Бұл туралы кинологиялық қызмет орталығы бастығының міндетін атқарушы, полиция капитаны Александр Анохин былай дейді: «Көп жағдайда қызметтік-іздестіру иттері мүліктік қылмыстарды ашуға көмектеседі. Өткен жылы жедел-іздестіру іс-шаралары аясында қызметтік-іздестіру иттері 1359 рет қолданылды. Олардың көмегімен 869 қылмыс, оның ішінде 480 ұрлық, 28 тонау, 5 қарақшылық ашылды».
Қызметтік иттердің төртеуі із кесумен, тағы төртеуі жарылғыш заттарды табуға үйретілген екен. Есірткі іздестіруге бесеуі «маманданған», қалғандары иіс бойынша іздеп табуға машықтандырылған.
2019 жылы СҚО-да есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық бағдарламасының шеңберінде қызметтік иттерді синтетикалық есірткілерді іздеуге үйрету қолға алынды. Солардың бірі «Белла» атты лабрадор өткен жылы «спайс» атты жасанды есірткі жасаушы мен таратушыны ұстауға көмектесіп, ізшілдерге үлкен пайда көрсеткен. Ол ішкі істер органдарына екі жыл бұрын әкелініп, барлығы 150 рет сапаржайлар мен «Қазпошта» бөлімшелеріндегі кезекшілікке, жедел-іздестіру іс-шараларына тартылыпты. Соның ішінде ол 10 есірткі қылмысын ашуға жәрдем берген. Петропавл қаласындағы жер үйлердің бірінде аса ірі мөлшерде жасырынылған үш түйіншек героинды да иіспен тапқан сол. «Жер үйде жүргізілетін іздестіру жұмысының өзіндік ерекшеліктері бар. Басты қиындық үйдегі жануарлардың иісі болады, олар иіс алуға кедергі келтіреді. Аталған үйден бұдан басқа алкогольдің иісі де шығып тұрған. Соған қарамай Белла міндетін ойдағыдай атқарды, үйренген дағдылары өз нәтижесін берді», дейді Белламен жұмыс істейтін полиция лейтенанты Болат Бекмағамбетов.
Жалпы айтқанда, 2019 жылы қызметтік-іздестіру иттері 22 есірткі қылмысын ашуға көмектескен. Олардың қатысуымен 80 кг есірткі заты, оның ішінде 4,09 гр героин, 6,02 гр синтетикалық есірткі алынған.
Солтүстік Қазақстан облысы