08 Тамыз, 2013

Археолог

1345 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Менің туып-өскен жерім – тұнып тұрған тарих. Қазақта бір сөз бар: «Түгін тартсаң майы шығады» деген. Ал, менің туған жерімде бір уыс топырақты қозғасаң тарих қоздап қоя береді. Бір түп шиін қозғасаң тарих сыңсып сөйлеп, жетім бота болып боздап қоя береді. Оның жақсы, жаманын білмеймін. Әйтеуір солай. Менің туған жеріме тарихшылар тәнті қалып, археологтар жер қаза бастайды кетпен, күрек алып...

 

Менің туып-өскен жерім – тұнып тұрған тарих. Қазақта бір сөз бар: «Түгін тартсаң майы шығады» деген. Ал, менің туған жерімде бір уыс топырақты қозғасаң тарих қоздап қоя береді. Бір түп шиін қозғасаң тарих сыңсып сөйлеп, жетім бота болып боздап қоя береді. Оның жақсы, жаманын білмеймін. Әйтеуір солай. Менің туған жеріме тарихшылар тәнті қалып, археологтар жер қаза бастайды кетпен, күрек алып...

Бәлкім, көне дәуірлерде мәдениет ұйыған, орта ғасырда өркениет өрістеген тарихи жер болғандықтан шығар. Оған мақтануға болады. Өйткені, жас өркенді тарих сабағымен тәрбиелеуге болады. Бота болып боздаған тарих, қат-қабат болып қоздаған тарих жас ұрпақтың санасына тарихи сапа бітіреді. Тап бір санасыз сабаз болмаса, санасында саңлауы бар адам тарихтан сабақ алмай тұра алмайды біздің ауылда!

Жұмбақтай беретін ештеңе де жоқ, біздің ауыл арғы бабаларымнан бүгінгі күнге дейін алтын бесік болып келе жатқан туған жер – Отырар!

Жасөспірім кезде Отырар төбе қазыла бастады. Қолымыз қалт етсе Отырар төбені қазып жатқан археологтардың қасынан табылушы едік.

Ғажайып археолог Кемел Ақышевпен солай кездестік. Кейін Карл Байпақов, Ерза­кович секілді археологтармен де таныстық.

Біздің ауылдың балаларында бір ғана арман болды. Ол – археолог болу. Археолог болуды армандамайтын бала болмайтын біздің ауылда! Бүгінгі күні археологтар біздің ауылдан шүпірлеп шығып келеді.

Ауылға жақын жерде Байылдыр аталатын бес-алты үйден тұратын елді мекен бар. Жаз айларында Рахман атамның ауылына барып, Тәттібек құрдаспен ойнайтынмын. Шағын ауыл қасынан өзенше ағып жатады. Суда жүзіп жарысамыз. «Жалақ» ойнаймыз.

Төбе көп біздің ауылда. Тари­хы көп біздің ауылдың төбе­ле­рінің! Байылдыр да бір төбе. Байыл­дырды қазуға алыс Алматыдан археолог келген. Аты – Сәйден. Сәйден ағамен біз ауыл балалары – Байылдырда таныстық. Балажан. Жаны таза. Бізбен бала болып та сөйлеседі. Бізді жұмсап та алады. Біз оны «Байылдыр аға!» атап кеттік... Сұңғақ жігітке біз қызыға қарайтын едік. Кейін «Қазақ энциклопедиясынан» – Байылдыр туралы мақала оқыдым. Авторы – тарихшы Сәйден Жолдасбайұлы! Кәдімгі тарихшы, археолог, оқу­лық­тардың авторы, танымал Сәйден Жолдасбайұлы!

Біз ұзақ жылдық үзілістен соң Түркістанда – Қ.А.Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде кездестік. Ол әсем Алматымен, көп жыл еңбек еткен Әл-Фараби атындағы ұлттық университетімен жылы қоштасып, Түркістанға келіпті. Бейне Трояны іздеген Шлиман секілді.

Ұзақ әңгімелестік.

Әңгімеміздің тұздығы – Бай­ылдыр!

Ол – Отырарды айтады. Байыл­дырға барады. Өңірге таңданады. Бейне теңізге тамсанған моряктай.

Мен Сәйден ағаның өмір жолына барлау жасаймын.

Ол – Алматы облысында дү­ниеге келіпті. 1963 жылы қазақ­тың маңдайындағы сол кездегі бір­ден-бір университет – Қазақ мем­лекеттік университетін тарих мамандығы бойынша бітіріпті.

Қызметін ауылда мұғалім болып бастаған ол 1968-1972 жылдары Қазақ Ұлттық Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының аспирантурасын аяқтапты. 1976 жылдан тарих ғылымдарының кандидаты. 1978-1980 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ұстазы, 1980 жылдан 2002 жылға дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің ұстазы қызметтерін атқарған.

1998 жылы тарих ғылым­дары­ның докторы, 1999 жылы профес­сор ғылыми атақтары берілген Сәй­ден ағаға!

Енді, міне, 2002 жылдан бері Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде архео­логия, этнология және мұражай ісі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Қазіргі таңда археология институтының директоры. Әріптеспіз.

Ара-арасында мен Сәйден ағаның тындырғаны кәні, тындырары қандай деген сауалдарға жауап іздеймін.

Ғалым халқымыздың XV-XVІІІ ғасырлардағы мәдениетті және дәстүрлі шаруашылықты зерттеген. Зерттей келе тарихымыздағы осы уақытқа дейінгі орын алып жүрген қазақ халқы жаппай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан, қала салмаған деген пікірді теріске шығарған. Қа зақ қыстауларына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, халқымыздың жартылай көшпелі, жартылай отырықшы, мал өсі­ру­мен де, отырықшылықпен де айналысқанын дәлелдеп бақты.

