Аталарымыз жылқы түлігін қолға үйретіп, бастықтырған ықылым заманнан бері – оны баптау, сынау, бәйгеге қосу және жауынгерлік өнерге үйрету ісіне ерекше мән берген. Әрі бұл ілімді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, мұрагерлік ілім ретінде үйретіп отырған.
Жылқытану ілімі – жылқыны сынау және баптаудан тұрады. Яғни жылқының әуелі сынын білген адам оны баптай да алады. Ерте заманда өмір сүрген атақты сыншылар тірі жылқыны былай қойып, далада жатқан қу сүйекке қарап-ақ оның тіріде қандай жылқы болғаны жайлы сын-сипатын айтатын болған.
Мысалы, сонау бағзыда атақты Толыбай сыншы жолаушылап келе жатып анадай жерде жатқан аттың қу басын көзі шалады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Мынау ерен жүйріктің басы екен, имек тұмсық, бөкен танау, көзінің ойындысы терең, жар қабақ, екі жақтың ортасы алшақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйегі қандай асыл еді жануардың. Тұмсығына қарағанда, шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сіңірлі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бермейтін жүйрік бұл. Жасы тоғыздан асып, онға қараған дер шағында өлген екен, жануар», депті.
Сол сияқты керекулік молда атамыз Мәшһүр Жүсіптің «Тұлпардың дүбірі» дейтін жазбасы бар. Онда мынадай дерек айтылады. Ертеде қазақтың атақты ат сыншысының баласы қалмақтың қолына түсіп қалады. Оған қалмақтар қозы жайғызып қояды. Бірде әлгі бала айдалада жылқының қу басын көріп: «Уай, жарықтығым-ай, сенің тұлпардың басы екендігіңді кім таниды? Менің сыншының баласы екендігімді кім таниды?» деп еңірей беріпті. Бірге қозы жайысқан балалар «жылқының қу басын көріп, қазақ бала жылады», деп айтып келеді.
Оны естіген қалмақ нояны баланы шақырып алып, «Балам, қу басқа неге жыладың?» дейді. Бала: «Қу сүйектен тұлпардың басын таныдым». – Олай болса, – дейді қалмақ нояны: «Менің қырық мың сан түмен бұқарамды аралап тұлпар тауып кел!». Сөйтіп бала тұлпар іздеу жорығына шығады. Екі жыл тентірейді. Бір күні өзеннен өтіп келе жатып, судың бетінде ағып бара жатқан жылқының топ тезегін көзі шалып қалады да, оны дереу ат үстінен іліп алып, сығып көріп «мынау тұлпардың тезегі», дейді. Бір топ нөкерін бастап өзенді өрлейді. Жақын маңда аялдап жатқан керуен бар екен. Шетте тұрған аяғы ақсақ, арқасы жауыр, құйрығы шолақ, кестірілмеген көк сәурікті көрген бала «мынау тұлпар», деп таныған екен.
Сыншылық жайлы тағы бір мысал, атақты найман Боранбай би Қабанбай батырға мінгізетін тұлпар іздеп өзінің замандасы атақты бай Бұланбайға хат жазып, Үмбетай жырауды жібереді. Сондағы Боранбай айтқан жүйріктің сыны:
Ат болсын, ат болғанда елден ерек,
Мүсін-сыны ерекше болсын бөлек.
Биіктігі өзіңдей болсын,
Местігі мендей болсын.
Шапқанда екпінінен жел есіп,
Жүрісі Қазыбек бидің сөзіндей болсын.
Құлағы қамыстай болсын,
Еріні талыстай болсын.
Екі көзі ботаның көзіндей болсын,
Екі шекесінің арасы қарыстай болсын.
Қабағы бүркіттің қабағындай болсын,
Шықшыты бураның
сағағындай болсын.
Жылқыңызда осындай бір тай бар шығар,
Мүсіні менің талабымдай болсын.
Жалы жібектей болсын,
Қасқа тісі күректей болсын,
Мойыны сұңғақ қаздай болсын,
Жігері бабына келген түлектей болсын.
Белдемесі қанатты болсын,
Жаясы жалпақ алапты болсын,
Бір көргендер үш көрерлік,
Ерекше сұлу жарақты болсын.
Сауыры құлындай болсын.
Кекілі балаға қойған тұлымдай болсын,
Егесте ердің серігі болар,
Өңі-түсі бірыңғай болсын.
Құйрығы төгіліп тұрсын,
Талданып сөгіліп тұрсын.
Тілерсегі төмен,
Екі бұты алшақ болсын,
Артынан қарағанда,
Алдыңғы төс сүйегі көрініп тұрсын, – деп хат жазады.
Хатты алған Бұланбай бай бас жылқышыны шақырып алып, осы айтылған тұлпарды тап дейді. Жылқышысы «ондай тұлпар бар» дейді. Байды ертіп әкеліп екі жыл арда емген құнаншығар сәурікті көрсетеді. Оны қайдан білдің дегенде жылқышы: бірінші дәлелім – бұл таң қылаңда туып, төрт аяғымен дік түсті де, сілкініп жүріп кетті. Сол кезде барлық жылқы бір сәтте дүрк етіп басын жерден көтерді. Жылқы үйірі теңдессіз тұлпар туғанда солай құрмет көрсетеді. Екінші дәлелім – құлын күнінде желіге байлағанда жеті күн астын қазып жатпай тұрып алды. Тұлпар екенін білдім де, енесін қысыратып екі жыл арда еміздім дейді. Бұл атақты – Қубас тұлпар екен.
