Еуразиялық банкі бөлімшелерінде «Астана Банкі» АҚ салымшыларының өтініштері қабылданып, қарастырылады және төлем жүргізіледі. Салымшының таңдауы бойынша ақша қолма-қол төленуі немесе банктік шотқа аударылуы мүмкін.
Еуразиялық банкі «Астана Банкі» АҚ салымшыларына өтемді 2019 жылғы 26 қаңтардан бастап ҚДКБҚ атынан және қаражаты есебінен төлейді. Салымшылар алдындағы міндеттемелердің 75%-ы төлем басталғаннан бастап алғашқы үш күнде, 95%-ы бірінші айда өтелді. Бүгінгі таңда «Астана Банкі» АҚ салымшыларына 37 миллиард теңге төленді, ал агент банкке жүгінбеген салымшылардың алдындағы міндеттемелердің қалдығы бастапқы міндеттемелер сомасының тек 1%-ын құрайды. Төлем алуға өтініш берген салымшылардың саны көп емес: «Астана Банкі» АҚ 268 мың салымшыларының тек 59 мың салымшысы агент банкке жүгінген, ал аймақтар бойынша жүгінулердің пайызы 28%-дан аспайды. Негізгі себеп – аз қалдықты шоттардың көп саны: талап етілмеген депозиттердің шамамен 95%-ы – 5 мың теңгеден кем сомаға, оның ішінде 80%-ы – 1 мың теңге шегінде. Салымшылар әдетте, шағын депозит бойынша өтем алуға асықпайды.
Алайда, ірі депозиттер да қалуда: агент банкке әлі өтініш білдірмеген екі салымшы ең жоғары өтем сомасына – 10 миллион теңге, 30 салымшы – миллион теңгеден астам, 346 адам – 100 мың теңгеден астам және 5 мың адамның 10 мың теңгеден астам депозиттері бар.
Осы жағдайда ҚДКБҚ және Еуразиялық банкі басшылығы «Астана Банкі» АҚ салымшыларына олар тұратын және жұмыс істейтін орындарда төлем алу мүмкіндігін одан әрі қамтамасыз ету қажет деп санады. Еуразиялық банк Қазақстанның 33 қаласында ұсынылған және 17 филиалы мен 114 бөлімшесі бар, ал кейбір бөлімшелері демалыс күндері де жұмыс істейді. Яғни, «Астана Банкі» АҚ салымшыларын Еуразиялық банктің кез келген бөлімшесінде күтуде. Егер салымшы төлем алуға жеке өтініш білдірсе, бөлімшедегі шот менеджеріне жеке басын куәландыратын құжатпен жүгіну жеткілікті, ал өтініш бланкісін сол жерде толтыруға болады. Өтінішті қараудың және ақша төлеудің ең ұзақ мерзімі – 5 жұмыс күні. Агент банкі салымшылардың сенім білдірген тұлғаларының да өтініштерін қарайды. Сенімхат нотариуспен куәландырылуы тиіс. Бас және арнайы немесе бір реттік сенімхатты да қабылдайды.
ҚДКБҚ-дан төлемнің ең жоғары сомасы – теңгедегі депозиттер бойынша (салымдарды, ағымдағы шоттарды және төлем карточкаларын қоса алғанда) 10 миллион теңгені, шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңгені, таратылатын банкте бір мезгілде теңгемен және шетел валютасымен орналастырылған бір салымшының депозиттері бойынша – 15 миллион теңгені (соңғы жағдайда – 5 миллион теңгеден аспайды) құрайды. Барлық төлемдер тек теңгемен беріледі. Шетел валютасындағы салымдар бойынша өтеу банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күнгі валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша – 2019 жылғы 9 қаңтарға: депозиттер бойынша АҚШ долларымен – 373,66, еуромен – 427,80, Ресей рублімен – 5,57 бойынша есептеледі.
Еске сала кетсек, «Астана Банкі» АҚ 2018 жылдың 18 қыркүйегінде барлық банктік операцияларды жүргізуге лицензиядан айырылған болатын. 2018 жылдың 26 қарашасында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен банкті ықтиярсыз тарату туралы шешім қабылданды. Бұл шешім 2019 жылдың 9 қаңтарында заңды күшіне енді. 2019 жылдың 26 қаңтарында «Еуразиялық банк» АҚ қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қорының атынан және қаражаттары есебінен салымшыларға – жеке тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге өтеуді төлей бастады.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры «Астана Банкі» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ және «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ салымшыларына төлем жасауды жалғастыруда. Осы банктердегі депозиттердің 99,3%-ы толығымен кепілдікпен қорғалды және салымшылар жинақталған сыйақысы бар өз депозитінің толық сомасына өтемақы алды немесе алуға құқылы. Қазіргі уақытта үш банктің салымшыларына қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының резервінен 57,7 миллиард теңге төленді. Заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚДКБҚ барлық банк операцияларын жүргізуге лицензиядан банктің айырылу күнінен бастап 35 жұмыс күні ішінде төлеуді бастайды – сот шешімдерін күту алынып тасталды. 2018 жылғы қазанда қазақстандық қаржы нарығында 15 миллион теңгеге дейін (теңгемен салымдар бойынша) жоғары кепілдікпен жинақ салымдары пайда болды. Қазіргі уақытта банк жүйесі бойынша депозиттердің 99,8%-ы толық сомаға қорғалған.