Спорт • 03 Ақпан, 2020

Алматыда спидвейден әлем чемпионатының алғашқы финалы өтті

210 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше FIM Халықаралық Мотоцикл Федерациясының қолдауымен «Медеу» мұз айдыны мұздағы мотожарыстардан 2020 жылғы жеке әлем чемпионатының алғашқы финалын мәреге жеткізді.

Алматыда спидвейден әлем чемпионатының алғашқы финалы өтті

Алматы кезеңінің екі күнінде де топ жарған ресейлік шабандоз Даниил Иванов дода жеңімпазы атанды. Тартысты сайыста екінші орынды оның жерлесі Дмитрий Хомицевич иеленсе, үздік үштікті Дмитрий Колтаков түйіндеді. Өткен жылдағыдай, биыл тағы да ресейлік спортшылар «Медеу» мұз айдынында жүлделі үздік үштікті құрады.

«Спидвей – мотоцикл спортының ең күрделі және қауіпті, сонымен қатар шытырмандылыққа толы дисциплиналарының бірі. Біз Қазақстан үшін алтыншы, сондай-ақ бесінші мерейтойлық финалдың аты аңызға айналған «Медеу» мұз айдынында өткеніне қуаныштымыз. FIM тректік комиссиясының жоғары талаптарына жауап беретін жинақталған тәжірибе мен қажетті инфрақұрылым және бас әріптес «Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауы бізге FIM-мен ынтымақтастықты нығайтуға және спидвейден әлем чемпионатының финалдарын өткізу құқығын иеленуге мүмкіндік берді», – деді Автомотоспорт федерациясының президенті Марат Әбіқаев.

Алматыдағы әлем біріншілігінің кезеңінде жеті елден келген барлық саны 18 «мұз гладиаторы» бақ сынады. Олардың ішінде Ресейден бес шабандоз, Германиядан бір мотожарысшы, Нидерландтан бір, Швециядан төрт, Чехиядан бір шабандоз, Австриядан үш жәнеҚазақстанннан үш шабандоз мұзды жолға шықты.

Жарыстың екінші күні дәстүрлі түрде 20 іріктеу туры, екі жартылай финал және бір финалдық кезеңдерден тұрды. Әрбір жарысқа төрт шабандоз қатысты. Қашықтық – 4 айналым. Мәреге бірінші болып келген шабандоз үш ұпайды, екіншісі – екі ұпайды, үшіншісі – бір ұпайды иеленсе, төртінші орынға ұпай берілмеді.

Мұздағы мотобәйгенің екінші күні қысқы спидвей шеберлері арасындағы нағыз тайталаспен есте қалды. «Мұз гладиаторлары» әрбір бұрылыста сопақ пішінді тректе бәсекелесіп, әр ұпай үшін тайталасты. Жексенбі күні жылы күн райы орын алды, бұл жарысқа да, жанкүйерлердің көңіл-күйіне де оң әсер етті. Оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтары осы жарыстардың көз тартарлық қызығымен қуаттылығына тәнті болды. Олар қазақстандық спортшылар мен жарыс көшбасшыларына белсенді түрде қолдауын аямады.

4

Алдын-ала күткендей, жеке есептегі біріншіліктің басты фавориті – ресейлік мотожарысшылар финалдық кездесулердің қорытындысы бойынша жүлделі орындарға жайғасты. Алайда, Австриядан, Швециядан, Нидерландтан және Германиядан келген шабандоздар ресейліктерге бәсекелестік танытып, мұзды жолда барын салды. Әсіресе, неміс шабандозы Йохан Вебер және шведтік мотожарысшылар Мартин Хаарахилтунен, және додадағы әке мен ұл саналатын Никлас пен Стефан Свенссондарды айрықша атап өтуге болады.

«Медеудегі» мотожарысқа жан бітіріп, драматизмді сыйлаған неміс мотошабандозы Йохан Вебердің кезекті бір айналымның бұрылысында мотоциклінен құлауы көрермендердің назарын аударды. Австриялық жарысшы Франц Цорнға соқтығысқан шабандоз жедел жәрдем арбасымен алаңнан әкетілді. Неміс гладиаторының батылдығына көрермендер орнынан тұрып, қол соқты. Бұл оқиға осы спорт түріне тән сәттердің бірі, неміс шабандозы Алматыдағы емханалардың біріне жатқызылды.

