Қоғам • 31 Қаңтар, 2020

Бруцеллезге қарсы екпені ойлап тапқан ғалым

1098 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Хакім Абай «Ғылым таппай мақтанба» деген еді. Біз бас басылымда ұлы ақынның осы бір өміршең өлең жолын алып, ғылым тапқан, жаңалық ашып, адамзат игілігіне еңбек етіп жүрген ғалымдарымызды үлгі етуді жөн көрдік. Айдарымыздың алғашқы кейіпкері – Ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Қайсар Табынов. Ол әлемде алғаш рет ірі қара малда (ІҚМ) кездесетін бруцеллез жұқпалы ауруына қарсы екпені әзірлеген.

Бруцеллезге қарсы екпені ойлап тапқан ғалым

Қайсар Қазыбайұлы 2004 жылы Қа­зақ ұлттық аграрлық университетін «Ветери­нарлық санитария» мамандығы бойынша үздік бітірген соң, еңбек жолын Жамбыл об­лысы Қордай ауданының Гвардейский ауылындағы зертханада аға лаборант болудан бастады. Осы мекемеде кіші ғылыми қыз­меткер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, ота жасайтын бөлімнің менеджері қызметтерімен сатылап өсе келе, 8 жыл бойы сол зертханада табан аудар­май бөлім басшысы болып жұмыс істеді. Ал былтырдан бері өзі білім алған жо­ғары оқу орнына оралып, университетінің Агро­технологиялық Хабы директорының халық­аралық қатынастар жөніндегі орынбасары қызметімен «Биологиялық қауіпсіздік» кафе­драсының профессорлығын қатар алып жүр.

Ғалым осы 15 жылдық жұмыс тәжірибе­сінде өз тобындағы әріптестерімен бірлесіп құс, жылқы және адамдарда кездесетін тұ­мау, бруцеллез секілді жұқпалы аурулар мен қауіпті вирустарға қарсы 11 вакцина әзірледі. Оның 7-уі жануарларға, 3-уі адамдарға ар­налған. Ғылыми еңбектерінің нәтижесі өндіріске де енгізілді. Оның өнімдері арасында әлемде әзірге баламасы жоқ ІҚМ бруцеллезіне қарсы екпе ерекше орын алады. Соңғы 6 жыл ішінде бұл өнім жан-жақты сынақтан өткізілді, ең бас­тысы өндіріске енгізілді (2019 жылғы 14 қаңтардағы №РК-ВП-1-3775 тіркеу куәлігі) және қазір де қолданыста. Осы зерттеулер арқылы әлемде соңғы 20 жыл ішінде бірінші рет ІҚМ бруцеллезіне қарсы жаңа вакцина тәжірибеге енгізілді. Бұл тиімділігі тұрғысынан барлық белгілі коммерциялық баламалардан (АҚШ, Испания және Ресейде шығарылған екпе) кем емес, ал қауіпсіздігі жағынан айтарлықтай жоғары.

Қайсар «Болашақ» халықаралық бағ­дар­ламасы аясында Vaxine Pty Ltd био­тех­нологиялық компаниясында (Аделаида, Аустралия) «Қоғамдық денсаулық сақтау үшін қауіпсіз және жоғары тиімді вакциналарды жасаудың инновациялық технология­лары» атты жыл сайынғы тағылымдамадан (постдокторалды зерттеулер) өтті. Осы тағы­лымдаманың аясында тиісті зертханалық прак­тика (GLP) стандартына сәйкес вакциналарды клиникаға дейінгі зерттеулердің негіздерін, сондай-ақ тиісті клиникалық практика (GCP) стандартына сәйкес адамның клиникалық сынақтарын зерттеді.

Бір жылдары құс тұмауының тым жылдам таралуынан әлем халқы біраз құстарды өртеп, шулағаны есімізде. Одан Қазақстан да тыс қалмады. Себебі қауіпті вирустың адам­ға таралуы да мүмкін екені айтыла бас­та­ды. Сол сәтте отандық ғалымдар мен олар­­дың табанды еңбегі тосын қатерге тө­теп берді. Үлкен ұжымның ішінде кейіп­керіміз Қайсар да болды. Ол құс тұмауына қарсы А/H5N1 екпесін өндіріске енгізді. Өнер­кәсіптік шығарылымның (2008 жылдан бастап жалпы өндірістік көлемі 2 млрд теңгеден аса сомаға 50 млн доза) және құс ша­руашылығы саласында құс тұмауына қарсы вакцина кеңінен қолданылды. Соның нәтижесінде 7-8 жыл бұрын көрші Қытайдың оңтүстігінде өршіген вирусты жұқтырған адам Қазақстанда тіркелмеді. Елімізде ғалымдарымыз әзірлеген адамға жұғуы мүмкін құс тұмауына қарсы екпенің де технологиясы бар. Егер қандай да бір қауіптің беті көрінсе, бірден іске қосуға дайын. Міне, отандық ғалымдардың арқасында құстарымыз ғана емес, азаматтарымыз да қауіпті вирустан қорғалған. Осы еңбегі үшін Қайсар «Жастар-2011» республикалық жастар сыйлығының «Үздік жас ғалым» аталымын жеңіп алды.

Иә, әлбетте еңбектің ескерілгені, жемісті жұмыстың бағаланғаны жөн. Осы ретте кейіпкеріміздің алған жүлдесі жалғыз емес­тігін қоса кеткіміз келеді. 2014 жылы «Дарын» мем­лекеттік жастар сыйлығын, 2016-2017 жылы қатарынан «Ғылым көшбасшысы» ата­ғын, 2018 жылы Білім және ғылым саласын­дағы бақылау комитетінің шешімімен 36 жа­сында толыққанды профессор дәрежесін иел­енді. Ал былтыр жыл қорытындысында 5000 халықаралық бас­паның 23 мың ғылыми-техникалық және медициналық журналдары жинақталған Elsevier-дің (ғылыми ақпарат саласындағы танымал, көшбасшы компания) SCOPUS дереккөзі тағайындайтын Scopus Award Kazakhstan-2019 беделді сый­лығының «Top Researcher in Agricultural Science» (Ауылшаруашылық ғылымындағы ең үздік зерттеуші) аталымы бойынша жүлдегері атанды. Өйткені ол соңғы 5 жыл ішінде 47 ғылыми жұмыс жариялады, ондағы 17 мақала Web of Science (IF 0.4-тен 4.2-ге дейін, жиынтық 43.8) бойынша индекстелетін, халықаралық деңгейде рецензияланған ғылыми журналдарда жарық көрді; 1 патенті Web of Science деректер қорына енгізілген; 2 Еуразиялық, 4 ұлттық патент алды; 1 монография жазды. Міне, сондықтан оның жұмысы халықаралық деңгейде бағалауға тұрарлық. Scopus Awards алғаш рет Қы­тайда 2004 жылы берілді. Оны сол кезден бастап Латын Америкасында, Азияда, Еуро­пада, Үндістанда, Ресейде мақалалары ең көп жарияланған және зерттеушілер өз еңбектерінде сілтеме берілген авторлар иеленді. Ғалымдарымыздың еңбегімен SCOPUS-тың сыйлығы бізге де келді.

Кейіпкеріміз осыған дейін 6 магис­транттың ғылыми диссертациясына жетек­шілік етті, қазіргі уақытта 1 PhD докто­ранттың ғылыми кеңесшісі міндетін атқарып жүр. Оған қоса 2019 жылдың шілдесінен бастап «Өмір және денсаулық туралы ғылым» басым бағыты бо­йынша Ұлттық ғылыми кеңеске мүше.