08 Тамыз, 2013

Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру – өмір талабы

443 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Сенімге лайықтылар ие болды

Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауыл округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Ақтөбе облысындағы аудандық, қалалық мәслихат депутаттары әкім сайлауына анағұрлам азаматтық жауапкершілікпен келген екен.

 

 Сенімге лайықтылар ие болды

Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауыл округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Ақтөбе облысындағы аудандық, қалалық мәслихат депутаттары әкім сайлауына анағұрлам азаматтық жауапкершілікпен келген екен.

Біз облыс экономикасында өзіндік үлесі бар өнеркәсіпті өңір Хромтау ауданында өткен сайлау барысына куә болдық. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы өз жұмысын әкімдерді сайлауды салтанатты ашумен бастады. Сайлау комиссиясына бірқатар саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың байқаушылары, кандидаттардың сенімді өкілдері де тіркеліпті.

Хромтау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серек Сағымбаев ауданда 14 ауылдық округ және аудандық маңыздағы қала бар екенін жеткізді. Осы округтердің билік тізгінін ұстау үшін 44 үміткер тіркелген. Соның 19-ы әйел адамдар. Солардың ішінде бұрыннан істеп келе жатқан он үш округтің әкімдері де бәсекеде бағын сынап көруге ықылас танытыпты. Сайлау комиссиясы төрағасының мәлімдеуінше, үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына барлық мүмкіндіктер туғызылған. Үміткерлер депутаттармен кездесіп, өз бағдарламалық байламдарын баяндаған.

Сайлау тәртібі түсіндірілгеннен кейін депутаттар он үш ауылдық, Никельтау селосы және Хромтау қаласы әкімдерін сайлау бюллетеньдерін алып, кабиналарға беттеді. Депутаттар кабиналарда бюллетеньдерді асықпай толтырып, шыққаннан кейін урнаға салып жатты. Залдағы ахуалдан сайлауды ұйымдастырудағы ілкімділік байқалып тұрды.

Сайлау комиссиясының мүшелері сайлау бюллетеньдерін мұқият санап, хаттама толтырып, қорытындысын шығарды. Біз сайлаудың өту барысын қадағалап отырған байқаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдерімен тілдесіп, пікірлерін сұраған едік.

– Сайлаудың ашықтығы қамтамасыз етілген, сайлау процестері көз алдымызда өтуде. Ешқандай кемшілік жоқ, барлығы заң аясында болуда. Жарамсыз бюллетеньдер болмағанын, пайдаланылмаған бюллетеньдердің жойылғанын көзімізбен көрдік. Жалпы сайлау жұмысы өте жақсы ұйым-дастырылған. Елбасы кезінде «Біз алда ауыл әкімдерін сайлауға жетеміз» деген болатын. Міне, бұған да жеттік. Бұл демократиялық дамуға қарай тағы да бір адым ілгері басқанымызды көрсетеді. Бұл бастама алда да жетілдіріле түседі. Халықтың аманатын арқалаған мәслихат депутаттары өздеріне үлкен міндет жүктелгенін түсінгендіктен аудандық маңызы бар қала және ауылдық округтер әкімдерін таңдауға аса жауапкершілікпен қарады деп ойлаймын, – деді Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комис­сияның мүшесі Роллан Құспан. Ақтөбе облысы жас­тар конгресінің өкілі, байқаушы Өтеміс Көкшаев та ашық сайлау өткенін, бұл сайлауда жастардың белсенділік танытқанын жеткізді, барлығы заң аясында жүргізілгенін айтты. Бұл ауыл әкімдерінің жауапкершілігін арттыра түсетінін, олардың жұмысына серпін беретінін мәлімдеді.