20-шы кезеңде бірден екі оқиға орын алды. Алдымен, бұрылыста мотоциклді игере алмай, швед Ове Ледштрем мұзға құлады. Осы айналымда голландиялық Джаспер Ивеманыңдажол болмады, ол мұз трассасының бұрылысында мотоциклмен бірге сальто жасап, жолдың жиегіндегі сабан қоршауларға соқтығысып қана тоқтай алды. Қуанышқа орай, екі оқиғадан да ауыр жарақат тіркелмеді. Джаспер тіпті қорытынды баспасөз-конференциясына қатысып, өзінің әдемі құлауына қатысты әзілдеді.

Қазақстандық шабандоздар Владимир Чеблоков, Павел Некрасcов және Сергей Серов спидвейден жеке әлем чемпионаты финалының қорытынды күнінің нәтижесі бойынша ақтық  сайыстарға өте алмады. Қазақстандықтарға әлемдік спидвейдің шеберлерімен иық теңестіре күш сынасу әзірге оңайға соқпауда.

Екінші жарыс күнінің финалына төрт ресейлік спортшы дара шықты, олар – Даниил Иванов, Дмитрий Колтаков, Игорь Кононов және Дмитрий Хомицевич. Қажырлы күресте мәре сызығын бірінші болып қазіргі әлем чемпионы, бірінші жарыс күнінің жеңімпазы Даниил Иванов кесіп өтті. Осылайша, Ивановтың қоржынында «Медеу» мұз айдынында екі күнге созылған мотожарыс қорытындысы бойынша 40 ұпай. Екінші нәтижені ресейлік Дмитрий Хомицевич көрсетті-36 ұпай, оның отандасы Дмитрий Колтаков үшінші орынды місе тұтты- 28 ұпай.

7

Әлем біріншілігінің Алматыдағы кезеңіне жаңа серпін әкелген австриялық мотожарысшы Харальд Симон болды. Бірінші сайыс күні үздік үштікті түйіндеген оның көзіне жас алғанын айта кеткен абзал. Бұл оның 1992 жылдан бері әлем біріншіліктеріне қатысып келе жатқан уақыт аралығындағы алғашқы жеңіс тұғыры.

Халықаралық Мотоцикл Федерациясы (FIM) трек комиссиясының директоры Армандо Кастанья спидвейден Жеке есептегі әлем чемпионаты финалы екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз-конференциясында Қазақстан Автомотоспорт Федерациясы тарапынан доданың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Халықаралық Мотоцикл Федерациясының өкілдері, сондай-ақ барлық мотошабандоздар Қазақстандағы додада бағын сынауға әрдайым асық. Себебі мұнда барлығы тиянақты ұйымдастырылған, қонақжайлықты атап өткенім де орынды. Біз алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Автомотоспорт Федерациясымен ынтымақтастықты жалғастыруға үміттенеміз, – деді Армандо Кастанья.

Өз тарапынан Қазақстан Автомотоспорт Федерациясының президенті Марат Әбіқаев аталмыш жарыстың Қазақстанда жалғасатынына сенім білдірді.

– Біз келесі жылы елімізде спидвейден Жеке есептегі әлем чемпионатының кезекті финалын өткізу туралы келісімге қол жеткіздік. Қазіргі таңда біз оны өткізуге арналған үш алаңды қарастырудамыз, бұл – «Медеу» мұз айдыны мен Алматыдағы «Сокол» трассасы, сондай-ақ елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында жарысты өткізу нұсқасы да бар, – деді қорытынды баспасөз-конференциясында Марат Әбіқаев.

Аты аңызға айналған «Медеу» мұз айдыны қысқы спидвей жарысын бес рет қатарынан өткізіп, ал бұл жарыс Қазақстан үшін – алтыншы мәрте сәтті өткізілген Жеке есептегі әлем біріншілігі. Биыл Алматыдағы финал бас әріптес «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.