Аймақтар • 03 Ақпан, 2020

Жаһандық экономиканың цифрлы болашағы

465 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еуразиялық одаққа мүше елдердің Үкімет басшылары цифрлы кеңістік құру мақсатында Алматыда «Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» форумын өткізді. Бірыңғай ақпараттық интеграцияланған жүйе құру мәселесіне үлкен дайындықпен келген мемлекеттер бұдан бұрын да көлік-логистика, кеден жүйесін біріздендіру мәселесін бірнеше мәрте көтерген еді. Цифрландыру экономикалық ықпалдастық қана емес, адамдардың өмір сапасының жақсаруы мен бизнесті жүргізудің тәртібін заманауи деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деген тоқтамға келген ықпалдастық елдері соңғы онжылдықта адамзат өміріне дендеп енген жасанды интеллектінің ғылым мен өнеркәсіптегі жетістіктеріне зор сенім артып отыр.

Жаһандық экономиканың цифрлы болашағы

Ақылды технологиялар адам еңбегін алмастырып, ғы­лым­да бұрын-соңды болмаған же­тістіктерге қол жеткізе бас­тады. Жасанды интеллектінің өнер­кә­сіпте, медицинада, спортта, тіптен сурет өнеріндегі қайталанбас же­тістіктері саланы әрі қарай дамытуға инженерлердің де, ин­вес­торлардың да бар ықыласын аударып отыр, деп бағалайды сарапшылар. Форумның пленарлық отырысына дейін өткен бірнеше кездесулер Еуразиялық одаққа мүше елдердің даму болашағына байланысты өрбіді. Орталық Азия, Әзербайжан, Моңғолия бойынша аймақтық директоры Андрей Беклемишев, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ф.Хохшильд, Ұлы­британия мемлекеттік цифрлы қыз­метінің директоры Крис Фер­гюсон, Amazon Web Services трансформация бойынша директоры Л.Максвелла және «01 Edu System» еуропалық білім платформасының негізін қалаушы Н.Садирак пікір алаңында жасанды интеллектінің медицина, білім саласында, кли­маттық ерекшеліктерді анық­таудағы жетістіктеріне тоқталды. Шетел­дік сарапшылар сондай-ақ ауыл шаруа­шылығында, сын-қатерлер, урбаниза­ция, автомобиль өндірісі, криптовалюта, блокчейн, яғни банк жүйесі таяу келешекте жасанды интеллект жетіс­тік­теріне толығымен сүйенетінін атап өтті. Экономиканы дұрыс басқа­ру теті­гінде жасанды интеллект қол жұ­мы­сын алмас­тырып, 2030 жылға жейін ІТ ше­шім­дер энергияның 30 пайызын тұтына­тын болады. Сондықтан да ғылыми-тех­ника­лық үдерістерде Еуразиялық одақ елдері үшін бірыңғай цифрлы кеңістік қажет.

Қазақстан Республикасы Пре­мьер-Министрі А.Мамин, Ресей Феде­рациясы Үкіметінің бас­шысы М.Ми­шустин, Беларусь Респуб­лика­сының Премьер-министрі С.Ру­мас, Молдова Республи­­касы­ның Премьер-министрі И.Ки­ку, Армения Премьер-ми­нистрі­нің орынбасары М.Гри­горян, Қыр­ғыз Республикасының Пре­мьер-министрінің орынбасары Ж.Ра­за­қов, Еуразия Эконо­ми­ка­лық комиссия­сының Алқа төр­ағасы Т.Саркисян мем­лекеттер тәжі­рибесін әрі қарай нығай­ту мәсе­лесін қозғады.

