100 • 04 Ақпан, 2020

«Социалистік Қазақстан» газеті: Абайдың жаңадан табылған қолжазбалары

1025 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған жаңа айдардың кезекті материалын назарларыңызға ұсынамыз. «Абайдың жаңадан табылған қолжазбалары» мақаласы 1954 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің №58 санына шыққан.

«Социалистік Қазақстан» газеті: Абайдың жаңадан табылған қолжазбалары

Ленинград – Октябрь революциясының бесігі, совет жұртшы­лы­ғының мақтаныш ететін мәдени орталығымыздың бірі. Оның толып жатқан ғылми кітапханаларында, архивтерінде, музей-көрмелерінде өткен дәуірдегі тап күресін, ол кездегі қауым тіршілігін, ұлы орыс халқы мен өзге туысқан халықтардың тарихи дәуірден келе жатқан достық, туысқандық қарым-қатынастарын суреттейтін тарихи, мәдени мұралар қазнасы өте бай.

Сондай қоғамдық маңызы зор әдебиет мұрасының бірі – Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектері мен ақын Абайдың шығармалары. Өткен дәуірдің озық адамы, әрі ойшыл, әрі ақыны Абай бар ақы­лын, ойын, барлық тіршілігін халық бұқарасының бақыты үшін жұмсап, олардың тілегін, ойын жарыққа шығаратын, асқан жыр­шысы болып өтті. Кемеңгер ақынның ой тебіренуінен шыққан өткір сөздері бір ғана сол кездегі кертартпа қара күшті әшкерелеуге, надандыққа, көрбілте пасықтыққа қарсы тұруға арналды. Ақын Абай өзінің шығармаларында қараңғылық бұғауында шөліркеген қазақ еңбекшілерін ұлы орыс халқының бай мәдениетінің шыңына өрлетіп, оның толып жатқан мөлдір бұлағынан шөлін қандыруды тілек етіп қойды.

Абайдың осы асыл сөздерінің қолжазбасы Отанымыздың белгілі кітапханаларында бар екені бүгінге дейін белгісіз еді және ол туралы еске түсіру әдебиет жүзінде кездеспейтін. Дегенмен, еңбек сүйгіш, кішіпейіл туысқан елдердің мәдениет мұраларына достық көзбен қарайтын кемеңгер орыс ғалымдары – Абай мен Шоқанның қолжазбаларын жыйнауға да көп қамқорлық көрсетіп, оларды көздің қарашығындай сақтап келген.

Абай шығармаларының қолжазбасын соңғы кезге дейін Ленин­град­тағы География қоғамының архиві сақтаған. Бұл атақты ғылыми орынға Абайдың қолжазбасы 1897 жылы түскен. Оны жыйнап тапсырушы орыс ғалымы, әрі журналист В.А.Кудашев. 1946 жылы География қоғамының архивінде бір ғылми мәселені зерттеу соңында отырып, әлден уақытта бір қолжазбалар тізбегіне кез­дестім. Архивтің кейбір жазуларына қарағанда, бұл қолжазба Семенов-Тяньшанский, Масальский, Мелиоранский сыяқты белгілі орыс ғалымдарының қолында болғаны, ол П.М.Мелиоранскийдің рецензиясынан өткені байқалды.

Мен оған ерекше көңіл қойып, танысуды тілек еттім. Бір-екі күн іздеуден кейін, архив қызметкерлері орта көлемді бір папканы әкеліп, менің столымның үстіне қойды. Оның сыртындағы жазу: «Кудашев В.А., Перевод киргизских песен и легенд» (Архив Всесоюзного геогр. общества. Разряд 53. опись 1, №107). Папканы ашып қарасам, ескі араб әріптерімен жазылған, әртүрлі өлеңдердің қолжазбасы екен. Олардың ішінде Абай шығармаларынан басқа, «Қозы көрпеш – Баян сұлу» әңгімесінің қысқаша мазмұны және бірнеше құнсыз өлеңдер де кездеседі.

Жыйнақ орта форматты (36х22 см), сүт түсті жылтыр қағазға жазылған, барлық беті 145. Әрбір өлеңнің қарсы бетінде орысша аудармасы бар. Жыйнақта Абай өлеңдері өз алдына жеке топталып, оған екі тілде (орысша, қазақша) ат қойылған: «О положении совре­менных киргиз. Стихотворения А.К.»; және «А.Қ. ұғлының қазақ елінің үшбу замандағы ахуалдарына мүнасып (толғау) шығар­маларындан»: Жыйнақта Абайдың аты-жөні толық көрсетілмей, тек инициалы ғана (А.К.) қойылған.

