Сенаторлар кездесу барысында Еуропа Кеңесімен әріптестік қарым-қатынастарды дамыту мен еліміздің осы ынтымақтастық сапасын арттыру жөніндегі ниетінің маңызын атап өтті.
Еуропалық парламентшілер еуропалық бірқатар конвенцияларға қосылу жөніндегі Қазақстанда қолға аланған жұмыстарымен және Еуропа Кеңесінің Қазақстандағы кеңсесін ашу жөніндегі жоспарларымен танысты. Қазақстандық депутаттардың елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы, оның ішінде мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыру, көппартиялық және азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі ақпараты жүздесушілердің назарын аударды.
ЕКПА-дағы латыш делегациясының жетекшісі, Парламенттік Ассамблеяның Вице-президенті И.Либиня-Эгнере екі ел арасында сенімді саяси диалог қалыптасқанын, оның аясында саяси, экономикалық және мәдени тығыз байланыстар дамып келе жатқанын атап өтті. Латвия Сеймінің вице-спикері парламентаралық үнқатысу, оның ішінде Парламенттік Ассамблея аясындағы тығыз ынтымақтастықты дамыту туралы айта келіп, қазақстандық депутаттарды Латвияға келуге шақырды.
Румын депутаттары Ю.Булай, А.Николае және В.Бадеа сауда-экономикалық кооперацияны әртараптандыру, екі елдің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту және студенттер алмасумен бірге мәдени-гуманитарлық байланыстарды өрістетуге қарқын беру туралы айта келіп, Қазақстан мен Румыния арасындағы екіжақты ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалады. Румын Парламентінің жоғарғы палатасында шетелдегі румын диаспорасымен байланыс мәселелеріне жауап беретін В.Бадеа Қазақстанда тұратын этникалық румындар екі мемлекет арасындағы көпір екенін атап өтті. Бұл ретте этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің ерекшелігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді институттың маңызы атап өтілді. Тараптар кездесу соңында екі елдің Парламенттерінде жұмыс істейтін достық топтарының байланысы бойынша парламентаралық ынтымақтастықты тереңдетуді жақтайтынын айтты.