«Фридом Финанс» АҚ Freedom 24 қаржылық технология стартап-жобасының іске қосылғанын жариялады. Қазақстандықтар тәулік бойы жұмыс істейтін құнды қағаздар интернет-дүкені арқылы белгілі компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Жобаның басты артықшылығы – мейлінше жеңілдетілген қызмет, банк картасымен онлайн төлеу мүмкіндігі, акцияларды алғашқы үш айдың ішінде сатып алған жағдайда комиссиялық төлемнің алынбауы. Сонымен қатар интернет-дүкенде белгілі компаниялардың құнды қағаздары бар. Қызмет Қазақстанның кәмелеттік жасқа толған азаматтарына қолжетімді.
Сайтта 33 компанияның акциялары бар. Атап айтқанда, америкалық Ford Motor Company, Starbucks Corporation, The Coca-Cola Co, Apple Inc., Facebook Inc., Microsoft Corporation, Nike Inc., Tiffany, Exxon Mobil, Tesla Inc., Intel, Pfizer, Bank of America N.A, Freedom Holding Corp., SPDR S&P 500; ресейлік «Яндекс», «Нефтяная компания «Лукойл», «Новолипецкий металлургический комбинат», «ГМК «Норильский никель», «Аэрофлот», «Газпром», «Сбербанк России», «Ростелеком», «Банк ВТБ», «Магнит», сондай-ақ қазақстандық «Қазақстанның Халық банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазАтомӨнеркәсібі» Ұлттық атом компаниясы» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, Kaz Minerals PLC, «KEGOC» АҚ, «Ксеll» АҚ компаниялары бар.
Freedom Holding Corp. СЕО-менеджері Тимур Турловтың айтуынша, Freedom 24 – Қазақстанда қор нарығын дамытуға бағытталған инновациялық жоба. «Біз нарыққа жаңа инвесторларды тартуға дайынбыз. Осы арқылы көптеген тұтынушылар құнды қағаздар нарығының жаңа мүмкіндіктерін табады. Сайтты әзірлеу кезінде заманауи ақпараттық технологиялар қолданылды. Жеңілдетілген қызметтің нәтижесінде тұтынушы санаулы секундтың ішінде тиімді келісімшарт жасауға мүмкіндік алады. Барлық рәсім заңды түрде жүргізіледі.
Ресей Федерациясында акциялар дүкені 6 жылдан астам уақыт бойы нәтижелі жұмыс істеп отыр. Тұтынушылар базасы айына 1 мың жаңа келісімшартпен толығады. Қазақстан үшін бұл баламасы жоқ, ерекше жоба», дейді ол.
Freedom 24.kz директоры Вячеслав Ким стартап-жобаның жеке капиталды өсіруге мүмкіндік беретінін айтады. Сондай-ақ заманауи технологияның көмегімен, құнды қағаздарды сату және сатып алу мейлінше жеңілдетілген. Ал қор нарығы барлық қазақстандық үшін қолжетімді. Акцияларды сатып алу үшін сайтқа кіріп, өзіңіз қалаған компаниялардың акцияларын таңдап, банк картасымен төлеу арқылы сатып алуға болады. Техникалық тұрғыдан түсінікті түрде әзірленген сайтта сараптамалық мақалалар, шолу мен жаңалықтар да орналастырылады. Осы арқылы тұтынушылар қор нарығы мен акциялар туралы білімдерін молайта алады.
Сатып алудың ең төменгі сомасы – 3 мың теңге, ең жоғарысы – 1 млн теңге. Бір күнде құны 1 млн теңгеге жететін акцияларды банк картасы арқылы сатып алуға болады. Бұл үшін банктің төлем сомасына қатысты бекітілген шектеуді ескеру керек. Бір компанияның акцияларын сатып алу шектеуі айына 300 мың теңге. Сонымен қатар сайтта эмитент-компаниялардың қаржылық көрсеткіштері, жаңалықтар, шолу мен сараптама секілді ақпарат та болады. Құнды қағаздарды сатып алу мүмкіндігіне жол ашатын жоба, қор нарығына жаңадан келген тұтынушының сауаттылығын да молайтуға септеседі. Жобаның тағы бір артықшылығы, «Робот-эдвайзер» зияткерлік жүйесі. Бұл ашық қолданыстағы мәліметтердің негізінде инвестициялық портфель жинақтайды. Портфельдің құрамы тұтынушының сұранысына байланысты үш түрге бөлінеді: пассивті, консервативті және агрессивті.
«Фридом Финанс» АҚ Қазақстанның қор биржасында брокерлік қызмет көрсетеді. Құнды қағаздардың котировкаларын қолдау үшін маркет-мейкердің қызметін көрсетіп, қаржылық консалтингті де ұсынуға әзір. Сонымен қатар қарыздық және үлестік қаржыландыру бойынша да қызмет көрсетеді. Қазақстанда компанияның 15 бөлімшесі жұмыс істейді. Бас кеңсесі Алматыда орналасқан. «Фридом Финанс» АҚ Freedom Holding Corp. халықаралық тобына мүше. Акциялары америкалық NASDAQ биржасында сатылады.