– Мен Никельтау селосы әкімдігіне кандидат Ізбасқан Аққұловтың сенімді өкілімін. Сайлау ашық та әділ өтті деп есептеймін. Өзім бастан-аяқ қатыстым, бақылап отырдым. Ал Ізбасқан Аққұловтың басым дауыспен өтуі заңды. Себебі, ол осы қызметте бұрыннан істеп келеді. Үлкен маман инженер, шаруашылық басшысы ретінде еңбек жолынан өткен, халықтың қамын ойлайтын азамат. Жалпы, бұл сайлау елімізде демократияның тұғыры беки түскенін тағы бір дәлелдеді, – деді кандидаттың сенімді өкілі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Ерманов.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнара Күнбаеваның мәлімдеуінше, 142 ауылдық округтің және аудандық маңызы бар 7 қаланың әкімдігіне 434 кандидат тіркеліп, оның үшеуі басқа жұмыстарға ауысуына байланысты өз өтініштері бойынша сайлауға қатысудан бас тартқан. Сөйтіп, 431 үміткер сайлауға қатысты. Сон ымен, сайлау нәтижесінде 149 әкім сайланды. Оның 18-і қыз-келіншектер. Бұрын жұмыс істеген 101 әкім қайтадан сайланған. Сайланған 149 әкімнің 134-і «Нұр Отан» ХДП мүшесі.

– Аудандық, қалалық сайлау комиссиялары бұл саяси науқанға тиянақты дайындалды. Сайлауды заң аясында өткізуге байланысты үш аумақтық семинар өткіздік. Сайлауды өткізуге байланысты көптеген ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде сайлау асқан ұйымшылдықпен ашық та әділ өтті. Сайлауға қатысуға тиісті 172 таңдаушының төртеуі ғана дәлелді себептермен сайлауға қатыса алмады. Ешқандай заң бұзушылыққа жол берілген жоқ, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнара Күнбаева.

Осылайша, демократиялық дамудың тағы бір қадамы жасалды. Сенім биігіне көтеріліп, халық қалаулыларының таңдауына іліккен ауыл, қала әкімдерінің серпіле іске кірісетін сәті туды. Бұл әр ауылдағы игілікті істерден көрініс табады деген сенімдеміз.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

Батырлар мен ақындар еліндегі таңдау

Ата Заңымызға сәйкес, демо­кра­тиялық жолдың бір үрдісі Жетісу жеріндегі батырлар мен ақындар елі болып саналатын Жамбыл ауданында ауылдық округтер әкімдерін сайлауда жарқын көрініс тапты. Осынау тарихи маңызы зор шара Әнұранымызбен басталып, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы үміткерлерге табыс тілеумен жалғасты. Барлығы 24 ауылдық округ әкімі лауазымына 72 үміткерді демократиялық жолмен халықтың атынан­ аудандық мәслихаттың 16 депутаты таңдады. Рес­пуб­ликалық, облыстық 6 ба­қы­лаушы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сай­лаудың әділ өтуін жіті бақы­лап отырды.

Қазақстан көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылған сайлау жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру жолында демократиялық қарқынмен өтті. Мұны еліміздегі жаңа үрдіс ретінде бағалағанымыз абзал. Біз бұл қадамға 20 жылдан астам уақыт ұзақ жолмен келдік.

Демократиялық жол желеу етіліп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу үлкенді-кішілі мінбелерде сан рет көтерілді. Құдайға шүкір, 1995 жылғы жаңа конституциялық заңмен бүгін халқымыз ұзақ уақыт күткен сайлау өз мәресіне жетті. Сайлауды республикалық бақылау комиссиясының мүшесі ретінде бақылап, әділ өтуіне тікелей араласып жүргенде көріп, көкейіме түйгенім   Алматы облысында еліміздегі келелі істің басы болып саналатын әрі болашақта жалғасын табатын ауылдық округтер әкімдерін өткізу жақсы ұйымдастырылды. Бюллетеньдердің таратылуында, түсіндірілуінде   демократиялық талап сақталып, заңнама бұзылған жоқ. Аудандық мәслихаттың 17 депутатының біреуі ғана келе алмады, өзгелері толық қатысып,   шымылдықтың арғы жағына жеке-жеке өтіп, өз таңдауларын жасады. Сөйтіп, еліміздегі ең төменгі билік тізгінін ұстаған әкімдер демократиялық жолмен жүзден жүйрік болып шықты. Ауыл әкімі дегеніміз, биліктің табан тірері әрі республикамыздағы 7,5 милионнан астам   халықтың тағдырына жауап беретін тұлға. Мемлекеттік маңызы зор шаралардың дұрыс ұйымдастырылып, өз мәнінде өтуіне жауапты осы тұлғаларды сол елдің өзі сенім артқан депутаттары сайлап отыр. Әкімдер жауапкершіліктері де заңнамада қарастырылған. Сондықтан бұл сайлау қорытындысы халықтың игілігіне қызмет етіп, сол елдің қолдаушысы бола алатын азаматтар таңдауына тірелетініне сенім артамын», деді республикалық бақылау комиссиясының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, белгілі қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.

