Аймақтар • 03 Ақпан, 2020

Солтүстіктің көрсеткіштері сәл ғана өскен

277 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алынған мәліметтерге қарағанда, Солтүстік Қазақстанның әлеуметтік-экономика­лық дамуы былтыр 2018 жылмен салыстырғанда негізінен өзгеріссіз қалған.

Солтүстіктің көрсеткіштері сәл ғана өскен

2018 жылы облыста жұмысқа жарамды 311,3 мың адам болса, 2019 жылы бұл сәл ғана өзгеріп, 312,2 мыңға дейін артқан. Жұмыссыздық деңгейі былтыр 2018 жылмен салыстырғанда 0,1 па­йызға төмендеп, 4,8 пайыз­ды құраған. Бұл көрсеткішке жұ­мыссыздардың республикадан тыс, сыртқа кеткендігі де әсер еткен.

Жұмысқа орналасқандар саны 2018 жылы 29692 болса, былтыр біршама азайып, 28246 адам болған. Жаңадан ашылған жұмыс орындары да 2018 жылмен салыстырғанда аздау.

2018 жылы «Еңбек» нәтиже­лі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына 26,3 мың адам қатысқан болса, былтыр оның саны 23,7 мың адамға дейін азайған. Соның ішінде 44,8 па­йызы жұмыссыздар, 55,2 пайызы өзін-өзі қамтығандар. Кәсіби оқумен қамтылғандар саны 1800 адам, 727 адам жеңілдетілген несие алған. 

Былтыр облысқа респуб­ликаның басқа өңірлерінен көшіп келгендер саны артқан. 2018 жылы олардың саны 1396 адам болса, 2019 жылы 2223 адамға жетті. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мәліметке қарағанда көшіп келген барлық 736 отбасы «көшіп келушілердің квотасына» енгізілген. Көшіп келушілердің негізгі бөлігі, яғни 288 отбасы Түркістан об­лысынан келген. Екінші орын­да Нұр-Сұлтан қаласы, одан келгендер 117 отбасы, қал­ғандары Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыс­тары мен Шымкент қаласынан келген. 

Көшіп келгендердің ішінде 1107 адам жұмысқа қабілетті жастағы адамдар. Соның ішінде 616 адам тұрақты жұмысқа ор­на­ластырылған.

Былтыр Солтүстік Қазақ­стан облысына келген оралман­дар­дың саны – 189 адам. Олар 83 отбасын құрайды. Оралмандардың көбі, яғни 83 адам (34 отбасы) Қытайдан келген. Моңғолиядан келгендер саны 60 адам, олар 16 отбасын құрады. Сонымен қатар Ресейден 29, Өзбекстаннан 15 адам көшіп келген. Осылардың ішінде квотаға енгізілгендер саны 110 адам, олар 47 отбасын құрайды.   

Көшіп келушілер үшін рес­пуб­ликалық бюджеттен 503,7 млн теңге бөлінген, соның ішін­де көшіп келу шығындары – 193,2 млн, тұрғын үйді жалдау шығындары – 218,5 млн, жұмыс берушіге берілген субсидия – 92  млн теңге. 

2020 жылдың басына дейінгі мәліметке қарағанда облыста атаулы әлеуметтік көмек 27774 адамды қамтыған 5897 отбасына берілген. Бұл мақсатқа 2,4 млрд теңге жұмсалған.  Сонымен қатар көп балалы және аз қамтылған отбасыларға жергілікті бюджет, бизнес қауымдастығы тара­пынан демеушілік және қайы­рым­дылық көмектер ұйымдас­тырылып, барлығы 1,4 млрд теңге бөлінген.

Әрине көшіп кетушілер саны жалғасып, жалпы халық санының азаюы тоқтамай тұр­­ғанымен өңір халқының әлеу­­меттік қорғалуы жалпы респуб­ликалық деңгейден сәл ғана төмен екендігі көрініп тұр. Егер «солтүстік коэффициенті» сияқ­ты толғағы жеткен қосымша төлемдер берілсе, терістіктің жан­дана түсері сөзсіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы