Таяуда Қытайда өткен «Дауыс» атты ән байқауының іріктеу турында Үрімжіден келген Тасқын атты 34 жастағы жігіт даусының тереңдігімен, әнінің әсерлілігімен қазылар алқасын түгел таңғалдырып, олардың көздеріне жас алдырды.
Таяуда Қытайда өткен «Дауыс» атты ән байқауының іріктеу турында Үрімжіден келген Тасқын атты 34 жастағы жігіт даусының тереңдігімен, әнінің әсерлілігімен қазылар алқасын түгел таңғалдырып, олардың көздеріне жас алдырды.
Әнші жігіт бұл кеште Мариям Жагорқызының «Дудар-ай» әнін орындапты. Кейін мәлім болғанындай, ол алдымен әнді қытай тілінде шырқаған. Бірақ онысы жұрттың жүрегін оншалықты тебіренте алмаған. Келесі жолы әннің төл нұсқадағы вариантын орындағанында қазылар қауымының көңілдері босап, көздеріне ие бола алмапты.
Міне, әннің құдіреті деген осы! Қытайлар оның қазақ тіліндегі мәтініне түсінбесе де, осылай еткен. Олар алғашында әнді дұрыс бағалай алмағандарына өкініш білдіріпті. Жергілікті ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, ұлты қазақ Тасқын отбасымен бірге Үрімжіде тұрады екен. Ежелгі Шығыс Түркістан жеріндегі бас қаладағы мектептердің бірінде мұғалім болып қызмет атқаратын ол әннен сабақ береді. Айтулы жарыста мәренің соңына дейін талмай шаба алмаса да, Тасқын осы бір ғана әнімен-ақ талай жұрттың көкейінде қалып қойды.
Аталмыш ән мен орындаушының атақ-даңқы қазірдің өзінде шарықтап, күллі әлемге кеңінен тарап жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Қытай сайттарынан орын алған Тасқынның «Дудар-ай» әнінің клипін қазірге дейін 2,5 миллионнан астам адам тамашалап үлгеріпті. Үрімжіден ұшқан үздік әннің әуені шынында да тыңдаған жанды таң-тамаша қалдырады.
Мұрат АЙТҚОЖА.
P.S. Бұл әннің клипін біздің редакция сайтынан («Қытайды таңғалдырған қазақ жігіті») да көруге болады.