«Бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде 48 мың адам тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолжетімді тұрғын үй көлемін 3 есе ұлғайтамыз. Қолжетімді баспана кезекке сәйкес және тек қана заң шеңберінде беріледі. Сіз құжаттарыңызбен келген кезде, біз базаға қарап, барлығын тексереміз. Егер сіздің атыңызда тұрғын үй болса, ол ақпаратты базадан көреміз. Тұрғындар өз жауапкершілігін түсініп, барлық қажетті құжаттарды ретке келтіруі тиіс. Сондай - ақ биыл жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын жалғастырамыз», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
2019 жылдың қорытындысы бойынша елорда тұрғындарына қолжетімді 2,9 мың пәтер берілді. (1050 пәтер жастарға арналған жалға берілетін пәтерлер). Пәтер алғандардың қатарында халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, жетім балалар, толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушылары, көп балалы отбасылар бар.
Еске сала кетейік, өткен аптада елорда әкімі «Байқоңыр» ауданы әкімінің есеп беру кездесуіне қатысты. Тұрғындардың сұрақтары жұмысқа алынды.