Негізі бұл күні сайлауға түсіп, бақ сынаған әкімдердің басым бөлігі ауылдық округ әкімі лауазымын осыған дейін атқарып келген азаматтар болды. Шыны керек, бұл сайлау сол әкімдердің жауапкершіліктерін күшейтіп, сенім жүгін артқаны да айқын байқалды. Осыған дейін өздерінен жоғары тұрған аудан әкімінің тағайындауымен қызмет істеген әкімдер жауапкершілігі халықтық сайлауда еселене түскені тағы анық. Елдің алдында маңдайы жарқырап жүріп, ұрпаққа ілкімді істі бастап беруге құлшынған әкімдердің бірі Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі болып сайланған Әлімхан Қосбасаровты сөзге тартқанымызда «Ақсеңгір» ауылдық округіндегі төрт елді мекенде 4,5 мың халық тұрады. Сол ел негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Халықтың тұрмысы жақ­сы. Инвестиция тартып металл бал­қы­тушы «Ферросплав» атты   шағын зауыт салдық. Жақында іске қосылады. Ауылдық округтегі ірі 7 ша руа қожалығы бірігіп «Наурыз-2012» атты   ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрып, өңірде егін шаруашылығын дамытқан үстіне дамыту мақсатында жұмыс жүргізуде. Асыл тұқымды «Сарыарқа» қой шаруашылығы да ауылдық округімізде бар. Былтыр 75 орындық «Ақбота» балабақшасы ашылса, биыл мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. 50 орындық амбулаторияның сметалық құжаты жасалынып, келесі жылы құрылыс жұмысы басталады. Ауылымызға табиғи газ құбырын тарту үшін   келісімшарт жасалды. Тізбелей берсек, елдің қолдауымен атқарған және бастаған ілкімді істеріміз баршылық», деді ол.

Жалпы, Жамбыл ауданындағыдай, бұл күні облысымыздың 259 ауылдық округінің әкімдері демократиялық жолмен, заңнама талабына сай сайланды. «Ырыс алды ынтымақ» деген даналықты ұстанған жетісулықтар үлгі тұтар татулықтарын әкімдер сайлауында да танытты. Елбасы идеясымен елімізде жүзеге асырылған игі шара жалпыхалықтық қуанышқа айналды. Қасиетті Рамазан айының соңғы күнінде елдің осынау қуанышын табиғат-ана да құптағандай   ертелетіп құдды нұр іспетті себелеп қана өткен жауынды халық жақсы ырымға жорыды.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.

Енді жауапкершілік те, талап та күшеймек

Жергілікті өкілетті органдардың шешіміне сәйкес, Орал өңірінде ауыл әкімдерінің сайлауы екі кезекте өткізіледі деп ұйғарылған еді. Мұның өзі сайлаудың қатып қалған қасаң қағидалар бойынша емес, барынша ашық, еркін, демократиялық сипатта өтетінін білдірсе керек. Сонымен, кеше облыстың жеті ауданында ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді. Мұнда биліктің жергілікті органдарының жетекшілерін аудандық мәслихаттың депутаттары таңдап, дауыс берді.

Дауыс берудің өңірдегі бірінші кезегін мүлт кетірмей зерделеген қоғамдық бақылаушылар мен БАҚ өкілдері сайлау ашық және әділетті өтті деген ұйғарымға келді. Бірден атап өтерлік жайт, Батыс Қазақстан бір ауыл әкімі қызметіне 3-4 үміткерден ұсынған республикадағы санаулы облыстардың қатарына кіріп отыр. Кеше сайлаудың алғашқы күні 62 орынға 190 кандидат бақ сынады. Олардың арасында бүгінде қызмет істеп жүрген әкімдермен бірге, мұғалім, инженер, экономист, шаруа қожалығының жетекшісі секілді өзге саланың өкілдері де бар. Ауыл әкімдері сайлауында бірінші кезекте жолы болған үміткерлердің 11 пайызы әйелдер.

