07 Тамыз, 2013

100 отбасы баспаналы болды

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласының Түркісіб ауданында еліміздегі тұңғыш жоба – «2012-2015 жылдарға арналған ескі тұрғын үйлерді бұзу бағдарламасы» бойынша салынған жаңа үйлердің алғашқы пәтерлері үлестірілді. Саңғыраған кең бөлмелі жаңа баспаналардың кілтін ұзақ жылдар бойы ескі үйлерде тұрып келген 100 отбасы иелеріне шаһар басшысының өзі салтанатты түрде табыстады.

Алматы қаласының Түркісіб ауданында еліміздегі тұңғыш жоба – «2012-2015 жылдарға арналған ескі тұрғын үйлерді бұзу бағдарламасы» бойынша салынған жаңа үйлердің алғашқы пәтерлері үлестірілді. Саңғыраған кең бөлмелі жаңа баспаналардың кілтін ұзақ жылдар бойы ескі үйлерде тұрып келген 100 отбасы иелеріне шаһар басшысының өзі салтанатты түрде табыстады. 

«Қаламызда өткен ғасырдың 50-жылдары салынған, пайдалану мерзімі өтіп кеткен 2 қабатты мыңнан астам үй бар. Олардың мәселесін шешу туралы Елбасы тапсырмасы бойынша жасалған қалалық бағдарламаның алғашқы нәтижесіне бүгін куә болып отырсыздар. Биыл ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа баспана салу жұмысы қаламыздың 3 ауданында толық жүзеге асырылады. Келесі жылдан бастап оны басқа аудандарда жалғастырамыз деген ойымыз бар. Жалпы, «2012-2015 жылдарға арналған ескі тұрғын үйлерді бұзу» бағдарламасы бойынша 55 ескі үй бұзылып, 565 отбасы оның орнына салынған жаңа үйлерге көшіріледі», деді қала әкімі Ахметжан Есімов.

Қала басшысының айтуынша, «пәтерден-пәтерге көшіру» жүйесі бойынша онда әрбір тұр­­ғын ескі үйдегі өз пәтерінің саны бойынша жаңа үйден сонша пәтерлі баспана ала алады. Жарық, жылы, еңселі және көлемі үлкен бұл пәтерлерде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Бұл үшін олар ешкімге қосымша ақы төлемейді. Қалалық жаңа бағдарламаның алғашқы қатысушысы болып жаңа қонысқа ие болған тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

«Біз тұрып келген ескі үй 1927 жылы салынған екен. Онда отбасымызбен 17 жылдан аса тұрдық. 2012 жылы әкімдіктегі жиналыста ауладағы ескі сарайдың орнына зәулім үй салып береміз дегенде сенер-сенбесімізді білмедік. Күмәнмен қарасақ та «көппен бірге көрерміз» деп келісімге қол қойып едік. Енді, міне, айналасы 1 жылдың ішінде тозығы жеткен ескі үйден еңселі де жарық жаңа үйге көшкелі отырмыз. Тұрмысқа қажетті барлық жағдайы жасалған мұндай үйге көшу бұрын өң түгілі түсімізге де кірмеген болатын», дейді жаңа пәтердің иесі Әтіркүл Сағындықова. Бұрынғы бөлмесінің санына қарай 1 бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алып жатқан оның айтуынша, қала тұрғынына қажетті балабақша, мектеп, мәдениет үйі мен спорт кешені, сонымен қатар, күнделікті азық-түлікті арзандатылған бағамен алатын сауда үйі де жақын жерде орналасқан екен.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар