Қоғам • 03 Ақпан, 2020

Ант рәсім үшін қабылдана ма?

628 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дәстүрлі қазақ қоғамында хандармен қатар халық арасынан шық­қан билердің ықпалы да, рөлі де жо­ғары болғаны белгілі. Биге қатаң талап­тар қойылған. Олар сайланған жоқ, халықтың арасынан іріктеліп шықты.

Ант рәсім үшін қабылдана ма?

Билер үшін беделдің маңызы ерекше болды, өйткені олардың шешімдерін орындауға қоғамдық пікір ықпал етті. Сонымен бірге әдет-ғұрып құқығындағы ант беру мен ант қабылдау тәртібі және оның мән-мағынасы ерекше болды. Ант қабылдауды болыстық молда жүр­гізді және ант бүкіл халық алдында қабылданды. Өтірік ант берушілер көпшілікке масқара болуымен қатар, жазаға ұшырап, айып та төлеген. Ол кездегі сот төрелігінің негізгі мақ­саты «дау мұраты – бітімде» деген қағидатқа негізделді. Кезінде төбе би болған Абай «қу тілмен қулық сауған заңдарды», сатылғыш сот пен судьяларды, заңсыздық пен парақорлықты қатты сынаған.

Қазір Қазақстанда сот жүйесін реформалау бағытында көп жұмыс атқарылуда. Сонау 90-жылдары орын алған көптеген кемшілікті қа­зір көз­ге елестетудің өзі қиын. Де­сек те, судья­лардың ара­сында қо­лы­ның сұғы барлары, кәсі­би дең­гейлері төмендері әлі де кез­деседі. Істерді қарауда әуре-сарсаң мен сот қателіктеріне жол беруі, сот ше­шімдерінің орындалмауы тұрғын­дар тарапынан ашу сезімін тудырып, сотқа ғана емес, билікке деген сенім­сіздікке әкеліп соғуда. Сондықтан Президент Қ.Тоқаев сот шешімдерінің сапасын арттыру бағытында байсалды шешімдер қабылдауды, сол сияқ­ты сот тәжірибесінің біркелкілігін қам­тамасыз етуді талап етіп отыр. Олай болса, Абайдың сот билігіне қатысты жазған ережелері мен шешімдері, судьялардың қоғам алдындағы міндеті мен жауапкершіліктеріне қатысты ойлары осы күнге дейін өзінің өзек­тілігін жоғалтпапты. Сондықтан өт­кен­­нің тәжірибесі мен бүгінгінің қа­жеттілігінен туындайтын бірнеше мәселені ортаға салған жөн сияқты.

Біріншіден, қазір әрбір судья өз мiн­деттерiн адал және абыройлы атқаруға салтанатты түрде ант бере­ді. Ол қо­ғамдық қызмет пен тұрмыстық жағ­дайда судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауы тиіс. Судья әдебі кодексінде белгіленген жүріс-тұрыс қағидаларын отставкадағы судьялар да орындауы тиіс. Судьялық әдепке байланысты қандай да бір мәселелер осы кодекспен реттелмеген жағдайларда, судья жалпы қа­былданған мораль мен адамгершілік қағидаттарын, сондай-ақ сот төрелігін іске асыру мен судьялардың жүріс-тұрыс саласындағы халықаралық стандарттарды ұстануы керек. Сот жюриінің құрамына жұртшылық өкілдері кіреді. Судья әдебі жөніндегі комиссия­лар жұмыс істейді. Олай болса, Абайдың дәуі­ріндегі ант беру мен ант қабыл­дау және бұл үдеріске қоғамның қатыс­ты­лығы мәселесі ескерілген жағдайда сот шешімдерін орындауға қоғамдық пікір­дің ықпалы артып, судьяның беделі өсер еді.

Екіншіден, еліміздегі сот жүйесін ізгі­лендіру мәселесі қолға алынғалы бе­рі билер соты жайында жиі айтылып жүр. Бізде судья лауазымында болу­дың шекті жасы – алпыс бес жас. Ай­рықша жағдайларда ол бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Мiнсiз бедел жинап, лауазымынан құрметпен кеткен соң олардың көбісі қол қусырып отырмасы анық. Отставкадағы судьялар да судьялық әдебін сақтайтындығын жоғарыда айттық. Ендеше, осындай судьялардың әлеуетін неге пайдаланбасқа? Олар бай тәжірибесіне қоғамдық салмақ қосар еді. Қазір заңды білетін адамдардың медиаторлықпен айналысып, билер сотын дамытуға араласқандары оң шаруа сияқты.

Үшіншіден, азаматтық қоғам құ­рудағы сот пен судьялардың беделін арт­тырудың маңыздылығын ескере отырып және адам құқығы мен бос­тандықтарын қамтамасыз ету мақ­сатында судьяның өзі қарап, үкім шығарған істеріне өмірлік жауап­кершілік алу идеясы көңілге қонымды. Егер судья судьялық әдепті қызметтен кеткенде де сақтаса, онда оған өзі шешімін шығарған істерінің бәріне өмірлік жауапкершілік алу да қиынға соқпас. Бәлкім, сонда жағдай өзгере бастар.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

саяси ғылымдар докторы