Абай өлеңдерін География қоғамының кітапханасына ең алғаш жыйнап тапсырушы жоғарыда көрсетілген орыс ғалымы Владимир Александрович Кудашев. Ленинградтағы Пушкин атындағы әдебиет музейінің мәліметі бойынша В.А.Кудашев ол кездегі орыс халқы­ның классик жазушылары мен (Толстой, Чехов, Короленко), белгілі ғалымдарының көбімен достас болып, ой бөліскен адам екені байқалады. 1902-1903 жылдары «Земледельческая газетаның» редакторы болып, 1905 жылғы революциядан кейін одан босатылады.

В.А.Кудашев ауылшаруашылық маманы, 1895 жылдан География қоғамының мүшесі болған. 1896-1898 жылдары ол Щербина бас­таған қыр облыстарын зерттеу экспедициясымен қатар Қазақстан өлкесін аралап, жылқы өсіру және оның тұқымын асылдандыру мәселесімен шұғылданады. Бірнеше жыл далада жүріп, зерттеуден кейін Кудашев бұл мәселеге арнап күрделі екі еңбек жазады. Оның бірі: «Очерк современных условий коневодства в Акмолинской области» («Журнал коннозаводства», 1897, №2); екіншісі: «Очерк состоя­ния коннозаводства вообще и коневодства в частности за 1897 г. в Акмолинской, Семипалантинской и Семиреченской областях». (Бұл да сонда, 1898, №4, 5). Бұл еңбектерінде ол жылқы өсіру жұмысының кемшілік жағына көбірек тоқталып, оны қалай дұрыс жолға қою туралы кеңес береді. Ол кісінің аса бір көңіл бөлгені сол кездегі мал бағатын шаруалар мен жылқышылардың ауыр халы. Жазған еңбектерінде ең жылы, достық сөзін соларға арнап жазады. «Ауыл шаруасына аза зыян келтіретін екі түрлі дүлей күш бар: ол жұт пен қасқыр. Міне осы екі күшке аянбай қарсы тұрып, ерлік, қажырлылық көрсететін бір ғана жылқышы мен қойшы» дейді. Осы сыяқты еңбек жазған және Абайдың шығармаларын бірінші рет жыйнаған Кудашев Абайдың жаңадан табылған көп достарының бірі болуға мүмкін деп ойлаймыз. Бірақ Кудашевтің ол кезде кім болғаны, оның саяси-қоғамдық бағыты қай түрде болғаны бізге әзір­ше мәлім емес, оны зерттеп ашу – Абайды зерттеуші ғалым­дардың міндеті.
Қазақстан өлкесінде көп жылдар ғылыми-зерттеу жұмысын өткі­зіп, мал бағушы еңбекші шаруалармен тығыз байланыста болған соң, Кудашев олардың тұрмысын жете біліп, онымен қатар, олардың тілін де жақсы түсінеді, рухани тіршілігіне де ерекше көңіл қояды. Оның айтуынша, мал шаруашылығы туралы жыйналыс, кеңестер болғанда ол тек қазақ тілінде ғана сөйлесіп, кеңес үстінде шаруа туралы айтылған мақал, жырларды жазып алып отырады.

Кудашевтің ұзақ аралаған жері революциядан бұрынғы Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай облыстары. 1897 жылғы дәптерінде: «быйыл­ғы жылдың төрт ай шамасындайын Семей мен Жетісу арасын­да өткіздім; 12 мың шақырымдай жер шарлап барлық белгілі жай­лауларды аралап көрдім. 800 шақырымдай Бетпақ-Дала шөлімен жүріп өттім» – дейді.

Бұл сапарында Кудашевтің көбірек тоқтаған жері Абай жасаған Аягөз бен Бақанас өздерінің бойы, Шыңғыс тауының бөктері. Ол кезде Абай тірі. Бірақ Абаймен кездескені туралы Кудашев еш жерде еске түсірмейді. Оған қарағанда бұл кезде Абай қырда болмай, уақытын Семейде өткізгенге ұқсайды.

