік одақтың келісімдік базасы бүгінде 51 халықаралық келісімдерден, оның ішінде Кедендік одақ комиссиясы шешімдерінен тұрады. Егер де осы 51 келісімді жан-жақты түрде қарайтын болсақ, олардың ішіндегі маңызына қарай оны үш топқа бөлуге болады. Ең бірінші топ – жаңағы сыртқы сауда шаралары мәселелерін қарайтын топ болып табылады. Үшінші елдерден келетін тауарларға кедендік баж қай деңгейде қолданылмақ? Сондай-ақ, үшінші елдерден келетін тауарларға қандай шектеу қойылады деген сауалдар көпшілікті мазалауда. Бұл шешімдерді комиссия жоғарыда атап өткен консенсустық механизм арқылы іске асырмақ. Екінші топ, ол техникалық реттеу, санитарлық-ветеринарлық шараларды бір деңгейге келтіру болып табылады.
– Өздеріңіз білесіздер, – дейді әңгімесін одан әрі жалғастырған министр, – 1995 жылдан бастап осы ТМД-ға мүше 12 мемлекет арасында емін-еркін сауда айналымы жұмыс істеп жатыр. Жаңағы заң түрінде қабылданған, сол жеңілдетілген сауда келісімдеріне қарамастан, біздің тауарларымыз, мысалы, көрші елдерге емін-еркін бара алмай отыр. Өйткені, онда кедендік баж деңгейі “нөл” пайыз болса да, онда тарифтік емес әкімшілік шаралар қолданылып жатыр. Сол шараларды қысқарту үшін, яғни бір деңгейге келтіру үшін екінші топтағы келісімдер қабылданған болатын.
Министрдің хабарлауынша, Кедендік одаққа мүше мемлекеттер арасында бірқатар келіссөздер жүргізілген. Сол келіссөздердің нәтижесінде, Қазақстан Ресей Федерациясындағы кедендік баждың деңгейі неғұрлым жоғары болғандықтан 400-ден аса тауарларды өткізу үшін өтпелі кезең туралы келісім жасалды. Мәселен, дәрі-дәрмек біздің елімізде көбінесе сырттан алынатыны жасырын емес, ал өзімізде шығарылатын дәрі-дәрмектер жеткілікті емес. Сондықтан бес жылдық өтпелі кезең туралы келісім жасалып, химиялық өнімдер, полимер өнімдері туралы төрт жылдық өтпелі кезең туралы келісімге қол қойылды. Ал целлюлоза, темір жол, медициналық құрал-жабдықтар және басқа да мемлекетімізде маңызды өнімдер де назардан тыс қалмады. “Сыртқы елдің импортына тәуелді болғандықтан, біз осы 400-ден астам тауарларға өтпелі кезең туралы келісімге келдік”, деді министр өз сөзінде. Соған орай келешекте өндірісті ұлғайту мәселесі де қолға алынбақ. Мәселен, Семей қаласындағы медициналық өнімдер зауытын қайта құру жобалары қазір талқыланып жатыр. Ал бұл жобаларды іске асырып, өзіміздің рыноктың жаңағы қажетті дәрі-дәрмектермен толығуына қол жеткізудің, яғни отандық өндірістің өркендеуіне жол ашудың қажеттілігі зор.
Бұл орайда жиында алюминий өнімдері бойынша, Павлодар алюминий зауытын одан әрі дамыту, Астанада локомотивтер зауытын салу жоспарланып отырғандығы да жарияланды. Мұнай-химия салалары бойынша да бірнеше жобалар дайындалуда. Атап айтқанда, Атырауда мұнай-химия, газ кешенін, Астанада металл-пластикалық құбыр өндіру зауыттары және шыны-пластикалық өнімдерін өндіру зауыттарын салу бүгінгі таңдағы басты жобалар.
Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова жиналғандарға кейбір заңнамаларға өзгерістер енгізудің қажеттілігі туралы да хабарлады. Министрдің айтуынша, еліміздегі инвестициялар туралы заң жобасына бірнеше өзгерістер енгізу туралы шешім бар. Республикаға шетелдерден, Германия, Жапония және өзге де дамыған мемлекеттерден технологияларды импорттай алу үшін инвестициялық механизм туралы келісімге келу қажет. Бір құптарлығы, осындай инвестициялық келісімдерді Қазақстан және де Ресей мен Беларусь мемлекеттері бір деңгейде қолдана алатындығы туралы келісім де жасалған. Тағы бір атап айтатын мәселе, Кедендік одаққа мүше осы үш мемлекеттің арасындағы тауарлар емін-еркін жүруі үшін олардың арасында барлығына бірдей бәсекелестік жағдай жасалуы тиіс. Сала жетекшісінің пікірінше, үш мемлекетте жұмыс істейтін компанияларға бәсекелестік реттеу принциптері бір жағдайға, бір деңгейге келтірілетін болады. “Соның нәтижесінде біздің қазақстандық тауарлар мен біздің қызмет көрсету компанияларымыздың осы Кедендік одақ құрып отырған мемлекеттердің рыногына емін-еркін баруына жағдай жасау – ең басты мақсат”, деп түйіндеді өз сөзін министр.
Үш жақты Кедендік одақтың құрылуы және бұл одақтың келешектегі жобалары жөнінде Қаржы министрі Болат Жәмішев өз пікірімен бөлісіп, жиналғандардың сауалдарына да жауап берді. “Менің өзім кедендік әкімшілік жоспарлау жөніндегі мәселелерге қатысты сауалдарға жауап беремін деп ойлап едім”, деп бастады өз сөзін Болат Жәмішев. Сонымен, Кедендік одақтың өзегінде не бар деген сауалға келсем, менің ойымша, бұл өте орынды шешім деп есептеймін. Дегенмен, бұл мәселеде кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері ұтады. Көпшілікке жағымды тағы бір жаңалық, шекарада ең бастысы құжаттарды кедендік ресімдеу және кедендік төлемдер төлеу жүргізілмейді. Келесі 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап кедендік бақылау жұмысы мүлдем тоқтатылады. Ал мұның барлығы бизнесті жүргізу жұмысын айтарлықтай жеңілдететіндігі сөзсіз.
Қазақстаннан 200 шақырым жерде 6 миллион тұрғыны бар Ресейдің ірі қалалары орналасқан. Ал мұның өзі Қазақстан бизнесіне қолайлы жағдай тудырып отырғандығы айдай анық. Қаржы министрі Болат Жәмішевтің пікірінше, Кедендік одақты құру, ең алдымен ауқымды мүмкіндіктерге кеңінен жол ашу болып табылады.
Қаржы министрі Болат Жәмішев өз кезегінде жиналғандарға валюталық реттеу мәселелері қазірде талқыланып жатқандығын, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін өзара саудада қосымша құн салығын төлеудің кейінге шегерілгендігін де айтты. Сонымен қатар, Кедендік одақта жанама салықтарды жинау кеден органдарынан салық ұйымдарына өтеді. Мұның өзі ішкі саудада, қосымша құн салығын (НДС) жинау, ішкі саудада акциздерді жинау салық органдарына өтеді дегенді білдіреді. Сонда “бұл жағдайда кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері не ұтады” деген орынды сауал туатындығы сөзсіз. Ең бастысы, өзара саудадағы ережелер қолайлылығымен ерекшеленуде, яғни қосымша құн салығын төлеу мерзімін 50 күнге дейін шегеру жобалануда. Тағы бір ескеретін жәйт, Қазақстан, Ресей және Беларусьте тауарларды экспорттауда қосымша құн салығы бойынша нөлдік ставкамен, үстеме бекітілген. Ал, мұның өзі экспорттаушыларға ҚҚС қайтарылады дегенді аңғартады.
