Абай • 05 Ақпан, 2020

Абай – Жамбыл ауылында

593 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлы Абайдың туғанына 175 жылдығына арналған мемлекеттік маңызды кезекті шара ақындар мен батырлар елі – Жамбыл ауданында, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Ұлы ақынның мұражайында өтті.

Абай – Жамбыл ауылында

Халықаралық Жамбыл қорының төрағасы, Абай атындағы Қазақ ұлттық  педагогикалық университетінің ғылыми қызметкері, белгілі ақын Манарбек Ізбасар «Біздің университет ректоры Такир Балықбаевтың шешіміне орай аталмыш шараға сай оқу орнының алдындағы ұлы ақын ескерткіші түбінде жыл аяғына дейін мезгіл-мезгіл флешмоб ұйымдастырылып тұра­тын болды. Ол басқосуда ұстаздар мен студенттер Абай жырларын оқиды, қара сөзін жатқа айтады, тарихи қызықты деректерді ортаға салады. Ұлы Жамбыл мұражайына Алматыдан бүгінгі арнайы атбасын бұруымыз сол шарамен лайықты үндестік табады ғой деп білемін» деді.

Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділ­бек Далабаев алматылық қонақтар мен жиналған қауымды ақын атындағы ауданда ұлы Абайға арналып өтетін, өтіп жатқан іс-шаралар барысы­мен  таныстырды. Салтанатты жиынға қатысу­шылардың алды болып Жамбыл ауданы мен Алматы облысының Құрметті азаматы, Мәде­ниет қайраткері, ақын Орысбай Әбділдаұлы сөз сөйледі:

– Біздің ауылымызда өтіп жатқан ұлы Абай бабамыздың рухын көтерген бұл жүздесу – ұлан-асыр үлкен тойдың басы. Абай – қазақтың түп қазығы, Абай ілімі қазақтың – бас идеологиясы. Менің бала кезімде оқушы дәптерінің сыртында ақынның «Ғылым таппай мақтанба» деген сөзі көз салған жанға шамшырақтай әсер беріп, жазылып тұратын. Ол қазір жазылмайды. Өйткені, Абайдың ол ақылы қазақтың қанына сіңді дейтін сияқтымыз. Жоқ. Ұрпақ ауысып, буын алмасып тұрады. Сондықтан жас ұрпақты тәрбиелейтін сол дәстүр жалғасуы керек.

 

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Даңқты композитор Нұрғиса Тілендиев ағамыздың аузынан естіген мына бір ақиқат сөз есімнен еш кетпейді. Жамбыл атамызға Алматыдан сәлем бере келген кіл мықты жазушылар сынамақ үшін бе екен, бірде... Жәкеңе «Осы Абай  қандай ақын?» деген сауал қойыпты. Сонда сәл ойланыңқырап қалған ғасырдың құрдасы үзіп алғандай «Абай – ақын ба?..» деп кідіріпті. Қаумалаған жұрт – пенде. Атағы айға жетіп тұрған ақын мұнысымен не айтпақ болды екен деп іштен тына қалады. Сонда Жамбыл тәтем «Абай ақын емес, Абай – Пайғамбар!» деген екен. Міне, ұлы Абайға берген ұлы Жамбылдың бағасы.

 

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы, университеттің «Абай» телестудиясының директоры:

 –Таяуда маған бір жас өрен келді. Абайдың 175 жылдығына орай деректі фильм түсірмек ойы бар екен. Сол үшін бейнекамера керек дей­ді. Қуана қолдадым. Кездейсоқ режиссердің ба­ғыт бағдарламасымен танысу барысында оның Абай шығармаларымен шала таныс, тіпті «Абай жолын» оқымағанын білдім. «Оқып аламын, қазір тездетіп ақынның бейнесін жасағым келе­ді», дейді. Амал қанша, қазіргі қоғамдағы кейбір жеткіншектеріміздің бүгінгі болмысы, ұлы ой­шылға деген көзқарасы  осындай... Кінә – өзімізден!

 

Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ,

Қазақстан журналистикасының қайраткері, Халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері:

– Ұлы ойшылымыз Абай өзінің Жиырма екінші қара сөзінде былай дейді: «Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ. Мықтыны сыйла­йын десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық амал­ға елдің бәрі де есті...» Ғұламаның бұдан бір ғасыр бұрын біздің бүгінімізді тереңнен болжап, сал­мақ­тап, таразылап кеткеніне, данышпандық тал­ғамына таң қалумен, таңданумен келемін...

Ұлы Абайдың мерейтойына байланысты өткен аса қызықты да мазмұнды пікір алмасулардан соң аудандық «Құлансаз» ән-би ансамблінің әртістері Абай әндерін тамылжыта шыр­қады. Осындағы Жамбыл атындағы орта мек­тептің оқушылары ақынның жырларын кезек-кезек жатқа оқыды. Мұрайжайдың конференц-залына лық толған көрермен-көпшіліктің құлақ құрышы қанып, бір сергіп қалғандай әсерге бөленді.

Ұлы Абай мерейтойының аяғын ала ұлы Жамбылдың дәл осындай 175 жылдық мерейтойы бастау алатынын нақ білетін халық мұражайдағы кездесуде қазақ әдебиетінің қос алыбының рухына тік тұрып бас иіп тағзым етті, қол соқты. 

 

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы