Үкімет • 31 Қаңтар, 2020

Министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті

337 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана Балет» театрында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі өткен жылды қорытындылауға және биылғы жылдың жоспарларын талқылауға арналған кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті

Алқа мәжілісіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі және Үкімет өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Жиында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және вице-министрлер Нұрғиса Дәуешов пен Елдос Рамазанов, Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог–Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауы аясында туризм және тіл саясатын дамыту және Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы, Елбасының «Рухани Жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында министрліктің 2019 жылы атқарған жұмыстары және алдағы жылы атқарылатын жұмыстар туралы баяндады.

Сонымен қатар 2020 жылы Әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында атқарылатын жұмыстармен таныстырды. Осы ретте Ақтоты Райымқұлова биыл мерейтойы қарсаңында ысырапшылдық пен науқаншылдыққа жол берілмейтіндігіне назар аударды.

«Биылғы жыл мәдениет және өнер саласы қызметкерлері үшін жағымды жаңалықпен басталып отыр. Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға дейін, өңірлерде 35%-ға дейін өсті. Жалпы, шамамен 36,4 мың адамның, оның ішінде республикалық деңгейде 3 мыңға жуық, өңірлерде 31 мыңнан астам адамның жалақысы өсті. Сондай-ақ, «Мәдениет туралы» заңдағы соңғы өзгеріске сәйкес енді балет бишілері 20 жылдық еңбек өтілімен жұмыстан шықса, зейнет жасына дейін жалақысының 60% көлемінде ай сайын мемлекеттен төлемақы алып отырады. Бұл қаржыны соңғы жұмыс орнындағы 3 жылдық жалақы мөлшеріне қарай есептеледі» деді министр.

Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов 2019 жылдың қорытындысы бойынша спортпен шұғылданушылар саны артып 5,7 миллион адамды құрағанын айтты.

«Бұл дегеніміз Қазақстан халқының 30,6% спортпен тұрақты шұғылданады деген сөз. Өткен жылы елімізде республикалық деңгейде 610 спорттық бәсеке өткізілсе, спортшыларымыз әлемдік, халықаралық деңгейдегі 877 сайысқа қатысты. Оның 58-і Қазақстанда өткен. Сондай-ақ 2019 жылы Президенттік нормативті тапсыруға 4,3 млн. адам қатысты. Оның 99,5 мыңы президенттік деңгейдегі, 231,7 мыңы ұлттық, 482,2 мыңы бастапқы нормативті орындаған. 2019 жылы 13 желтоқсанда мемлекеттік деңгейде допингке қарсы шараларды күшейтуге бағытталған «Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

Заңдағы өзгерістер спортшыларға, жаттықтырушыларға және басшыларға қатысты дисквалификациялау, ақшалай көтермелеуді қайтару, Олимпиада мен басқа да жарыстардың жүлдегерлеріне берілген тұрғын үйді қайтару, өмір бойы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату, ай сайынғы ақшалай қаражат төлеуді тоқтату, спорттық атақтан, разрядтан айыру сынды нақты шараларды көздейді. Осы бағытта өткен жылы допингке қарсы 120 семинар, 52 лекция өткізілді. 2019 жылы дипингке қарсы 36 құқық бұзушылық анықталып, 29-ына шара қолданылды» деді.