Болат Жәмішевтің тұжырымы бойынша, “Кедендік кодекстің қабылдануына орай қазақстандық кәсіпкерлер қосымша пайда табатындығы сөзсіз. Оның негізгі мәнісі – Қазақстанда салық көлемі Ресейге қарағанда айтарлықтай төмен. Міне, осыған орай ресейлік бизнестегі шарттар қазақстандық бизнеске қарағанда нашарлау болады дегендей қауіп те бар. Әрине, бәсекелестікті ешкім де өзгерте алмайды. Сала басшысы Қазақстанның төменгі мөлшердегі салық үстемелері ставкасы саясатын ұстайтынын және келешекте де сол бағыттан айнымайтындығын ашық айтады. Мәселен, бұл Беларусьте – 20 пайыз, Ресейде – 18 пайыз және Қазақстанда 12 пайыз көлемінде қалып отыр.
Қаржы министрі, сонымен қатар биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап шекарада кедендік ресімдеу, кедендік барлық төлемдерді төлеу, декларациялау жүргізілмейтіндігін де мәлімдеді. Сондай-ақ, келесі жылдың бірінші шілдесінен бастап шекараларда кедендік бақылау мүлдем болмайды. Қаржы министрі Қазақстанның Кеден одағына енуі нәтижесінде келешекте кедендік алымнан, жинақтан бюджетке түсім көлемі екі есеге дейін көбейетіндігі туралы да хабарлады. “Біздер қазіргі кезде қандай да бір фискалдық бюджеттік шығындар туралы сөз қозғағанымызда, менің оған айтарым төмендегідей. Егер үшінші елдерден импорт алынса, онда бұл импорттағы Қазақстанның үлесі 3,5 пайызды ғана құрайды. Бірақ, үшінші елдерден импорттық бажды бөлу туралы келісімге сәйкес Қазақстанның үлесі 7,33 пайызды құрайды”, дейді Болат Жәмішев. Оның сөзі бойынша мұның өзі бюджетке түсімді екі есеге жуық көбейтуге мүмкіндік береді. Сала жетекшілерінің есептеуінше, Кедендік одақтың құрылуы түптеп келгенде – оның құрамындағы үш мемлекет түгелдей дерлік пайдалануға ұмтылатын ауқымды мүмкіндік.
Қазіргі кезеңде әлемде 230 ел және жүзге жуық мемлекетаралық одақтар бар. Жалпылай алғанда бірлесу қағидасы әлемдік экономикаға тән екендігін, әйтпесе кедендік одаққа ұқсас соншама бірлестіктің болуы неғайбыл екендігін атап көрсеткен Қаржы министрі Кедендік одақ құру бағытындағы жұмыстың әлі аяқталмағандығын да айтты. Сөйтіп, бұл жұмыс уақыт талабына орай одан әрі жетілдірілмек, бірақ ең бастысы, ол халықаралық стандарттардан ауытқымайды. Кедендік одақ құру туралы идея өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында пайда болғандығы, сондықтан да осы уақыт ішінде саясаткерлер, экономистер мен сарапшылардың одақ туралы бірқатар тұжырымдар да жасағандығы мәлім.
Үш жақты Кедендік одаққа Қазақстанның енуі мәселелеріне арналған жиын соңында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова және Қаржы министрі Болат Жәмішев қоғамдық ұйымдар, бизнес ассоциация өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар сауалдарына жан-жақты жауап берді. Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның Кедендік одаққа енуіне орай өз пікірлерін, ұсыныстарын да ортаға салды.
ҚР ҰҒА академигі Рахымжан Елешовтің Кедендік одақ, еліміздің аграрлық секторы төңірегіндегі пікірлері көпшілік назарын аударды.