Премьер-Министр А.Мамин атап өткендей, Қазақстанда жасанды ин­тел­лектіні пай­да­ланудың жалпы экономи­калық тиімділігі таяу келешекте жылына 25 млрд долларды құрайды. Тара­та айтар болсақ, қызмет көрсету сала­сында жылына 15 млрд доллар, тау-кен өндірісінде жылына 9 млрд доллар құра­уы мүмкін. Бүгінде Қазақстанда сала­ны дамытудың алғышарттары қалып­тасты. «Аlem» бағдарламалар ІТ-мектебі заманауи әдістер мен оқыту әдістеме­сін пайдаланатын халықаралық орталық ретінде белгіленсе, Astana Hub IT-стар­таптар халық­ара­лық технопаркі иннова­ция ор­талығына лайық. Өткен жылы ашыл­ған инновациялық IT-универ­­ситетінің Amazon және UNICEF даму институт­тары және ал­дыңғы қатарлы ІТ компа­ния­лар­мен ынтымақтастығы қарасты­рылуда. Премьер-Министр атап өт­кен­дей, «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында мамандар даярлауға ма­манданған Qwazar компаниясымен бірле­сіп, бағдарлама жасаудан иннова­циялық мектеп ашу да жоспарла­нып отыр. Дүниежүзілік эконо­микалық форуммен бірлесіп «Ас­тана» халықаралық қаржы орта­лығы базасында Төртінші өнер­кәсіптік революция орталығын ағымдағы жылдың соңына дейін ашу туралы келісім жасалған. Бүгінде Қазақстанда Smart Data Ukimet жобасы аясында жасанды интеллектіні пайдалану бойынша жұмыстар жолға қойылған. Назарбаев Университеті базасында смарт жүйесі және жасанды интеллект институты құрылып, Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, зертханасы, деректерді өңдейтін зерттеу орталығы, сондай-ақ жасанды интеллектіні дамытатын ғылыми паркі бар Ұлттық кластер құру саланы заманауи деңгейге көтеретін мүмкіндіктің бірі, деп атап өтті Қазақстанның Үкімет басшысы. Сондықтан да ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектіні дамыту үшін қолайлы жағдайлар керек. Ортақ стандарттар мен ережелерді әзірлеуде, ғы­лы­ми-зерттеу жұмыстарын дамы­туда, деректерді өңдеу мен инте­грациядағы саясатта белсенді ық­палдастық қажет. Жасанды ин­теллекті логистика мен көлік саласында транзитті маршруттарды оңтайландыруға, кеден саласында шекарадан өтуді жеделдету, көлеңкелі және контрафактілік айналымды азайтуға ықпал етеді.

Осы тұста McKinsey & Company Қазақстандағы зерттеулеріне назар салатын болсақ, жасанды ин­теллектіні Қазақстанда дендеп енгізу үшін 2030 жылға қарай  5-10 мың деректер сарап­шылары, 20-25 мың деректерді әзірлеушілер, 2-5 мың деректерді зерттеушілер қажеттілігі туындайды. Ал инфра­құ­рылыммен қамтамасыз ету мем­лекеттің еншісінде. Бүгінде жасанды интеллектінің көмегімен әлемде көзі нашар көретін 50 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастырып, өмірін жақсартуға ықпал ететін навигациялар жүйесі қолданыста десек, Қазақстанда бұл санатқа жататындар саны 25 мың­ды құрайды екен. Жасанды интеллектінің медицинадағы, әсі­ресе қатерлі дерттерді анықтаудағы тиімділігі зор. Еуразиялық одаққа мүше елдердің үкімет басшылары көтерген бұл мәселе адамзатқа төн­ген өзге де қатерлердің алдын алуға мүмкіндік береді. Мысалы, Ресей Үкіметінің басшысы М.Мишустин атап өткендей, бүгінде 400-ден астам компания осы бағытта жұмыс істейді. Нейротехнология және жасанды интеллект саласына 2030 жылға қарай 180 млрд рубль салуды қарастырып отырған елде өткен жылы ұлттық стандарттар қабылданды. Аталған құжат роботты техникалық жүйелердің, оның ішінде жүргізушісіз көлік­тердің коммуникациясын қамта­масыз етуге мүмкіндік береді. Ресей­дің Үкімет басшысы жасанды интеллект тілін орыс тіліне бейім­деу қажеттілігін айтса, Бела­русь Республикасының Премьер-министрі С.Румас жоғары техно­логия­лар паркі Шығыс Еуропада заманауи орталыққа айналғанын білдіріп, бүгінде онда жұмыс істей­тіндердің саны 800-ге жетті деп атап өтті. Сонымен қатар ІТ-ден­саулық жүйесінде электронды рецепт берудің бірыңғай жүйесі жасалып, алдағы уақытта электронды пас­порт беру де осы жүйеге енетін болады. Қырғызстан Үкімет басшысының орынбасары Ж.Разақов ақпараттық қауіпсіздік пен киберша­буылдардан қорғау­дағы бірлескен қадамдар қажет­тігіне тоқталды. Шекара мәселесін, сондай-ақ одаққа мүше елдердің ұлттық актілерін болдырмау туралы Еуразиялық экономикалық комис­сияға қосымша міндет жүк­теу және өзге де құқықтық мәсе­ле­лерде комиссияға жүктелетін талаптар бар екенін атап өтті.

2022 жылға қарай АҚШ, Жапо­ния, Батыс Еуропа, Қытай сияқты көшбасшы елдердің жасанды интеллект саласына шығындары екі есеге, яғни 79 млрд АҚШ дол­ларына дейін ұлғайып, ритейл, банк саласындағы жылдық инвес­тиция көлемі арта түсетін бо­лады. Сарапшылар жасанды ин­тел­лектіні дамытуда озық елдер­­мен бәсекеге түсе алмағаны­мен, Еуразиялық одақ елдері ин­тегра­циясы аясында қауіпсіз­дікті сақтау шараларын электронды жүйеге көшіре отырып, қам­тамасыз етудің барлық алғы­шарттары бар екенін атап өтті.

АЛМАТЫ