Жоғарыдағыдай ат сыншылары қазақ даласында көп болды. Атақты Толыбай сыншыдан бастап, батыс өңірде өмір сүрген әйгілі сыншылар Ауқатым, шеркеш Айдабол, Жәңгір ханның жылқы тұқымын асылдандыру ісімен айналысқан аты мәшһүр сыншы төре Абылғазы, Бөкей Ордасында өмір сүрген әрі атбегі, әрі сыншы Шоқай Шөңкейұлы. Бұл кісінің жылқытану ілімі жайлы орыс зерттеушісі А.Келлер көлемді еңбек жазып қалдырған.
Ал Атырау аймағында өмір сүрген Дүйсенғали сыншы, шежіре-жазушы Сәбит Мұқановтың шығармаларында аты аталатын атақты Киікбай сыншы (Ақан серінің Құлагерін сынаған) жайлы үзіп-жұлып айтылса, Кеңес одағы кезінде бұл дәстүрді ұлытаулық Тай Тілегенов, жаңарқалық Мұса сыншы, Сарысу бойында өмір сүрген қалмақ Көбен сыншы, Оңтүстік өңірде Мақұлбек Шерімұлы, жетісулық ағайынды сыншылар Олжабай мен Бектібай, қытай-моңғол елдерінде өмір сүрген Күңгейбай, Қалқабай, Түркістан сияқты мықтылардың артында қалдырған мұрасы баршылық.
Жылқытанудың екінші қыры – ат баптау. Халық арасына танымал атбегілер – керекулік Бежу, жетісулық Бақай атбегі, сіргелі Меңдеке, сағыздық Тіней Талпақ, Үстіртте өмір сүрген Мықырбай атбегі, осылардың ізін жалғап Кеңес одағы кезінде атбегілікпен айналысқан атақты «Құланқара», «Бұланқара» атты сәйгүліктерді баптаған Бошай Кітапбаевтың тәжірибесі өз алдына бір төбе.
Қазіргі таңда атамұрамызды ұрпақ жалғастырып дамытқан ат бапкерлері – созақтық марқұм Файзолла Ормызов, тараздық Нұрдәулет Әлібекұлы, жетісулық Нәркен Қалибек, ағадырлық Жолдыбай Кенжеғұлов, алтайлық Еркін Темірбайұлы, моңғолиялық Қадыл Айдаубайұлы сынды тұлғалар бар.
Жалпы атбегілік өнер – қырғыз, моңғол, алтай, хақас сияқты түркі тұқымдас көшпелілерге ортақ мұра. Бұлардың атбегілік өнерлерінде аса айырмашылық жоқ.
Десек те, жылқы баптаудың басты ерекшелігі – оның түбір сипатын білу дейді ежелгі ілімде. Мысалы, Көленбұйыр өңірін мекен еткен көшпелі тайпалардың нояны Пүребжаб 1874 жылдары жазып қалдырған «Құпияның құпиясы, көненің көнесі жайлы ілім» атты атбегілік туралы құнды еңбегінде: «Жылқының түбір сипаты оның болмыс-бітімінде сақталған – жан-жануар, аң-құстың жақсы сипаттарына салыстыра білген дұрыс», дейді.
Бұл ілім әскери қолбасшы, әрі атбегі Семен Михайлович Буденныйдың да еңбегінде кездеседі. Маршал жүйрік жылқыны сынағанда: қоян, түлкі, есек сипаттарына қатты мән берген. Оның айтуынша, қоян сипатты жүйрік – тыз етпе ұшқыр, аяғы жеңіл әрі жүрісі ұтымды болады десе, түлкі сипатты жүйрік – денесі жинақы, ықшам әрі атқан оқтай тік жүреді, құйрығы түлкінің құйрығындай біртегіс, жіңішке, сұлу көрінеді. Ал есек сипатты жүйрік – төрт аяғын тең басады (төрт аяғын тең басатын хайуан есек қана). Яки, төрт аяқты тең басу дегеніміз – тұяқтың дұрыс бітімі. Өйткені табаны «қазтабандап» жерге тимейтін дөп-дөңгелек қобы тұяқ есекте ғана бар. Тұяғы осылай біткен жылқы ақсамайды һәм жасқанбай баса алады.
Байырғы көшпелілер жылқының жаратылысын (түбір сипатын) аңдау арқылы жауынгерлік өнерге бейімдеген. Атап айтқанда, арыстан, бұлан сипатты жылқыларды найзагер жауынгерлер мініп шеп бұзатын болса, марал, қоян, түлкі сипатты жүйріктерді хабар алмасу ісіне және садақшыларға мінгізген. Өйткені мұндай сипатты жылқылар қозғалыс кезінде ентігін тез басатындықтан садақшылар үшін өте қолайлы. Ал бөкен, елік, құлан сипатты жылқыларды қылышкерлер мен жеңіл маневр жасауға ыңғайлы қанжар және айбалтамен қаруланған жауынгерлер мінетін болған.