Әдебиет • 03 Ақпан, 2020

Елордада «Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауы аяқталды

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын тойлау аясында «Кітап оқып, рухани бай бол!» қалалық байқауын  өткізді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елордада «Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауы аяқталды

«Кітап оқып, рухани бай бол» – республика көлемінде өткізіліп жатқан ауқымды жобалардың бірі. Байқау мақсаты –  халықтың әр түрлі санатын қамту арқылы халықтың кітапқа деген құмарлығын арттыру.

Абай шығармашылығын насихаттауға бағытталған жоба екі кезеңнен тұрды. Байқаудың І кезеңінде кітапсүйер қауым желтоқсан-қаңтар айлары аралығында өздерінің сүйікті шығармаларынан үзінділер оқып, оны әлеуметтік желілерге жүктеді. Әділқазылар шешімімен 30 қатысушыдан үздік шыққан10 адам ІІ кезеңге жолдама алды. 

Жолдама алғандардың ішінде мектеп оқушылары, ЖОО студенттері мен зейнеткерлер де бар. Келесі кезеңде байқау қатысушылары Абай Құнанбайұлының  өмірі мен шығармашылығына қатысты викторинада бақ сынасты. 30-ға жуық қатысушы ішінен  елордалық №40 мектеп-гимназиясының оқушысы Динара Тойғанбек І орынды иеленіп, жүзден жүйрік шықты. Ал ІІ орынды №63 мектеп-гимназиясының оқушысы Жанар Күнекей, ІІІ орынды Назарбаев университетінің студенті Ақсұлтан Айтқожин иеленді. 

Қатысушыларды абайтанушы, профессор Гүлнар Мұратова, «Рухани жаңғыру» білім орталығының басшысы Айшат Жуасбай, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директор орынбасары Жазира Болтаева, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Әлімжан Әлішерұлы  бағалап, оларды арнайы сыйлықпен марапаттады.

«Абай – ұлттың паспорты. Оның айтқан сөздері әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында ұлы ойшылдың шығармалары әрдайым зерттеуді қажет ететіндігін атап өтті. Білім, өнер, музыка ұлтқа бөлінбейді. Абай әлем алыптарымен қатар тұратын тұлға, демек сіздер әлемдік деңгейдегі тұлғаны оқып жатырсыздар», - деді Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлнар Мұратова.