Сейітқазы Нұртаев кім?
Бұл сұраққа жауап табу үшін біз әуелі Мереке атаны іздедік. Таптық. Қария Алматы маңындағы Бесағаш ауылында тұрады екен. Бұл шамамен 2014 жыл.
Бізді қарияның жұбайы Клара Мұқанқызы қарсы алды. Атамыз үйде жоқ екен. Талдықорғандағы отауына кетіпті. Апамыз қарапайым, әңгімешіл жан болып шықты. Айтуынша, 1965 жылы салт басты жігіт Мерекеге жолығып, екеуі отау құрған. «Бертінге дейін Мереке аталарың Шәкәрім қажының туған немересі екенін ешкім білген жоқ» дейді апамыз. Бұған басты себеп: әкесінің қытай елінде «халық жауы» ретінде атылуы, оның сыртында қырқынан шықпай әкеден, 6 жасында анадан айырылып, жастай жегілген жетімдік пен шетқақпайлықтың қамыты еңсе көтеруіне мұрсат бермеген сыңайлы.
Апамыздың айтуынша, біз іздеп жүрген Сейітқазы ұстаз керемет адам болыпты. 1931 жылы Зият Шәкәрімұлы Қытай асып барғанда қарсы алып, үлкен қызы Мүнираны қалыңдықсыз қосқан. Мүнира Үрімжіде орыс мектебінде оқыған. Кейін әке жолын қуып ол да ұстаз болған. Мереке бастауыш класты өз анасының қолынан оқыпты.
Сөйтіп, жетім қалған Мереке ақыры қытай бетіндегі жалғыз туысы Тәкежанның немересі атақты Әзімбайдың Бердешін паналаған. 1955 жылы Бердеш тұл жетім Мерекені Зайсан арқылы Қазақстанға алып өткен. «1955 жылы 10 мамыр күні екі елдің келісімі бойынша Зайсан арқылы Құнанбай тұқымынан тараған 10 шақты отбасы Қазақстанға өтіп, Молотов колхозына орналасыпты. Мерекенің хабарын білген Ахат Шәкәрімұлы кісі жіберіп оны Алматыға алдырыпты» деді Клара апамыз.
Орайы келгенде апамызға көмейде кептеліп тұрған «Сейітқазы ұстаздың ұрпағы қайда?» деген сұрақты қойдық. Апамыз: – жалғыз ұлы Жәудет қайтыс болған, Қанат деген баласы бар. Ол қазір Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы «Каменный Брод» атты ауылда тұрып жатыр – деп, үйінің телефонын берді. Жерден жеті қоян тапқандай қуанып қалдық. Қалай десек те, Қазақстанда туып, қиын күндері Қытай асып, ғазез басы Қобда бетінде (Моңғолия) қалған, бұл да бір қазақтың қилы тағдыры емес бе?
* * *
Осылай Сейітқазы ұстаздың ұрпағына хабарластық. Бірақ жүздесудің сәті түспеді. Екі ортада Қанат ағамыз ауылдан көшіп кетіпті. Қайтадан іздеу, сұрау салу... Жуықта табылды. Аудан орталығы Саумалкөл кентіне қоныстаныпты. Жаңа жылдың алдында шаңырағына шақырды. Бардық. Барлық тумалары жиналып күтіп отыр екен. Біз ортақ әңгімеге тиек болсын деген ниетпен 1937 жылы қазақ зиялылары Үрімжі қаласында бас қосып, ұстаз Сейітқазы Нұртаевты ортаға алып түскен мына суретті ала бардық. Кәдеге жарады.
Сейітқазы ұстаз арғын ішінде атығай-қарауылдың бас батыры, Абылай ханның сенімді серігі Жәпектің тікелей ұрпағы екен. Жәпек жайлы дерек Шоқан Уәлихановтың «ХVІІІ ғ. қазақ батырлары туралы тарихи аңыздар» атты еңбегінде кездессе, атақты Шал ақынның: «Атығайдың төрт қасқа батырының бірі – Жәпек» дейтін сөзі бар.
Жәпек батыр бәсентиін Малайсарының қарындасы Кежекке үйленген. Одан Сейтен, Жауқай, Жортушы, Жарты, Сарықазақ атты бес ұл туған. Осындағы Жортушыдан – Нұртай, одан – Смайыл. Смакеңнен екі ұл: Сейітбаттал мен Садуақас. Сейітбаттал кейін әртүрлі себептерге байланысты атын Сейітқазы деп өзгерткен. Бұл жерде «ол кісі не себептен аты-жөнін өзгертті?» деген сұрақ туары анық.