– Мемлекетіміздің саясаты тұтастай алғанда экономиканы көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталып отыр. Атап айту қажет, мұның өзі ең басты мақсат, сондықтан да, Кедендік одаққа ену, менің ойымша, орынды шешім. Мәселен, біздер аграрлық сала ғалымдары ТМД елдері ғалымдарымен бірлесіп, биыл төртінші жыл жұмыс істеудеміз, өз одағымызды құрдық. Ресей және Беларусь елдері ғалымдарымен жыл сайын кездесіп, көптеген ғылыми күрделі мәселелерді бірге шешудеміз. Атап айтарлығы, бүгінде ең алдымен өндірілетін өнімнің, азық-түліктің сапасына назар аудару қажет. Экологиялық таза өнім өндіру, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету, сертификаттау және стандарттау мәселелеріндегі көп түйткілді шешу – бүгінгі күннің басты талабы. Біздің мүмкіндіктеріміз мол, сондықтан да тауар өндірушілерімізге қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Әрине, жасыратыны жоқ, Үкімет деңгейінде қарастыратын ішкі мәселелер де бар. Қорыта айтқанда, өнімді еңбек етсек, Үкімет бізді қолдаса, көздеген биік мақсатқа қол жеткіземіз. Сондықтан, мен ғалым ретінде, азамат ретінде айтарым, одақты қолдаймын, – дейді Рақымжан Елешов.
Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылаған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Қазақстанның Кеден одағына енуіндегі ең басты мақсат – тауар өткізу рыногын кеңейту, ал мұның өзі, ең алдымен бизнеске қатысты екендігін атап көрсетті. Сонымен, отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктердің пайда болуы, жаңа рыноктарға шығу және бәсекелестік артықшылықтарды дамыту бағытындағы жобалар жалғаспақ.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы. Суреттерді түсірген Юрий БЕККЕР.
АЛЫС-БЕРІС МОЛАЯДЫ
Әлия БЕКҚОЖИЕВА, Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы.
Қазақстанның көптеген облысы Ресеймен шекаралас болғандықтан, Кедендік одақтың біздің кәсіпкерлеріміз үшін пайдалы тұстары жетерлік. Себебі, ел мен ел қоңсы отырғаннан кейін арадағы алыс-беріспен, барыс-келіспен іскерлік қарым-қатынас жасайтын кәсіпкерлеріміз көп. Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері басшыларының ортақ келісімінен соң кедендік одақтың құрылуы шекарадағы түрлі кедергілерге шек қойып отыр. Бұл, әсіресе, Ресейде, Белоруссияда өндірілген өнімдерді Қазақстанға тасымалдайтын кәсіпкерлер үшін тиімді болғаны даусыз. Еларалық шекарадан тауар тасымалдаудың, әсіресе, Ресеймен шекаралас отырған облыстардағы кәсіпкерлердің ісін алға бастырар болса, қазақстандық кәсіпкерлерімізге де өздері өндірген өнімдерін көрші елдерге кедергісіз өткізуіне мүмкіндік ашылды.
Енді біз отандық өнім өндіруші кәсіпкерлер көршілес елдерге сапалы тауар шығарудың қамын қарастыруы қажет деп ойлаймын. Өйткені, Ресейде, не Белоруссияда сұранысқа ие болатындай бәсекеге қабілетті өнімдер өндіруге бет бұруымыз керек. Ол қандай өнімдер болуы мүмкін? Бұл үшін алдымен, әрине, көрші елдер нарығына мониторинг жүргізілуі қажет шығар. Қалай болғанда да, қазақстандық брендті танытатын өтімді тауар болғаны дұрыс. Сонымен бірге, Кедендік одақ Ресейде, Белоруссияда шығарылатын түрлі техника, өзге де жабдықтарды Қазақстанда құрастыратындай бірлескен кәсіпорындар құрудың орайын келтіріп отыр. Өйткені, осы елдерден қажетті жабдықтарды, қосалқы бөлшектерді шекарадан өткізуге кедергі жоқ. Демек, Ресей, Беларусь елдеріндегі өзіміздің рынокқа қажетті өнімдерді Қазақстанда шығарудың мүмкіндігі келіп тұрған сыңайлы. Міне, Кедендік одақтың еліміз үшін маңыздылығы осындай тиімді тұстарымен байқалады. Ел мен ел арасындағы кәсіпкерлердің алыс-берісі молайып, барыс-келісі көбейе түскелі отыр.
