Руханият • 04 Ақпан, 2020

ҚазҰУ студенттері «Қайырымды қоғам» челленджін бастады

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері «Қайырымды қоғам» челленджін бастап, ауқымды флеш-моб өткізді. ЮНЕСКО аясында 1150 жылдығын бүкіл әлем тойлап жатқан ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби ескерткішінің алдында әр факультеттен 5 мыңнан астам студент жиналды.

ҚазҰУ студенттері «Қайырымды қоғам» челленджін бастады

Бұл теңдесі жоқ жоба ғұлама әл-Фарабидің адамзат үшін ең басты деп санаған мейірімділік, парасаттылық, адалдық және әділдік сынды құндылықтарды қаперде ұстай отырып, елдегі игі істер эстафетасына серпін береді.

Челленджге кез келген адам қатыса алады. Ол үшін әлеуметтік желілерде қайырымды іс-әрекеттер, қайырымды және ізгі істер туралы пост, фотосуреттер немесе бейнебаян жариялау жеткілікті. Челлендждің ұйымдастырушылары эстафетаны жалғастыруды және оны #AlFarabiQQ хэштегімен сүйемелдеуді ұсынады.

«Әл-Фараби «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдында игілікті мақсат қоя білуінде... адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында», – деген болатын. Әрбір адамның жақсылық жасауға, өзін және айналасындағыларды бақытты етуге бар күш-жігері жетеді. Егер біз әрқайсымыз өз-өзімізді жетілдіруге және жақсы іс-әрекеттер жасауға ұмтылсақ, баршамыз бірге Қазақстанды қуатты ұлт пен жауапты адамдардан тұратын – табысты, қайырымды елге айналдырамыз» дейді флеш-мобқа қатысқан екінші курс студенті Хасан Нұрсат.

Жоба жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамытуға, әлеуметтік ынтымақтастықты нығайтуға және тек жаһандық ғана емес, сонымен қатар жергілікті қоғамдастық мәселелерін де шешуде бастамашыл топтарды ұйымдастыруға, нақты адамдарға көмек көрсетуге бағытталған. Челлендж медиа кеңістікте оң көзқарас көрсетуге және бір-біріне мейірімділік пен жанашырлық таныта отырып, қиын-қыстау жағдайға тап болған адамдардың өміріне бейжай қарамай, бір-біріне болысу арқылы, нақты іс-әрекеттер жасаудың маңызды екенін қаперде ұстауға септеседі.