Аймақтар • 04 Ақпан, 2020

Жуалылықтар мемлекет қолдауының игілігін көріп отыр

188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысында жүзеге асып жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы ауыл халқы үшін үлкен мүмкіндік болып отыр.

Жуалылықтар мемлекет қолдауының игілігін көріп отыр

Үкімет отырысында мақұлданған жобаға қатысушылардың біразы бүгінгі таңда 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізіп, жұмысын бастап та кетті. Жуалы ауданы Бәйтерек ауылының тұрғындары Пірназовтар отбасы бұл жобаның игілігін көруде.

Егін шаруашылығының қыр-сырын жақсы меңгерген бұл отбасы үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану мақсатында бірнеше гектарға алхоры, шабдалы жемістерін және қызылша, күнбағыс, пияз, тағы да басқа көкөністерді егіпті.

«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы туралы айтқанда, алғаш түсінбедік. Кейін облыс басшысы, аудан, ауылдық округ басшылары, арнайы мамандар егжей-тегжейлі түсіндіріп, нәтижесінде тиімді несиені алуға тәуекел еттік. Мемлекет қолдауының нәтижесінде 3 миллион 500 мың теңге несиеге қол жеткізіп, оған 3 бас сиыр, 50 бас қой және мал азығы үшін 500 түк жоңышқа, 2 тонна арпа алдық. Мал басы көбейген соң жайылым мәселесі туындайды. Бізге он гектар жер керек. Әйтпесе, жем-шөптің бәрін сатып ала берсек, шығын көп кетеді. Мал азығын өзімізден шығарғанға жер берілсе деген тілегіміз бар. Отбасымызбен бұл кәсіпті ашқанымызға қуанып жатырмыз. Әсіресе, жұмыссыз жүрген жандарға бұл жоба үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан Үкіметке, әкімдікке ризашылығымызды білдіреміз» дейді Жарылқасын Пірназов.

1

Сол сияқты, пилоттық жобаға енген Ақтөбе ауылдық округіндегі Әлиасқаровтар отбасы да несие алып, мал басын көбейтіп отыр. Отағасы Нұрғазы Әлиасқаров осы уақытқа дейін «КамАЗ» жүк көлігін жүргізіп, отбасын асырап келген.

«Басында КамАЗ көлігін несиеге алғанбыз. Жазда жүк көлігіне жұмыс көп, ал қыс кезінде көбінде тұрып қалады. Сол үшін қыста несие төлеуде аздап қиналамыз. Оның үстіне банктен алған несиенің пайызы көп. Бар тапқанымызды банктерге беріп отырамыз. Басқа амал жоқ. Ал мына жоба аясында беріліп жатқан 2,5 пайыздық несие өте тиімді. Біз алған 4 миллион 700 мың теңге несиеге 10 бас жылқы малын сатып алдық және 700 мың теңгеге жем-шөп түсірдік. Бұған дейін өзімізде 3-4 бас қана жылқы болған» дейді жұбайы Рабиға Әліпбаева.

Бұл отбасы несиені ет бағытында алып отыр екен. Алдағы уақытта да ет бағытында жұмыс істеуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.

 

Жамбыл облысы