Атырау облысы.
ҰТАРЫМЫЗ КӨП
Сергей ТИМОФЕЕВ, “Основание” құрылыс компаниясының жетекшісі.
Биыл 1 қаңтардан бастап Ресей, Беларусь және Қазақстан арасында Кедендік одақ құрылып, күшіне енуін қуаттай қарсы алғандардың бірімін. Неге дейсіз ғой? Түсіндірейін.
Мен жетекшілік ететін “Основание” ЖШС құрылыс жұмыстарымен көптен бері айналысып келеді. Бүгінде ұжымда төрт жүздей адам еңбек етеді. Негізінен баспана тұрғызу ісімен айналысамыз. Елбасының жаңа тұрғын үй саясаты бағдарламасына орай құрылыс индустриясын жандандыру мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырып келеміз. Озық технологияларды игере отырып құрылысқа зәру материалдарды өзіміз шығаратын дәрежеге жеттік. Мәселен, пластикалық есіктер мен терезелер, бетон құймалар жасау біз үшін пәлендей қиындық тудырмайды.
Десек те, бірқатар құрылыс материалдары әлі де сырттан сатып алынады. Әріптестік тығыз қарым-қатынас орнатқан елдердің бірі — Ресей. Жыл өткен сайын оның Омбы, Түмен секілді шекаралс аймақтарымен іскерлік байланысымыз нығайып келеді. Кірпіш, цемент секілді құрылыс материалдарына деген зәрулігімізді осылайша өтеп отырмыз. Олардың ұсыныс-сұраныстарын біз де аяқсыз қалдырып көрген емеспіз. Шыны керек, алыс-беріс саласында түйткілді мәселелер кездеспей қоймайтын. Әсіресе, кеден бекеттерінде біраз түсінбеушіліктер болып жататын. Енді, міне, үштік одақ аясында Ресей, Беларусь және Қазақстанның түпкілікті келісімге келіп, бір арнада бас тоғыстыруы әбден құптарлық дер едім. Қазір Кедендік одаққа қатысты неше түрлі пікірлер айтылып қалып жүр. Көкейге қонатыны да, мәселенің байыбына бармастан ұшқарылау айтылатыны да бар. Ол заңды да. Өйткені, жаңа нәрсені бірден қабылдау қиын. Біз сияқты істің адамдары экономикалық тұрғыдан алғанда тиімді екенін жете түсінеді. Ал басқалар ше? Сондықтан Кедендік одақтың пайдалы жақтары жайлы түсінік жұмыстарының жүйелі жүргізілуін қалар едік. Уақыт өткен сайын интеграциялық үрдістер қанатын кеңге жайып барады. Оны тоқтату мүмкін емес. Өзге рынок көздерін іздестіру, табу – табиғи құбылыс. Оған үрке қарауға болмайды. Қайта басқа аумақтарға сапалы, өтімді өнімдер жеткізудің жолдарын қарастырған абзал. Сонда ұтарымыз көп болмақ.
Ел Үкіметі отандық кәсіпкерлердің құқын қорғауды бірінші кезекке қойып, қазақстандық өнімдердің сапалы өндірілуіне барлық алғы-шарттарды жасары анық.
Солтүстік Қазақстан облысы.
ҚОСЫМША ШЫҒЫН ҚЫСҚАРЫП, УАҚЫТ ҮНЕМДЕЛЕДІ
Құдайберген БЕКЕНОВ, “Желдорфармация” ЖШС директоры, облыстық
мәслихаттың депутаты.
