Медицина • 04 Ақпан, 2020

Обырды жеңген қазақтар

930 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл сайын 4 ақпанда Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні атап өтіледі. Халықаралық обырға қарсы одақтың (UICC) бастамасымен дәл осы күні мамандар онкологиялық дерттердің бар екенін халықтың есіне салып, оның алдын алу, ерте анықтау, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау, қолжетімді скринингтік тексерулердің маңыздылығы туралы ауқымды жұмыстар жүргізеді.

Обырды жеңген қазақтар

Бірақ, осыған қарамастан, жыл сайын елімізде 36 мыңға жуық адамның жаңадан обырға шалдыққаны анықталады. Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 180 мыңға жуық қазақстандық тұр. Жыл сайын онкологиялық аурулардан шамамен 14 мың адам көз жұмады.

Алдымен Қазақстанда сүт безі обыры, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны  мен колоректалды обыр түрлері алғашқы төрттікті құрайтынын тағы да еске сала кеткен жөн.

Орайы келіп тұрғанда, Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында обырға қарсы жаңа препараттарды клиникалық зерттеу басталғаны айта кету керек. Сондай-ақ, емдеу хаттамаларына иммунотерапия енгізіліп отыр.

Сонымен 4 ақпанда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында обырмен күрес күніне арналған іс-шаралар легі өтті. Соңы эстарада және өнер жұлдыздарының қатысумен, концертке ұласқан бастамалардың басты оқиғасы – обырды жеңген жандардың журналистерге берген сұхбаты болды.

ҚазОжРҒЗИ басқармасының төрайымы, Қазақстанның ДСМ бас онкологы Диляра Қайдарова мен Қазақстанның онкологиялық қызметіне ат салысып жүрген волонтерлер де қатысқан баспасөз мәслихатында көтерілген мәселелер аз болған жоқ. Мәселен, психолог-дәрігерлер адамның иммунитеті мен көңіл-күйінде тығыз байланыс бар деседі. Ал қатерлі ісікті соңғы сатыларында жеңген жандардың жарқын мысалы төмендегідей.

Шолпан Валиева, 49 жаста: Мен Алматы маңындағы Қарғалы селосында тұрамын. Мен бұл дертке душар болған кезімде «Первичное переториональное карцинома» , яғни іш құрылысы обырының 4 сатысы бірден қойған болатын.

1

Өзімнің ауруымның аты мен әбден асқынғанын білгенде бірінші өзіме қатты ашуландым. Былай қарағанда рактың 4 стадиясы – өлдің  деген сөз ғой. Дәрігерім, онколог-химиотерапевт Лена Андреевнаға келіп: «Қанша өмірім қалды?» деп сұрадым. «Егер өмір сүргіңіз келсе, онда сүресіз. Егер дәрменсіздік танытсаңыз, көпке бармайсыз.  Бәрі өзіңізге ғана байланысты» деді. 

Өмірім енді басталды, енді өзім үшін өмір сүремін деп отырғанда, обырға шалдығуым мен қатты ашуландырды. Неге мен? «Неге мен?», деп, өзімді бірден қолға алдым. Ең басты осы ауруды жеңе алатыныма сендім. Бір жігер, өмірге деген құштарлық пайда болды.

Ал ауыр дертке шалдыққанымды ішім қатты ауырып, тіпті ауырсынуды басатын дәрілер де көмектеспегенде ғана білдім. Осыдан кейін ауруханадан аурухана, анализдерден анализ, химиотерапиялар басталды. Кейін қатерлі ісіктің ошағы отамен түгел алынып тасталды.

Мен 2019 жылдың қаңтарынан бері қарай қатерлі дерттен толық арыла бастадым. Мен қазір дені сау адаммын.

Майра Аманбаева, 59 жаста: Мен қазір үш баланың анасымын. Міне, өте көп жылдардан кейін Алматыдағы онкология институтына емделу үшін емес, осыдан көп жыл бұрын басымнан өткен оқиғаны еске алу үшін, соны өзгелерге сабақ болсын деп, айту үшін келіп тұрмын. 1983 жылы маған Ресейде қатерлі ісікке күдік байқалып, диагноз қойылған. Ол кезде қатерсіз деген. Бірақ, 1984 жылы осы ауру мені қайта айналдыра бастады. Ол кезде өзім теміржол ауруханасына фелдьшер-лаборант болып қызмет істеп жүргенмін.

2

Маған меланома, тері рагы диагнозы қойылды. Сол кезде де мықты онколог-мамандар болды. Емдеп қана қоймай, үлкен психологиялық қолдау білдірді. Алайда,  жұрт өзіме айтпайды екен, сыртымнан «ары кетсе 2-3 жылдан соң қайтыс болатынымды» естіп қалдым. Осы сыбырдан кейін бірден бірден күйзеліске түсіп, жылап-сықтап, өзімді өлімге байлай жаздаған кездер де болды. Бар болғаны 23 жастамын. Не тұрмыс құрмағанмын, не балам жоқ. Анамнан ерте айрылып, әкемнің бізбен ісі болған жоқ. Ата-әжеміздің қолында өстік. Ол кісілер де ерте кетті. Қысқасы, маған қарайласатын адам да болмай қалды. Қолдау танытқан достарым мен әріптес дәрігерлер ғана болды. Осы кезде мен бұл аурумен күресемін деп шештім. Өзім Ұлы Отан соғысында 5 жылдай жүріп, аман келген атамның «психологы» болғанмын. Осылайша өзіме өзім көмектесе бастадым. Осы кезде махаббат та бала да, жұмыс та, үй де күй де  пайда болды. Ауруымды ойлауға мұршам келмеді. Осыдан кейін жазылып кеткендей болдым. Бірақ, 10 жылдан кейін бұл ауру өзінің бар екенін тағы да есіме салды. Қолым ауырып, көтере алмай қалатын едім. Алайда, ота жасатқан жоқпын. Осы кезде мен денсаулығым үшін үлкен ізденіс жолына түстім. Гомеопатия, психология, фитотерапиямен терең айналыстым. Родология, яғни тектану ілімін зерттеп, неге мұндай дертке душар болғанымды түсінуге тырыстым.  Көп оқығанның арқасында өзімді де күйеуімді де айналамдағы адамдарды да түрлі дерттерден сауықтырдым.

Аружан Тоқан, 17 жаста: Қазір мен Авиациялық колледждің 2 курсында оқимын. Маған 2 сатыдағы мойын безінің қатерлі ісігі деген диагноз қойылған. Мен әу баста туберкулезді емдейтін ауруханаға түскен болатынмын. Ота жасағанннан кейін менде қатерлі ісік бар екені белгілі болды. Содан онкология институтына келіп диагноз нақтыланғаннан кейін емделе бастадық. Үш жыл бойы түрлі терапиялардан өттім. Бұл ауруды жеңуде маған бірінші кезекте ата-анам, дәрігерлер мен спорт көмектесті. Әсіресе, психолог мамандардың да қолдауы мықты болды. Жасым 17-ге келді. Қазір студентпін. Спортпен айналысамын.

Әрине, аты жаман ауруды жеңген жандардың басынан өткенін  баяндау оңай-ақ, бірақ олардың әрқайсысының жүріп өткен жолы, қиындықтары мен күйзелістері мұнан әлдеқайда күрделі екендігі аян. Ең бастысы, бүгінгі таңда дертті дер кезінде анықтаса, емі бар, шипасы табылады.

2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қатерлі ісікке шалдығу 36 345, яғни 100 мың тұрғынға шаққанда 196,4 адамды құрайды.

Онкологиялық науқастардың электрондық тіркелімінің деректері бойынша қатерлі ісіктерден өлім-жітімге ұшырау 100 мың тұрғынға шаққанда 76,0 (14 060 оқиға) адам.

Дегенмен, онкологиялық ауруларды ерте диагностикасы жақсарды, 0-I сатыдағы қатерлі ісіктер жаңа жағдайлардың жалпы құрылымында 26,8% құрады. Қазір Қазақстанда тегін онкоскринингтердің үш түрі: 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге сүт безі обырына, 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерге колоректалды обырға, сондай-ақ 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге арналған жатыр мойны обырына скрининг жасалады. Скрининг емханаларда тегін жүргізіледі.

Қазақстан онкологиялық ауруларды диагностикалап, тегін емдейтін ел екенін естен шығармау ләзім.

Онкологиялық науқастардың ең көп бөлігін Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындары құрайды.