* * *
Бұл сұраққа жауап табу үшін ұстаздың өткен өмір жолын жүлгелеп, зерттедік. «Сейітқазы ұстаз (Сейітбаттал Смайылұлы) шамамен 1880 жылы туған. 1892-1900 жылдар аралығында Тройцк қаласында орналасқан «Расулия» медресе-мектебінде білім алған» деп жазыпты, алтайлық өлкетанушы Мидхат Разданұлы өзінің «Белестер белгісі» атты естелік кітабында. Бұл шындыққа жанасады. Өйткені дәл осы дерек шыңжандық танымал тарихшы, зерделі шежіресі Асқар Татанайұлының жазбасында бар екен. Оның сыртында Мереке ақсақал өз естелігінде: «Нағашы атам орысша, арабша, парсыша, шағатайша төрт тілді және жазуын білетін адам» депті («Егемен Қазақстан», 2008 ж., 8 қазан, №192).
Сейітқазы ұстаз медресе бітірген соң Семей облысы, Қарқаралы уезіне келген. Не үшін келді, ол жағы белгісіз. Немересі Қанат Нұртаевтың пайымдауынша, бала оқыту үшін барған тәрізді. Ал бізге белгілі бір дерек – Сейітқазы Нұртаевтың 1905 жылы «Қарқаралы петициясын» ұйымдастыруға қатысқандығы. Мұны айтқан қарт қаламгер Уахап Қыдырхан. Бұл ағамыздың айтуынша, жоғарыдағы петиция оқиғасынан кейін уезд бастығы, штабротмистр Оссовский Дала генерал-губернаторына құпия хат жолдап, өңірде орын алған толқуға байланысты шара қолдануды өтінген. Осы хат бойынша қудалау басталған. Ақыры басына қауіп төнген Сейітбаттал атын «Сейітқазы» деп өзгертіп, Абай еліне барып Шәкәрім қажыны паналаған. Дәл осындай дерек өлкетанушы М.Разданұлының «Өр Алтайда Шәкәрімнің ізі бар» атты жазбасында кездеседі. Онда: «Ол орыс жерінде патша үкіметіне қарсы демократияшыл төңкерістік қимылдарға қатысып, саяси жақтан қудалану себебінен Шыңғыстаудағы Құнанбай еліне барып, бірнеше жыл мұғалімдік істеген. Аты өзгеріп «Сейітқазы ұстаз» аталуы сол тұстан басталғандай» дейді.
Алтай қазақтарының ағартушысы
Сейітқазы ұстаз Абай елінде ұзақ тұрақтап қалмай, 1909 жылы Алтай асып Сарсүмбе қаласына қоныс аударған. Шындығында, біреулер бұл кісіні аттай қалап алып келген. Бұл жерде басын ашып айтатын дүние – ХІХ ғасыр басында ресейлік мұсылман оқымыстылары Исмайыл Ғаспыралы бастаған жәдитшілдер ықпалымен қазақ даласында діни-дүниеауи ілімді шендестіріп оқытатын мектеп-медреселер ашылды. Атап айтқанда, Верныйда «Ғабдулия», Ақсуда «Мамания», Қапалда «Якобия», Зайсанда «Тарақия», Қарғалыда «Әмирия», т.б.
Бұл үрдіс Шыңжаң өлкесінде жалғасты. – Зайсандағы «Тарақия» мектебінің әсерінен, – деп жазады өлкетанушы Бидахмет Мұқайұлы. – 1905 жылы Мәми би ширек ғасыр бұрын әкесі Жұртбайдың Қыран өзені бойына тұрғызған ескі мешітін заманға сай жабдықтап «Абақия» атты мектеп-медресе ашты. Мектептің төрт жылы бастауыш, екі жылы ерекше сынып деп белгіленді. Мектептің оқыту қаражатын Қанапия бастаған ел басшылары өздері шешті. Мұғалімдердің айлығы, түрлі жабдықтарға жұмсалатын ақшаның барлығы халықтан діни салық және оқу қаражаты ретінде жиналды, депті («Жас түлек» журналы, № 3).
Алғашқы жылдары мектепте сабақ беретін ұстаздарды сырттан алдырған. Алтайлық тарихшы Асқар Татанайұлы 1987 жылы Үрімжіде жарық көрген «Тарихи дерек, келелі кеңес» атты кітабында: «Семей қаласынан татарша, өзбекше, арабша жақсы білетін үлкен оқымысты Нұғыман молданы алдырды. Ол кісі шағатай жазуымен бала оқытты. 1909 жылдың басында Нұғыман молда еліне қайтып, медресені татар Низамиден молда басқарды. Ол медресе оқушыларына сурет, музыка, жағырапия, орыс тілі сабақтарын үйретті» деп жазады.
