Спорт • 31 Қаңтар, 2020

Кәсіпқой бокс: Ахмадалиев қос алтын белбеуді иеленді

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Майами қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде өзбекстандық Мұроджон Ахмадалиев америкалық Даниэл Романды ұпай санымен ұтып, екінші жеңіл салмақтағы IBF және WBA (Super) нұсқалары бойынша алтын белдеулерді иеленді.

Кәсіпқой бокс: Ахмадалиев қос алтын белбеуді иеленді

Бұл күндері Өзбекстанның барша жанкүйерлері өз отандастарының осы табысына айрықша қуануда. Себебі, Мұроджонның кәсіпқойлар арасында күш сынасып жүргеніне аса көп уақыт бола қойған жоқ. Тұсаукесер кездесуін ол 2018 жылдың көктемінде өткізген болатын.

Сол уақыттан бері жеті рет рингке көтеріліп, барлық қарсыласынан басым түсті. Алты бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Ал өзінің сегізінші жеңісінен кейін Ахмадалиев белді нұсқалар бойынша әлем чемпионы атанып отыр. Шыны керек, кәсіпқой бокс тарихында қысқа ғана мерзім аралығында осындай орасан зор табысқа қол жеткізген спортшылар өте сирек.

Бұл боксшы қазақ жанкүйерлеріне де жақсы таныс. 25 жастағы Мұроджон әуесқойлар арасында да елеулі табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс медалін мойнына ілсе, 2016 жылы Олимпиа ойындарында қолаға қол созды. Одан бөлек, Азия чемпионы деген атағы тағы бар.  

Дәл осы былғары қолғап шеберінің дүбірлі додаларда біздің Қайрат Ералиевпен екі мәрте қжолы қиысқаны да жанкүйерлердің есінде. Рио Олимпиадасындағы айқас Ахмадалиевтің пайдасынан шешілсе, келесі жылы Гамбургте өткен әлем чемпионатында Ералиев кеткен есесін қайтарды.