Таныстырылымға Мәжіліс депутаттары, министрліктер, Бас прокуратураның, парламенттік емес саяси партиялар, қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері және сарапшылар қатысты.
Отырысты ашқан Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский жаңа Экологиялық кодексті әзірлеуге Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы экологиялық заңнаманы өзектендіру және экологиялық тұрақты дамудың басымдылығы туралы және «Қазақстан – 2050» Стратегиясының тапсырмалары, сондай – ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 12 маусымдағы сайланған Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде қойған бірыңғай экологиялық саясатты қалыптастыру жөніндегі міндеттері негіз болғанын атап өтті.
Заң жобаларының негізгі новеллалары туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндады. Кодекс жобасының негізгі басымдықтары: қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қолданыстағы жүйесін қайта қарау, табиғат пайдаланушыны эмиссияларды төмендетуге ынталандыру, шығарындыларды нормалау қағидаттарын жетілдіру, экологиялық реттеудің прогрессивті тетіктерін енгізу, сондай-ақ экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік санкциялардың мөлшерін қайта қарау, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемнен түсетін қаражатты тиісті өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға байланысты мәселелерді шешуге бағыттау.
Министрдің айтуынша, ұсынылып отырған Экологиялық кодекстің жаңа жобасының қолданыстағыдан басты айырмашылығы – ол ортаға теріс әсерді болдырмау үшін алдын алу шараларын қабылдауға бағытталған. Мәселен, жаңа Экологиялық кодексте қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) рәсімінен өту туралы талап тек «Бірінші санатқа» қатысты қолдану ұсынылады, осылайша, назар экологиялық қауіпті объектілерге шоғырландырылатын болады, бұл ҚОӘБ сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Заң жобасында экологиялық нормалау жүйесін жетілдіру көзделген, гигиеналық нормативтердің орнына қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтерін кезең-кезеңмен енгізу ұсынылады. Сондай-ақ, министр заң жобасында баламалы, «таза» энергияға жоспарлы көшу және бизнесті «жасыл» технологияларға инвестициялауға ынталандыру, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды қазіргі заманғы кәдеге жарату мен қайта өңдеуге көшу қарастырылғанын атап өтті.
Баяндама аяқталғаннан кейін Мәжіліс депутаттары М.Мырзағалиевке бірқатар сұрақтар қойып, жауап алды. Олар: И.Унжакова, М.Бопазов, С.Симонов, М.Айсина, А.Рау, Б.Хаменова, М.Теміржанов, П.Шарапаев, У.Қайназаров, А.Қожахметов, Г.Бижанова, И.Аронова, Д.Мыңбай, Ш.Өтемісов, А.Суслов. Талқылау барысында айтылған ұсыныстар мен ескертулер одан әрі Мансұрхан Махамбетов жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында қаралатын болады.