Спорт • 31 Қаңтар, 2020

Волейбол: Ел чемпионаты жалғасуда

457 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері республикамыздың бірқатар қалаларында волейболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының кіші үшінші туры өтіп жатыр.

Волейбол: Ел чемпионаты жалғасуда

Ұлттық лиганың «А» тобы аясындағы бәсекелер Павлодарда өтті.  Екінші жарыс күні Нұр-Сұлтанның «Астанасы» «Қарағандыны» 3:0 (25-18, 25-20, 25-17) есебімен ұтты. Жергілікті «Ертіс-Қазхром» мен Солтүстік Қазақстан облысынан келген «Қуаныш» арасындағы матчта да дәл сондай есеп тіркеліді – 3:0 (25-18; 25-18; 26-24).

«В» тобындағы сайыстар Өскеменде ұйымдастырылды. «Алматы» мен жергілікті «Алтай-2» клубары арасындағы бәсеке 3:0 (25-23, 25-16, 25-20) есебімен алғашқылардың пайдасына шешілді. Осы турдағы басты ойын «Жетісу» мен «Алтай» арасында өрбіді.

Алғашқы екі кезеңде Алматы облысының волейболшылары алға шықса, үшінші және төртіншісінде алаң иелері айлаларын асырды. Шешуші партияда «Жетісу» жеңіске жетті. Есеп – 3:2 (27:25; 27:25; 23:25; 22:25; 15:11).