Әлем • 03 Ақпан, 2020

Қазақстандық бітімгерлер белгіленген тапсырмаларды абыроймен атқаруда

307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің инспекциялық тобы «Ливандағы БҰҰ уақытша Күштері» миссиясындағы үшінші жиынтық бітімгершілік ротасына жоспарлы тексеру жүргізді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.


Қазақстандық бітімгерлер белгіленген тапсырмаларды абыроймен атқаруда

Инспекциялық тексерудің негізгі мақсаттары 2019 жылғы қарашадағы Үндістан Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингенті құрамындағы «Ливандағы БҰҰ уақытша Күштері» миссиясына қатысу үшін Ливан Республикасына бағытталған 3-ші қазақстандық бітімгершілік ротасы әскери қызметшілерінің моральдық-психологиялық жай-күйін, сонымен қатар, қару-жарақ пен мүліктің жағдайын зерделеу, сондай-ақ, «көгілдір жолақ» аймағындағы жағдайды қоса алғандағы, қазақстандық бітімгершілікшілердің жауапкершілік аймағындағы жағдайды бағалау болды.

Сапар барысында генерал-майор Т. Дәндібаевтың «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясының қолбасшысы, генерал-майор С. Дель Колеммен (Италия Қарулы Күштері), миссиясының «Шығыс» секторының қолбасшысы бригадалық генерал М. Наварромен (Испания Қарулы күштері) және Үндістан Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентінің командирі полковник Н. Бхатипен екіжақты кездесулері өтті.

Кездесу барысында тараптар БҰҰ-ның бітімгерлік қызметінің жалпы маңыздылығын және Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік ісіне қосқан үлесін атап өтті. Қойылған міндеттерді орындау кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің жоғары кәсібилігі атап өтілді.

Сондай-ақ БҰҰ миссияларына қатысуды кеңейту жөніндегі қазақстандық тараптың ниеті «Ливандағы БҰҰ уақытша Күштері» миссиясының басшылығына жеткізілді.