Олай болғанда, Абайдың шығармаларын Кудашев қай жолмен қолына түсірді? – деген сұрақ туады. Барлық жағдайға қарағанда, жолаушы-ғалым ақынның шығармаларын оның өз қолынан алмай, Бақанаста не Шыңғыс тауының етегінде (Ақшоқы) отырған Абайдың үйінен, оның балаларының қолынан алғанға ұқсайды.
Кудашев жыйнағына кірген Абай өлеңдері:
1. Көңілім қайтты достан да (12 жол).
2. Өлең – сөздің патшасы сөз сарасы (52 жол).
3. Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек (50 жол).
4. Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман (48 жол).
5. Қыран бүркіт не алмас салса баптап (12 жол).
6. Байлар жүр жыйған малын қорғалатып (32 жол).
7. Сұхбат а) Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат (40 жол); б) Өлеңді мен айтпаймын ермек үшін (41 жол);
8. Кәсіп а) Ұрлық-сұмдық қулықпен, мал табылмас (24 жол); б) Аш қарын жұбана ма майлы ет жемей (16 жол).
9. Ішім өлген сыртым сау (28 жол);
10. Бойы бұлғаң (20 жол);
11. Бүркітші (38 жол);
12. Жыл фасылы а) Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан (24 жол);
б) Қараша, желді-тоқсан сол бір екі ай (56 жол); в) Жазғытұры қалмайды қыстың зілі (38 жол).

Бұл жыйнақта көзге ерекше түсетін нәрсе, Кудашев ақынның бір ғана өз ойынан шығарған жырларын, оның ішінде көбінесе қоғам тіршілігін, шаруашылықты, календарды сыпаттайтын жыр­ларын алуға тырысқан. Жыйнақта Абайдың ұлы орыс халқының классиктерінен аударған жырларының бірде-бірі кездеспейді. Сол сыяқты махаббатты, көңіл күйін жырлайтын «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем қалам қас» сыяқты өлеңдер де жоқ. Онымен қатар қоғамдық-саяси тіршілікке арнаған «Интернатта оқып жүр» сыяқты өлеңдер де кездеспейді. Мүмкін бұл шығармаларды Абай Куда­шевтан кейін жазуы таңданарлық іс емес. Өйткені Кудашев Бақанас пен Шыңғыстау төңірегінде болғанда (1897) Абай 52 жаста, ақын­ның ой өрісінің әбден шарықтап, тәжрибесі молайған кезі. Бұл дәуреннен кейін Абай тағы да жеті жылдай өмір сүріп, «Есінде бар ма жас күнің», «Жүрегім менің қырық жамау», «Жалын мен оттан жаралып» сыяқты, бұрынғы қанаушыларды әшкерелейтін соңғы ыза­лы сөздерін шығарады. Міне Кудашевтің жыйнағын оқығанда Абай ақынды зерттеушілерді ойға түсіретін осы сыяқты мәселелер өте көп.

География қоғамының кітапханасында сақталып тұрған Абай өлең­дері сыртқы түріне қарағанда басқа бір қолжазбадан көшіріліп алынған.

1898-1899 жылдары Кудашев оны орысшаға аударып және таза қалпында жазып, баспаға даярлайды. Профессор Мелиоранскийдің рецензиясының бұрышындағы жазу бойынша Абайдың өлеңдері «География қоғамының запискаларында» 1900 жылғы 9-номерде басылып шығуы керек еді, бірақ әртүрлі жағдайлармен басылмай қалған. 1901 жылғы 16 февральда География қоғамының ғылми мекретары былай деп жазған: «Қоғамның запискаларында баспақшымыз. П.М.Мелиоранскийден бұл еңбектерді редакциялау сұралсын».
Абайдың өлеңдерін Кудашевке жазып беруші көзі ашық, сауат­ты, хатқа өте шебер кісі. Ол қолжазбаның әдемі, мүлтіксіз таза жазылуынан ашық аңғарылады. Оның үстіне қолжазбаның Абайдың автографымен ұқсастығы бар. Сондықтан, мұны жазып беруші не ақынның өз балаларының бірі де, не оның тәрбиесінде болып, Абай төңірегінде болған жас ақындардың бірі екені сезіледі.

