08 Тамыз, 2013

Ораза айт мейрамы елімізде мұсылмандарды ғана емес, күллі қазақстандықтарды біріктіре түседі

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы

Құрметті отандастар!

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы

Құрметті отандастар!

Барша қазақстандықтарды мұсылман әлемінің ең бір қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Қасиетті Рамазан айы аяқтал­ға­нын білдіретін бұл мереке – ис­ламның ғасырлар бойғы игі дәстүрінің, оның маңызды рухани құндылығы болған кеңпейілдің, жақсылық пен мейірімділіктің көрінісі.

Әлемнің барша мұсылмандары мүбәрак Рамазан айында өз­дері­нің санасы мен жүрегін жаман ой, жат пиғылдан арылтады. Ораза айт иманды күшейтіп, азамат­тарымызды қайырымды іс жасауға, жақынына көмектесіп, мұқтаждарға қолұшын беруге, қонақжайлылық пен жомарттық көрсетуге жігерлендіреді.

Халқымыз ислам татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні екенін әрдайым өз ісімен көрсетіп келеді. Ораза айт мейрамы елімізде мұсылмандарды ғана емес, күллі қазақстандықтарды біріктіре түседі.

Қазақстан халқы өз жеріне деген зор сүйіспеншілігімен, даналығымен, еңбекқорлы­ғы­мен, үлкенге құрметімен, айналасына қам­қор­лығымен ерекшеленеді. Тәуелсіз еліміз өзінің бай рухани мұрасын, қайталанбас тарихи, мәдени және діни дәстүрлерін орынды мақ­таныш етеді.

Оларды дамыта отырып, біз қоғамдағы ұлт­тық мәдени және рухани алуандылықты сақ­тауға, азаматтар арасындағы өзара құрмет пен­ сенімнің нығаюына одан әрі ықпал етуіміз қажет.

Осынау қастерлі күнде мен барша қазақ­стандықтарға рухани күш-жігер, жарқын көңіл, табыс, зор денсаулық және бақ-береке тілеймін!

Қасиетті Ораза айт мерекесі арамыздағы ынтымағымызды нығайтып, шаңырағымызға бейбітшілік пен мол игілігін әкелсін!