Біздің пайымдауымызша, алтайлықтар «Абақияда» тұрақты сабақ үйрететін ұстаз іздеген. Сөйтіп, Мәми би бұған дейін хат-хабар алысып тұрған Шәкәрім қажыға адам жіберіп жақсы ұстаз тауып беруін өтінген («Жұлдыз» журналы. 1995 ж. №4). Бұл оқиға жайлы Мидхат Разданұлы өз естелігінде: «Абақияда бала оқытатын ұлты өзбек Нұрғабдолла деген молда болды. Мәми би мектептің оқу ісін жаңалау мақсатында Нұрғабдолланы Семей жаққа жіберіп, қолайлы мұғалім тауып келуді тапсырады. Сөйтіп 1909 жылы Сейітқазы ұстаз «Абақия» мектебіне мұғалімдікке келеді» дейді.
Алтай қазақтарын ағарту үшін алыстан келген азаматқа Нұрғабдолла молда өзінің қызы Хамиданы қосады. Бұл әйелден Мүнира мен Мариям атты екі қыз және жалғыз ұлы Жәудет туған. Секең сол келгеннен 1934 жылға дейін табан аудармай «Абақияда» ағартушылықпен айналысқан.
Сейітқазы келген соң мектептің оқу үрдісі жаңаланып, діни-ағартушылықты насихаттайтын пәндер жәдитизм бағыты бойынша оқытылады. Бұл ұстаным алашордашылардың айнымас идеологиялық темірқазығы еді. Сол себепті, Сейітқазы ұстазды алаш жолын ұстанушы, Алтай қазақтарына алаш идеясын сіңіруші тұлға деп таныған дұрыс.
Қарт қаламгер Уахап Қыдырхан мырза: «Нұртаев Алтайға алаш идеясын апарды әрі атақты Ақыт Үлімжіоғлы, Арғынбек Апашбайұлы сияқты шайырлармен дос болды. Екінші басын ашып айтуға тиіс дүние – 1940 жылы басталған Алтай қазақтарының қытайға қарсы жүргізген ұлт-азаттық қозғалысының рухани тетігі Сейітқазы ұстаз сияқты адамдардың ілімі негізінде қаланды» дейді. Бұл дұрыс пайым.
* * *
1935 жылы (кейбір деректерде 1934) Сейітқазы ұстаз Шыңжаң өлкелік үкіметінің қалауымен Үрімжіге шақырылады. Оған себеп, осы жылы өлке орталығында дубан Шың Шысайдың саясаты негізінде «Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы» құрылатын болып, соның басшылығына үкімет Сейітқазы Нұртаевты қолайлы деп таныған.
Шыңжаңдық жас зерттеуші Елдес Орда жаңадан құрылуы тиіс ресми ұйымның алғашқы мәжілісіне қазақтар қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле, Үрімжі аймағына қарасты 12 ауданнан және Қашқар уалаятындағы қырғыздан барлығы 300 өкіл қатысқан деген дерек келтіреді.
Екі аптаға созылған құрылтай шешімімен «Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы» құрылып Сейітқазы Нұртаев төраға болады.
* * *
Кешікпей өлкедегі саяси жағдай күрт өзгеріп, қуғындау басталады. Әсіресе, Кеңес елінен келген адамдарды жаппай тұтқындау барысында Зият Шәкәрімұлы қатарлы бір топ адам 1938 жылы қамалып, барлығы атылады. Кешікпей бұл науқанға Сейітқазы ұстаз бастаған көзі ашық, көкірегі ояу адамдар да ілігеді. 1944 жылы Оспан мен Гоминдан үкіметінің келісімі нәтижесінде алтайлық қазақтар түрмеден босап шығады. Бұлардың ішінде С.Нұртаев та бар.
Түрмеден босаған Сейітқазы ұстаз Моңғол елін бетке алып аттанады. Шіңгіл арқылы шекарадан өткен Секең түрмеде алған жарақаты салдарынан бақиға аттанған. Қасында әйелі Мүнира мен жалғыз ұлы Жәудет болған. Олар марқұмды Моңғолия жеріне жерлеп тастап, үйренген Алтайына қайта оралған.
Ал елде қалған Сейітқазының жалғыз інісі Садуақас Алтай асып кеткен ағасы жайлы Қытайдағы Кеңес елшілігіне дүркін-дүркін хат жазып, іздеу салған. Ақыры 1950 жылдары ағасынан қалған жалғыз тұяқ Жәудетті тауып, оны 1953 жылы елге алдырған. Осылай 24 жасында әкесінің қарашаңырағына оралған Жәудет елге келіп Кахима Салимжуарова деген әйелге үйленіп, 2000 жылы дүниеден өтіпті. Артында қалған ұлы Қанат, қыздары Сара мен Айгүл аман-есен ұрпақ өрбітіп отыр.