Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің айтуынша, жеке қабылдау, конференция режиміндегі жиналыстар мен жазбаша өтініштер аясында мүгедектігі бар адамдар көбінесе жеке көмекшінің қызметтерін ұсынуға қатысты ескертулер мен ұсыныстар қалдырды.
2020 жылғы шілдеден бастап жеке көмекшілердің қызметтері Әлеуметтік қызметтер порталына ауысады, содан кейін мүгедектігі бар адаммен жеке көмекшінің арасында келісімшарт жасалады, ерекше қажеттіліктері бар адамның жақын туыстары да жеке көмекші бола алады.
Сонымен қатар еліміздің барлық облыстарында көмекшілердің қызметтеріне сағатына ақы төлеудің бірыңғай мөлшері белгіленетін болады. Бұйрықта бұған дейін бұл мәселе реттелмеген болатын, сондықтан әртүрлі өңірлерде жеке көмекшілердің жалақыларында елеулі айырмашылық болды.
Сонымен қатар жаңа редакцияда жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерін көрсетуге қарсы көрсетімдерден АИТВ-инфекциясын жұқтырған адамдар санаты алынып тасталды. Бұл олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірмеуге мүмкіндік береді.