Аймақтар • 03 Ақпан, 2020

Түркістан: «Қамқорлық» бағдарламасы аясында екі отбасы баспаналы болды

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Қамқорлық» бағдарламасын ұсынғаны белгілі. Бағдарламаның мақсаты – өңірдегі тұрмыс деңгейі, әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасыларды анықтап, оларға тұрақты көмек көрсету. Бұл ауқымды міндетті облыс әкімдігіне, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, аудан, қала әкімдіктеріне және Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалына бірлесіп атқаруды тапсырды. Бастама жұртшылық тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан: «Қамқорлық» бағдарламасы аясында екі отбасы баспаналы болды

Бағдарлама жарияланған алғашқы аптаның өзінде 476 отбасыға азық-түлік, киім-кешек және қатты отынмен көмек көрсетіле бастады. Алғашқы кезеңде жалпы 1600-ден астам отбасы тізімге еніп, 1,6 млрд теңге бөлінеді деп межеленген. Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы мен аудан, қалалардағы филиалдары да үйлестіруші ретінде серпінді жұмысқа кірісіп кетті. Партия өкілдері Кентау, Қазығұрт, Сарыағаш, Сайрам, Жетісай, Келес, Ордабасы, Төле би және өзге де аудандардағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға барып, азық-түлік және өзге де көмектерін ұсынды. Ал қаңтар айының соңында Отырар ауданы, Көксарай ауылында ерекше оқиға болды. «Nur Otan» партиясы бастауыш партия ұйымының бастамасымен ауданның жомарт та мейірімді Молдалы Алтай мен Қуандық Шалқар сынды азаматтары әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген көпбалалы 2 отбасыға тұрғын үй сатып әперіп, отбасы мүшелерін айрықша қуанышқа кенелтті.

Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің бастамасымен өтіп жатқан «Қамқорлық» бағдарламасына қызу қолдау көрсеткен азаматтарға тұрғындар ризашылығын білдірді. Баспаналы болған отбасылардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Ә.Жүнісов пен партияның аудандық партия филиалының өкілдері арнайы келіп, бағалы сыйлықтарын табыс етті. Аудан әкімі отаншыл кәсіпкерлерге алғысын білдіріп, өзге азаматтарды да ізгі іске шақырды.