Аймақтар • 04 Ақпан, 2020

Қызылордада мектептер қоғамдастығы құрылды

326 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі аймақтағы 9 жетекші мектеппен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға отырды. Олар алда өзара тәжірибе алмасып, білім беру үдерісіне инновацияларды енгізу және дамыту бағытында бірлесе жұмыс істейді.

Қызылордада мектептер қоғамдастығы құрылды

Өңірімізде алғаш рет құрылған мектептер қоғамдастығына облыстық дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдары, жетекші мектептер мен «Ауылдық мектептер» жобасының пилоттық білім ордалары еніп отыр. Жиынға қатысушылар НЗМ жұмысымен танысып, нанотехнология кабинетінде өрт сөндіру, криминалистика, медицина салаларына қатысты оқушылар жасаған жұмыстарды көрді.  

Мектеп басшылары Назарбаев Зияткерлік мектебінің жетістіктері, кәсіби бағдар беру жұмысын ұйымдастыру жүйесі, оқушыларға қолайлы   жағдай жасау, сыртқы жиынтық бағалау үдерісі, білім алушылардың жобалау іс-әрекетін ұйымдастыру бағыттары мен «Action Research» және «Lesson Study» зерттеу жұмыстары бойынша жан-жақты ақпарат алды.

Дөңгелек үстел басында білім саласының мамандары мектеп қоғамдастығының негізгі жұмыс бағыттарына талқылау жүргізіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.  

– Біз өзара үздік тәжірибемізді таратамыз. Оқу-тәрбиелік, ғылыми-шығармашылық, мәдени-спорттық бағыттағы бірлескен жобалардың   мектептердің дамуына ықпалы мол болады, – деді Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бақыт Жұматай.