Тарих • 03 Ақпан, 2020

Бір тау бар Азат деген айтары көп

718 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Азат тауы Көкшетау қаласының күншығыс жақ беткейінде. Қазіргі жүйрік көліктің жайымен есеп құрсаңыз, атшаптырым жер ғана. Іргесінде Азат станциясы бар. Есте жоқ ескі кезеңде бұл өңірде Жалғызқарағай, Былқылдақ, Өзенқарағай атты ауылдар болған деседі. Ақ қашып, қызыл қуған үркіншілік жылдары бас сауғалап, үдере көшкен. Кейін ел қайта оралып орныққанда, Жалғызқарағай Алексеевка аталған.

Бір тау бар Азат деген айтары көп

Бағзы заманда осы жатаған таудың жонында дүлдүл ақын Шал Құлекеұлы туған. Ақынға да, батырға да ақ бесік болған қа­сиетті тау, қастерлі топырақ. Қа­зір­гі күні жолбарыс жонды биікте екі зират бар. Бірі – Қосағалы батыр­ді­кі. Зираттың көлденеңі мен ені әлденеше құлаш. Мүмкін бірнеше мүрденің қойындаса жатуы, әлде Қоса­ғалы батыр алып денелі адам болды ма екен?.. Уақыт табынан тозыңқыраған, кейін ел еске­ріп орнатқан темір шарбақ тілсіз. Есе­сі­не ішіне орнатылған белгі таста біршама дерек бар. «Багатер Косағалы Толеков умер, руы Жақ­сы­лық қарауыл. Ескерткіш қойған: Алі ұлы Рақымжан» деп ойылып жазылыпты. Араб әріптермен де шағын аят, аты, әкесінің есімі, руы таңбаланған.

Тау етегі – тұнған тарих. Құлақ сал­­саңыз, өткен күннің елесін көз алдыңыз­ға келтіріп, жыр­лап-ақ тұр. Былай дейді: «Қосағалының бір ке­ліні ұл бала туып, өзі жорыққа жү­ріп бара жатқанда, ағайындары жиы­лып, сәбидің атын қойып, ба­та­ңызды беріп кетіңіз» деп қол­қа­лағанда, ат үстінде тұрған батыр нәрестені алақанына салып, бетіне ойлана ұзақ үңіліп: «Аты Азат болсын, түбінде ұрпағымның аузында осы немеремнің аты қалады» десе керек.

Ел жайлауда. Біраз күн өткен­де бала өз-өзінен тыныш­сы­зда­нып, кенет­тен келген науқастан қайтыс болады. Ауыл-аймақ «Майтөбе» атты биікке жерлеп, аза тұтады. Соңы­нан сол төбе «Азат тауы» аталады. Осы соңғы жорығынан келе жатып, батыр атасы да дүние са­лып, Азаттың жанынан топырақ бұ­йырған. Қазір өзі де осы қорымда жат­қан, көріпкел-бақсылығымен жұрт­қа белгілі Күлай әже: «Мұнда жер­дің атауынан да тереңірек ма­ғы­на жатыр» дейді екен.

Азаттықты аңсаған, оның азап­ты жолынан өткен Қоса­ға­­лы батыр кім болған деген са­­уал­­­ға жауап беріп көрелік. Қа­зақ шежіресіне тізбе талдау жа­сап, көз жүгіртсек, Арғын руы Қарауылдың Жақсы­лық тар­мағынан тарайтын Бая­н­­ұлы Байтөлектің баласы Қоса­ға­лы шамамен 1755-1820 жыл­дар аралығында өмір сүр­ген арыс­тарымыздың бірі әрі біре­ге­йі. Танымал жазушы Тор­тай Сәдуақасовтың 2004 жылы жарық көрген «Ел мен жер» атты кітабындағы шежіреде: Қара­уыл­дан төмен Мәшек атасынан – Есенбай – Әлімбет – Жақсылық – Баян – Төлек – Қосағалы – Байбол – Күлес – Жәулә – Есқақ – Қабдолла болып ұрпақтары одан әрі жалғаса береді. Батыр­дың әкесі Төлек Баянұлы мың­ды айдаған бай болыпты. 1723-1730 жылдарғы Ақтабан Шұбы­рын­ды­да жадап-жүдеп осы жаққа жеткен қандастарымызға мал, жер беріп, көмек көрсеткен атымтай жо­март­тығына сайып ел-жұрт оны Баянұлы Бай-Төлек атап кеткен екен. Қосағалы батыр туралы қилы-қилы деректерді, ел тарихы­на қатысты елеулі жәдігерлерді жинап жүрген қаламгер Айдос Әбу­тә­ліпов те растайды.

Қосағалыны өз тұсында Ом­бы­ның шынжыр балақ, шұбар төс­тері де сыйлап, санасқан. Ол уақытта қорыққанын ғана сый­лайды емес пе? Достық мезірет­те­рін де жасап отырған.

– Шекпенділер жерімізге дендей кіріп, ел ішінде алауыз­дық өр­шітеді. Атығай руынан Маң­дай де­ген кісіні бір қателі­гіне орай өлім жазасына тарт­қа­ны үшін Қо­са­­ғалы батыр бас­та­ған топ Уәлі ханның ордасын шап­пақ­шы бол­ған. Ханның мұз­дай қаруланған әскері қырып тас­тай­ық деп Уәліге жүгінгенде, хан сабы­рлылық танытып: «Бұлар да он екі ата Атығай мен сегіз ата Қара­уылдың балалары. Қоса­ғал­ы­­ның өзі оқ бойы алда келеді, ол ашулы, оларға керегі мен ғой, тасалай тұрайын деген екен. «Хан қашқаныңыз» осыдан шық­қан, дейді жергілікті тарихшы Марат Оспанов.

Жергілікті халықтың нара­зы­­лы­ғына қарамастан жет­пі­сінші жыл­дардың соңында арғы зират көшіріліп, Қосағалы жатқан қорым­ға қайта жерленген. Тағдыр тәлкегін дөп біліп, тажалдан іргесін аулақ салған Қо­сағалы батырды әулие демей кім дерсіз?! Жер қойнындағы аруақтардың өзі батырдан пана іздеп, шұрқырай табысқандай емес пе? Мұндай әулие адамдар ха­лық­тың шексіз құрметіне бөлен­у­ге тиісті.

Азатта туған атақты Шал ақын Құ­лекеұлы балаң шағында Сол­­­­­түс­тік Қазақстан облысының Сер­­­геев ауданына қоныс аударып, сонда жерленгені белгілі. Әттең, қа­бірі су қой­масының ас­тын­­да қал­ғанымен, аудан Шал ақын аталады.

Қойнауы тарихқа толы Көкше бау­райын­дағы аңызға айналған атау­­лардың бір парасы осындай.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы