Сондай-ақ 1-3 ақпан аралығында екі ел арасындағы темір жол және әуе қатынастары уақытша тоқтатылады. Осыған орай ағымдағы жылғы 3 ақпаннан бастап аталған рейстерге билет алғандар оны сатып алған жерлері бойынша қайтара алады. Билеттер үшін ақша айыппұлсыз рәсімделіп, толық көлемде қайтарылады. Сапарынан қалып қойған жолаушыларды елге қайтару үшін Бейжің және Үрімші қалаларынан қосымша рейстер ұйымдастырылатын болды.
«Нұр-Сұлтан – Үрімжі мен Алматы – Үрімжі бағытындағы пойыздар Ақтоғай стансасында бір пойыз болып бірігіп, әрі қарай Үрімжіге бағыт алатын. Ол жаққа билет алғандардың көбі Достық стансасынан түсіп қалады. Анықтағанымыздай, Достықтан әрі қарай Үрімжіге дейін 22 билет алынған екен. Осы 22 адамның ішінде 8-і билетті қайтарған. Қалған 14 адамға операторлар хабарласып, пойыздың жүрмейтінін, билет құнын алып кетуі керектігін айтып жатыр», – деді бұл жөнінде ҚР ИИДМ Көлік комитетінің төрағасы Самат Ғылымов. Ал Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев әуе билеттерінің де толық құны иелеріне қайтарылатынын айтады. Және билеттерге ешқандай комиссия ұсталмайды, толық көлемде қайтарылады.