Аймақтар • 30 Қаңтар, 2020

Банкке барып кітап оқыңыз

479 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен «Библиокеруен» атты тың жобаны қолға алды. Жаңа жоба аясында кітапханашылар өңірдегі кейбір мекемелер мен ұйымдарға барып көшпелі көрме өткізеді.

Банкке барып кітап оқыңыз

Алғашқы кітап көрмесі облыс орталығындағы Естай көшесі 40 үй мекенжайында орналасқан «Халық Банк» АҚ бөлімшесінде өтті. Аталған кітап көрмесіне об­лыстық кітапхананың сирек кездесетін кітап қорынан таңдаулы туындылар қойылды. Сөредегі кітаптардың ең көнесі 1777 жылы жарық көрген. Бұдан бөлек, ұлы ойшыл, философ, ақын Абай Құнанбайұлының шығар­машылығынан сыр шер­тетін кітаптар да көрмеден орын алды. Атап айтсақ, М.Әуезов дайын­даған 1945 жылы Ресей астанасы Мәскеуде жарық көрген Абайдың таңдамалы шығармалар жинағы, 1936 жылы басылған Вс.Рождественскийдің Абай шы­ғар­­маларының аудармасы да көп­шілік назарына ұсынылды.

Көрмені тамашалаушылар Жұбан Молдағалиев, Ақұштап Бақтыгереева секілді басқа да ақын-жазушылардың таңдаулы шығармаларымен танысты.­ Кітапхана ұжымы алда тағы да бірнеше мекемелерге барып,­ дәл осындай шараларды қолға алуды жоспарлауда. Көрмені ұйым­дастырудағы мақсат, халықты жаппай кітап оқуға шақыру, кітапханалардың жұмысын насихаттап, қоғам­да кітап оқу мәдениетін қалып­тастыру.