Екінші жағынан, Кудашевтің жыйнағында Абайдың өзіне тиісті өзгешеліктер де аз емес. Оның ашық дәлелі жыйнақта Абай атының толық жазылмай, тек инициалы ғана тұруы. Мұның себебі мынада еді: поэзияның құнын түсіріп, оны тек мал жыйнаудың былғаныш қорегіне айналдырған, сатымсақ ескі ақындарға Абай өте жирене қарап, баспа жүзінде олармен қатар атын қоюды өзіне мін көрді. Баспаға берген өлеңдерін ақын тірі күнінде өз атынан шығармай, маңайындағы өзге ақындар атынан шығаратын болды. Сол сыяқты әрбір қолжазбаларында да Абай өз атын қойдыруға рұқсат етпеген сыяқты. Кудашевтің жыйнағы Абайдың осы тілегін тура, айқын көрсетеді.

Бұл жыйнақтағы өзгешеліктің бірі. Абай шығармаларына сол кездегі саяси-қоғам тіршілігін айқын түсіндіретін етіп ат беруінде («А.Қ. ұғлының қазақ елінің үшбу замандағы ахуалдарына мұнасып (толғау) шығармаларындан»). Өзге жыйнақтарында, не басылған нұсқаларында бұл ат басқаша кездеседі. Оның үстіне Кудашевтің жыйнағы бойынша, Абай әрбір жырларына да жеке-жеке ат беруге тырысқан. Мысалы: «Сұхбат», «Махаббат», «Бүркітші», «Кәсіп», «Жыл фасылы».

Абай бұл жыйнақта «шығарма», «сөз тану», «сөз шарасы», «безендіру», «нұрын төгу» сыяқты әдеби тілге бірталай жаңалық келтіретін жаңа ұғымдар, тіл көріктеудің жаңа түрлерін енгізеді. Абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінде ондай тіл көркейту құралдары кездеспейді. Кудашевтің жыйнағының бағалы болуының тағы бір себебі, мұнда кемеңгер ақынның өз жазуымен қатар орысша аудармасы бірге берілген. Бұл Абай шығармаларының ұлы орыс халқының тіліне бірінші рет аудармасы. Бұл факт де зор тарихи-қоғамдық маңызы бар игілікті істің бірі.

Кудашевтің жыйнағы Абай шығармаларының ішіндегі мазмұн жағынан құндырағы, текст жағынан ғылми негізге сүйенген ең дұрысы деп есептейміз. Мұнда бергі кездегідей әрбір қараушы­лардың жанынан қосқан қондырма сөздер жоқ. Жыр прогресшіл ақын Абайдың өз ойын, өз түсінісін толық сыйпаттайды. Сондықтан Кудашев жыйнағының бүгінге дейін басылып жүрген (1922, 1933, 1940, 1945, 1954 жылдардағы) Абай шығармаларынан текстік, кейде идея-мазмұн жағынан ерекше айырмасы бар. Толып жатқан сөз өзгешелігінен басқа, мұнда кейбір шумақтар, жолдар бүтіндей жаңа. Мысалға 1954 жылғы басылған текст пен Кудашевтің жыйнағын қысқаша ғана салыстырып өтейік:
Кудашевтің жыйнағында:
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың ашынғаның ойың жеңбек.
Басылғанында: ашуың ашыған ұу, ойың кермек (!)– деп теріс жазылған. Кудашевтің тексті Абайдың саяси сатирасын ашық, айқын көрсетсе (ашыну – протест), соңғы басылғанында оны «ашыған ұу» деп мағнасыздыққа айналдырған.
Кудашевтің жыйнағында:
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Сірә жоқ өткен өмір қайта келмек –
деп, жырдың негізгі диалектика өзгеруіне сәйкес айтылса, басыл­ғанында ол біраз фатализмге барып соққан:
Әзелде жас қартаймақ, туған өлмек,
Тағдыр (?) жоқ, өткен өмір қайта келмек.
(тағы сол кітап, 15 б.)
Тағы сол «Қартайдық» өлеңінен:
Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Бір нәрсеге лайықты баға бермек,
Таразы да, қазы да өз бойында
Дұшманға іші жау боп, сырты күлмек.
Надандықтың белгісі аңдағанға
Жақынын тіріде аңдып, өлсе көрмек.
Сүйенер ақыл ғылым болмаған соң
Есердің сүйенгені көппен дүрмек.
(Кудашев жыйнағы).
Басылғанында: Әр нәрсеге өзіндей (?)
баға бермек
Таразыда, қазыда өз бойында
Наданның сүйенгені көппен дүрмек (?)
Алашқа (?) іші жау боп сырты күлмек (16 б.)
Тағы сол өлеңінде: «Ел бұзылса құрады шайтан өрмек» делінсе, басылғанында: «Ел бұзылса табады шайтан ермек» болған (16 б.). «Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек, Адал мен арам қайда теңгерілмек» – дегені басылғанында: «Адалдық, арамдықты кім теңгермек (?) деп диалектикаға қыйғаш берген. Абайдың ойынша адалдық арамдықты жеңуі мүмкін, бірақ екеуінің теңгерілуі мүмкін емес.

