75 миллион 300 мың теңге және 272 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған ұлттық компания басшысы қамауға алынды
75 миллион 300 мың теңге және 272 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған ұлттық компания басшысы қамауға алындыҚаржы полициясының қызметкерлері аса ірі көлемде пара алғаны үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының президентін қамауға алды. Бұл туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2013 жылғы 1 тамызда Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Ғ.Мырзақұловты ұстады», делінген парақшада.
Ұсталған тұлғаға жалпы құны 15 млрд. теңгеден асатын Ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросын құрастыру-сынау кешенінің құрылыс жұмыстарын сатып алу конкурсында «Құлагер» құрылыс компаниясы» ЖШС мүдделеріне әрекет етіп, сол үшін аталған кәсіпорынның басқарма төрағасы Т.Егенбаевтан сенімді адамы Е.Асылбеков арқылы 272 мың АҚШ доллары және 75 млн. 300 мың теңге көлемінде пара алды деген айып тағылып отыр.
Қазір «Құлагер» ҚК» ЖШС басшысы Т.Егенбаев пен «Сұңқар Күзет» ЖШС директоры Е.Асылбеков те ұсталды. Егенбаев аса ірі көлемде пара берді деп, ал Асылбеков пара алуға көмектесті деп айыпталып отыр.
«3 тамызда Мырзақұлов пен Асылбеков сот санкциясымен қамауға, Егенбаев – үй қамауына алынды», деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.
Қазір аталмыш қылмыстық іс тергелу үстінде. Бұдан басқа ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбай отыр.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.