Аудандық мәслихат депутаттары үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларымен алдын ала танысуға мүмкіндіктер алды. Сонымен қатар, іскерлік қабілеттеріне де назар аударды.

Шалғайдағы Жаңақала ауданынан тілшілер қосынына арнайы қоңырау шалған ел ақсақалы Нәсіпқали Мақанов сайлауалды іс-қимылдардың осындай оң, жағымды жайттары жөнінде айтып берді. «Ауыл әкімдері адамдар мен тұрғындарға ең жақын тұрған мемлекеттік басқарудың ең төменгі буыны болып табылады. Сондықтан да жергілікті ел-жұрт ертеңгі күнге деген сенімдері мен мұң-мұқтаждарын жаңадан сайланған жергілікті әкімдермен де байланыстыра алады», деді ол.

Нәсіпқали ағамыз айтқандай, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, алдағы уақытта ауыл және кент әкімдеріне қосымша өкілеттіліктер берілмек. Ой таразысына салып көрейік. Ауылда әлі де болса шешімін тауып үлгермеген мәселелер мен проблемалар бар екені талас туғызбаса керек. Соның ішінде сапалы ауыз судың тапшылығы, жастарды жұмыспен қамту, елді мекендерді абаттандыру, білікті медициналық қызметке деген қолжетімділік, бос уақытты тиімді де, ұтымды пайдалану секілді түйткілдерді атап айтуға болады. Мұндай мәселелерді жергілікті билік басына қызмет пен лауазым үшін емес, тұрғындардың мұң-мұқтаждарына ортақтаса алатын, оны өз мүмкіндіктері мен өкілеттіктеріне сай шешетіндер ғана соңына дейін тындыра алатыны анық.

Сырым аудандық «Сырым жауһар­лары» қоғамдық бірлестігінің төрайы­мы, қоғамдық бақылаушы Айнагүл Қойшыбаева:

– Ауыл әкімдерін сайлау – биылғы жылдың басты оқиғасының бірі. Біздің ауданда саяси науқан өзінің тиісті деңгейінде өткізілді деп санаймыз. Ешкім де сайлаудың қалыпты ағысына қол сұққан жоқ. Депутаттар өздері лайықты деп есептеген үміткерлерге ерікті әрі саналы түрде таңдау жасағанына күмәніміз жоқ. Бүгінгі сайлау тұтастай мемлекетіміздегі демократиялық үдерістердің тағы бір сапалық деңгейге көтерілгенін паш етті деп білемін, – деді.

Ал Қаратөбе аудандық мәслихаты­ның депутаты Есен Ғұмаров:

– Бүгінгі өткізілген сай лау ауыл­дың дамуы үшін аса маңызды. Алдағы уақытта әкімдерге қосымша құзыреттіліктер берілмек. Мұның өзі шешімін таппай келе жатқан мәселелерді жергілікті билік өкілдері өздерінің іс-жоспарларына сай атқарады деген сөз. Мұндай жағдайда халықпен келісіп атқаратын істер көлемі одан әрі ұлғаймақ. Соған сай әкімдерге қойылатын талап та күшеймек. Мұндай жағдайда сайланған әкімдер жұмысқа деген бейімі мен қабілетін дәлелдеуі керек болады. Біз халықтың пікірімен санаса отырып өз таңдауымызды жасадық. Таңдалған үміткерлер бұдан әрі халықпен қоян-қолтық жұмыс жасауға мүдделі болады деген ойдамын, – деді.

Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала, Сырым, Қаратөбе, Тасқала және Шыңғырлау аудандарынан «Егемен Қазақстанның» тілші қосынына келіп түскен хабарлар мен деректер сайлау осы өңірлердің бәрінде ұйымшылдықпен әрі қандай да бір құқық бұзушылықсыз, кемшіліксіз өткенін көрсетеді. Сайлау комиссиясы мүшелеріне сайлау барысында өтініш-шағымдар түспеген. Дауыс беру нәтижелеріне, тіпті, тиісті деңгейдегі дауысты жинай алмаған үміткерлердің өздері де теріс пікір айтпағанын облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абай Хамзин айтып берді.

Бір күннен кейін Ақжайық өңірінде ауыл әкімдерін сайлаудың екінші негізгі кезегі өткізілмек. Соңғы түйенің жүгі ауыр дегендей, бұл күні негізінен тұрғындар саны көбірек аудандар мен Орал қаласына қарасты кенттік округтерде таңдаушылар өз таңдауларын жасамақ.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.

Ұйымшылдықпен өтті

Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру мақсатында кеше Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында ауылдық округ әкімдерінің сайлауы басталды.

Елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырған әкімдер сайлауы Шығыста 7-8 тамызда жүзеге асырылмақ. Тарқатып айтар болсақ, ауыл әкімдерінің сайлауы кеше Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Зырян, Көкпекті, Ұлан аудандарында өтті. Бүгін Семей қаласында, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Үржар, Шемонаиха аудандарында ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтпек. Сайлауға зейнет жасына толмаған бұрынғы әкімдер де қатысуға мүмкіндік алды. Халық қалаулылары таңдаған әкімдер алдағы төрт жылда халық үшін аянбай қызмет етпек. Өңірде әкімдерді сайлау науқанының екі күнге созылуын Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Еркінбек Аязбаев ауылдық округтер санының көптігімен түсіндіреді.

Еркінбек Мұқатайұлының берген ақпараттарына сүйенер болсақ, облыста жалпы саны 252 мандат болса, оған үміткерлердің саны 740 адамды құраған. Яғни, бір орынға 2-3 кандидаттан келген. Оның ішінде облыстағы аудан деңгейіндегі 6 қала бойынша (Аягөз, Зайсан, Шар, Шемонаиха, Зырян, Серебрянка) 16 үміткер, 21 кент бойынша 63 үміткер, 225 ауылдық округтер бойынша 661 үміткер бақтарын сынауға өтініш берген екен.

– Алдын ала барлық дайындық жұмыстары жүргізілді. Қажетті көмектер көрсетілді. Сайлау өтетін учаскелер толықтай қажетті заңнамалармен, сайлау ережелері туралы нұсқаулықтармен қамтамасыз етілді. Дайындық жұмыстары тамыз айының 3-іне дейін түгелдей аяқталды, – деді Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Еркінбек Аязбаев бізге берген сұхбатында.

Ұлан ауданындағы әкімдер сайлауында 48 үміткер бақ сынады. Жалпы жиыны 16 округ пен кенттің әрқайсысынан үш үміткердің сайлауға түсуі ауданның бұл саяси науқанға қаншалықты дайындықпен келгенін көрсетсе керек.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың 13 депутаты дауыс беруге уақытынан бұрын келіп, асқан белсенділік танытуы да соның дәлелі. Елдің атынан таңдау жасау жауапкершілігін жан-тәнімен түсіне білген халық қалаулылары үшін сайлаудың әділ әрі нәтижелі өтуі өте маңызды. Өйткені, ел атынан сайланған әкімнің қызметіне белгілі мөлшерде депутаттар да жауапты болатыны сөзсіз. Бұл пайымымызды аудандық мәслихат хатшысы Назигүл Сейсембина да бекіте түсті.

– Халық бізге сенім білдірді. Енді сол сенімнің үдесінен шығуға міндеттіміз. Осыған дейін ауыл мен кенттің, аудандық маңызға ие қалалардың әкімдері тағайындау арқылы қызметке келетін. Ол атқарған қызметінің сапасы үшін көбіне тек аудан басшысының алдында ғана жауапты болатын. Ал бүгінгі өзгерістің нәтижесінде әкімдікке үміткерлерді аудан басшысы ұсынғанымен, оны таңдайтын – депутаттар. Депутаттар өз кезегінде халықтың жағдайын ойлайтын, сайлауалды бағдарл