Текст пен мазмұн жағынан көп айырма әсресе «Жыл фасылы», «Кәсіп» деген өлеңдерінде көп кездеседі.
Кудашев жыйнағында кездесетін кейбір шумақтар басылып шыққан нұсқасында бүтіндей жоқ. Мысалы, «Көңлім қайтты» достан да, дұшпаннан да» деген өлеңінде Абай өзін тежеп, мынадай шумақпен бітіреді:
Ақылды терең ойлан тыңшы келсе,
Лапылдақ, көрсе қызар нәпсіге ерме,
Өлең жақсы бола ма сабай берген,
Тергеліп, текшерілмей көңіл берме
(Кудашевтің жыйнағы, 15 б.).

Міне, Кудашевтің жыйнағында осы сыяқты күрделі айырмалар өте көп. Оның тексті Абайдың ой-пікірін, саяси-қоғамдық бағытын, тілін дұрыс көрсетсе, басылып жүргендеріне идея-мазмұн жағынан да, тіл-стилистика жағынан да бірталай кемшіліктер бар екені көрінеді. Оларды сүзіп, түзетіп бастыру үшін Кудашевтің жыйнағы өте бағалы, ғылым жүзінен өте сенімді текст. Абайдың шығармалары біздің Отанымыздағы туысқан халықтардың көбінің тіліне аударылып, оның аты байтақ совет елінің барлық жеріне даңқты болды. Сондықтан бұл кемеңгер ақынның қолжазба мұраларын жаңадан ретке түсіріп, оны мүлтіксіз етіп шығару ғылым орындары мен баспа орындарының зор міндеті.

Бүгінге дейін Абай өлеңдерін бастыруға негіз болып келген 1909 жылғы басылғаны мен «Мұрсеиттің қолжазбасы» еді. Енді үшінші бұлақ көзі болып Кудашевтің жыйнағы анықталып отыр. Бұл жыйнақтың ғылми маңызды – ол Абайдың өзінің бірі күнінде жазылып, 60 жыл шамасында өзгерместен Отанымыздың даңқты кітапханасының бірінде сақталып келді.

Абай қолжазбаларының Совет Одағындағы белгілі ғылым орнында (География қоғамы) сақталып келуінің өзі – ұлы орыс халқы мен қазақ халқының ертеден келе жатқан туысқандық достығын білдіретін саяси және тарихи-мәдени маңызы зор игілікті істің бірі. Оның үстіне бұл факті Абайдың шығармаларына тек қана жеке адамдар баға беріп қоймай, оған өз заманындағы атақты ғылым орындары да көңіл қойғанын дәлелдейді. Міне бұл факт ұлы орыс халқы мен қазақ халқының ертеден келе жатқан достығын сыйпаттаудың аса бір ашық, айқын жолдары болып табылмақ.

Кудашевтің жыйнағы табылғаннан кейін, кемеңгер Абайды құрметтейтін көп ұлтты совет жұртының ғалымдары онымен танысуды өзіне міндет санап, кейде зерттеп жүрген ғылми еңбек­теріне пайдалана бастады.

Қазақ ССР Ғылым академиясының тапсыруы бойынша, 1952 жылы География қоғамында сақталып тұрған Абай шығармаларын тегісімен фотоға түсіріп Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми кітапханасына әкеп тапсырдым. Бұл жаңа мәлімет Абайдың өмірін, оның шығармаларын зерттеп жүрген ғалымдарға белгілі бір бұлақ көзі болуында сөз жоқ.

«Социалистік Қазақстан», 21 сентябрь, 1954 жыл