Қазақстан, Белоруссия және Ресей Федерациясы бірігіп отырған Кеден одағы туралы әртүрлі пікірлер бар екені жасырын емес. Менің пайымдауымша, үш елдің өзара Кедендік одаққа кіруі қай жағынан алып қарасаң да қайтарымды болмақ. Ең бастысы, өз өнімдерімізді осы елдердің рыногына шығарғымыз келсе, олардың сапасын арттырып, бәсекелестікке төтеп бере алатындай деңгейде болуына жетуіміз керек. Бұл біздің кәсіпкерлерді озық технологияларды пайдалануға итермелейді, онсыз әлемдік стандарттарға сай өнім шығару қиын. Кеден одағы экономикамыз бен тұрмысымызға елеулі өзгерістер әкеледі, сауда аясының, өткізу рыногының кеңеюіне алғышарт жасайды.
Біздің серіктестік облыс халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен айналысады. Көршілес Ресейдің фармацевтика саласындағы кәсіпорындарының дәрі-дәрмегін әкеліп жүрміз. Сондай-ақ, алыс шет елдерде шығатын дәрі-дәрмекті де осы елдің жабдықтаушы фирмаларынан аламыз. Шыны керек, олар анағұрлым сапалы әрі салыстырмалы түрде арзан да. Бірақ, сол дәрі-дәрмектер біздің елдің аумағына өткен соң қымбаттап шыға келеді. Оған басты себеп, кедендік кедергілер деу орынды. Біріншіден, кедендік ресімдеу кезінде, бұл тауарлар уақытша сақтау қоймасына қойылады. Тегін емес, әрине. Одан кейін зертханалық тексеруден өткізіліп, сертификатталады. Бұл да ақылы. Ең бастысы, кеденнен өткенмен бұл дәрі-дәрмектер тұтынушыға жеткенше апталап-айлап кідіріп қалады. Басқа тауарлар да солай. Бұл кәсіпкерлер үшін өте тиімсіз. Кедендік одақ талаптары күшіне енгеннен кейін бұлардың бірі де болмайды. Кәсіпкер тауарларды өндіруші кәсіпорыннан немесе жабдықтаушы фирмалардан бірден тұтынушыға жеткізеді. Бұл тауардың бағасының арзан болуына, тұтынушыға тез жетуіне мүмкіндік береді. Тез жеткен тауар тез өтетіні және белгілі. Бұл кәсіпкер табысының артуына алғышарт жасайды. Ең аяғы, кедендік толтырулар үшін де алтын уақытың зая кетпейді. Бір сөзбен айқанда, барлық жағынан ұтымды. Алда Кедендік одақтың пайдасын көреміз бе деп үміттеніп отырмыз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауында болашақта дәрілердің 50 пайызы біздің елде шығарылатынын жеткізді. Әрине, бұл арада тағы да сапа мәселесі алдан шығады. Сол дәрілеріміз сапалы болса, Кедендік одақ игілігінің арқасында көршілес елдің рыногына еркін шыға алар едік. Бұл өз кезегінде отандық фармацевтика кәсіпорындарын өз жұмысын осы бастан сапалы өнім өндіруге бағыттауға итермелейтіні сөзсіз. Кедендік одақ қай салада болмасын тиімділік әкелетін табысты тұтқа болып табылады. Оның игілігін көретін кез жақын. Әрине, ол үшін кеден саласында жаңаша жұмыс істеуге қазірден бейімделуіміз керек. Мен өз басым Кедендік одақтың елге де, кәсіпкерге де пайдалы екенін аңғарамын. Бұрынғы кедендік кедергілердің қиындықтарын көрдік. Бұл әлемдік қаржы дағдарысынан бірігіп шығудың да сәтті қадамдары болса керек. Олай болса, мұның өзі қоғамдық дамудың да, уақыттың да талабы деу орынды.
Ақтөбе облысы.