Медицина • 04 Ақпан, 2020

Отандық дәрігерлер отаның жаңа түрін жасады

100 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында отандық кардиологтердің машығын байытқан тамаша шеберлік дәрісі өтті. Қазақстандық дәрігерлер алғаш рет неміс кардиологі Торстен Ханкемен бі­рігіп, крио­блация көмегімен митральды қақпақшаға хирургиялық түзету операциясын жасады.

Отандық дәрігерлер отаның жаңа түрін жасады

Алматыға «Қақпақшалы және қақпақшалы емес жүрекше фибрилляциясын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері» тақырыбындағы шеберлік дәрісіне қатысу үшін Қазақстанның барлық  өңірінен кардиолог дәрігерлер келді.

«Қазақстан мен Орталық Азия аумағында жүрекше фибрилляциясын криотехнология кө­мегімен емдеу  және  сол жақ құлақшасын торакоскопиялық клиптеу  тұңғыш рет қолданы­лып отыр. Осы әдіспен емдеу науқастарда кез­десетін кардиогендік ишемиялы инсульттің жиі­лігін және геморрагиялы асқынуларды азай­тады. Бүгін осында Қазақстанның барлық өңірінде интервенциялық кардиологтер мен аритмологтер,  кардиохирургтер қатысып отыр.  Біздің институтта бұл әдіс  апробациядан өткі­зілгеннен кейін, еліміздің барлық өңірлерінде тех­нологияларды тарату арқылы осы әдістің қолданылуына мүмкіндік береді», дейді Жасанды қанайналым зертханасы мен операция блогінің кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.

Қазақстанда алғаш рет Германияның Гамбург қаласынан келген жетекші кардиохирург, профессор Tорстен Ханке криоблация (экстремалдық суықтың әсеріне негізделген жүрек аритмиясын емдеу) жасай отырып, митралдық қақпақшаға хирургиялық түзету операциясын жүргізді.

Профессор Tорстен Ханкенің айтуынша, жүрекше фибрилляциясын сәтті емдеу пациент­тердің өмірін жақсартып, ғұмырын ұзартып, инсульт қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар доктор Торстен Ханке мамандарды оқытуда хирургтің алғашқы бес операциясы міндетті түрде тәжірибелі маманның жетекшілігімен жасалуы керегін атап өтті.

Институттың кардиология кафедрасының профессоры Күлзида Қошымбаева жүрекше фибрилляциясына абляция жасалғаннан кейін пациенттерді отаға дейін және отадан кейін емдеп-қарау туралы, ал жүрек ырғағының және өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінің мең­герушісі Роин Реквава – жүрекше фибрилляция­сын катетер арқылы емдеудің әдістерін атады.

Шеберлік дәрісінде дерті нақтыланған науқастарға ота жасалып, қатысушылар Кар­диология және ішкі аурулар ҒЗИ бөлімше меңгерушілері Рүстем Төлеутаев пен Роин Рек­ваваның профессор Tорстен Ханкемен бірлесіп жасаған операцияларын көріп отырды. Келесі күні Рүстем Төлеутаев еліміздің барлық өңірінен келген дәрігерлерді жүрекше фибрилляциясын торакоскопиялық емдеудің тәсілдерімен таныстырды. Мұндай шеберлік дәрісін өткізу кардиохирургиядағы оперативтік араласулар техникасын меңгеруге, мамандардың кәсіби дағдысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Айта кетелік, профессор Тостен Ханке (Thorsten Hanke) әлемдік тәжірибеде белгілі кардиохирург, Торакальды және жүрек-тамыр хирургиясы жөніндегі неміс қоғамының, Еуропалық кардиоторакальды хирургия  қауымдастығының, Неміс кардиология қоғамы Аритмия жұмыс тобының, сондай-ақ Неміс кардиологтер қоға­мының мүшесі. Ол медицина саласында жасаған еңбегі мен ғылыми жаңалықтары үшін көптеген салалық сыйлық пен грантқа ие болған.

 

АЛМАТЫ