Еліміздің егемендігін алуына байланысты жаңа буын оқу­лық­тардың жазылуына да өз үлесін қосуда. Жалпы білім беретін ор­та мектептердің жетінші сыны­бына арналған «Орта ғасыр­лар­дағы Қазақстан тарихы» бас­падан шықты. Ол оқушылар қо­лын­да. Ал, жаратылыстану мен мате­­матикалық бағдарлы мектеп­­тердің 10-11 сыныптарына Қазақстан тарихы бойынша оқулық, әдістемелік және хрестоматиялық оқу құралдарын жазғаны тағы бар. Олар да оқушы қолында!

Байқап отырсақ, жалпы жария­ланған ғылыми еңбектері 250-ден астам, оның ішінде 5 монография, 5 оқулық, студенттерге арналған көмекші 6 талқылама оқу құралы, ғылыми және баспасөзде, энциклопедияда жарияланған мақалалары қаншама?! Жоғары оқу орындарына арналған «Ежел­гі және орта ғасырлардағы Қа­зақ­стан» оқу құралы 1995ж. «Же­тісу тарихы. (XV– XVІІІ ғғ.)» палеэтнографиялық зерттеуі 1996ж., «Қазақтардың жартылай отырықшылық мәдениеті. (XV– XVІІІ ғғ.)» 1998ж., М.Х.Дулатидің 500 жылдығына арналған «XV– XVІІ ғғ. Қазақ хандығы туралы» 2000 ж. еңбегі жарық көрді. «Же­тісу тарихы (XV-XVІІІ ғғ.)» тарихи және палеэтнографиялық зерттеуі жетістігі ерекше. Монографияда Жетісу аймағына жүргізілген ғы­лы­ми-зерттеу жұмыстарының нәти­желері берілген. Онда қазақ халқының жартылай отырық­шы­лық мәдениеті әбден дәлелденген.

Ғалым 20-дан астам бүкіл­одақ­тық және халықаралық ғылыми конференциялар мен конгрестерге және семинарларға қатысып жүлделі орындарға ие болыпты. Соның бір айғағы 2005 жылы 19-26 қазанда Анкарада өткен Түрік халықтарының Ататүрік атындағы түрік мәдени орталығының дүниежүзілік VІ конгресінде XІV– XVІ ғғ. атақты Сығанақ қала­сының «мешіт-медресесінің жанын­дағы кесененің» ашылуын Қазақ жеріндегі мәдени жағдай­дың өзіне тән бір ерекше құбылыс екендігін баяндап, оның тарихи маңызына тоқталып, түрік «кардаштарды» қайран қалдырған.

«Ортағасырлық Сығанақ қа­ласы» атты ғылыми жоба 2009-2011 жылдарға арналған мем­ле­кет­тік «Мәдени мұра» бағдарла­ма­сы аясында өтіп, осы жылдан бастап ол ХІV ғасырда қа­зақ елінің астанасы болған шаһар­ды қазуға құмбыл кірісті-ақ. Шә­кірттерін шағын автобусқа сықай тиеп, асай-мүсейін алып көне Сығанаққа жол тартып бара жатады, әрдайым. Сығанақ оны әбден баурап алған. Барша дүниені ұмыттырып, тұңғиық сырымен өзіне тарта түсуде. Сығанақ сыры – қазақтың орта ғасырдағы сыры. Сығанақ сыры – өнген, өркен жайып өскен, өскен де салғырттықтан, алауыздықтан құлаған, қираған қала, өшкен, өлген өркениеттің мұңды, шерлі жыры! Тым ұзамай, біз ол тылсым сыр, тарих жырын археолог аға жортуылынан, қалам жорғасынан естіп қанығармыз...

Біздің әл-әзірге білетініміз – профес­сор Сәйден Жолдасбайұлы бастаған архео­ло­гиялық шоғыр қазақ хандығының алғашқы астанасы болған – Сығанақ қаласының солтүстік-шығыс беткейіндегі «қақ­паны» ашты. «Қақпа» – Сыға­нақ­тың ортағасырлық кенттік өмі­рінен бірсыпыра мәлімет бергендей. Демек, қазақ сол ХІV ғасырда бірыңғай көшпелі емес, отырықшы ел!

Ендігі бір археологиялық ол­жа – «кесененің» ашылуы. Аршы­лып тазаланған төрт бөлмелі «ке­се­не» – Ежен хандыкі деп отыр, Сәйден аға. Оны жан-жақ­ты дәлелдеп археологиялық есеп, есептен туындатып мақала жазды. Олай болса, Сығанақ – қала, қаланы мекен еткен халық, халықты қырық уәзірімен ақылды басқарған ханы бар! Ежен хан тұсында Ел екенбіз-ау кәдімгідей. Кәдімгідей ел екенбіз. Суық сөз қайдан сыпсыңдады? Ынтымақ көздеген ырыс қалай шайқалды? Бәрі де көрші отырған «Жаман көздерден», қазақ байлығына ішегін тартқан сұқтан басталған шығар-ау!

Ғұлама жылдар парағын судырлатқанда тарихи себеппен жабылып кетіп, көз жасына иленген үйіндіге айналған, енді қайта аршылып ғылыми жаңалық райында қайта ашылған «Кесененің» бізге айтары аз болмаса керек.

Тағы бір археологиялық ашылым – «ғибадатхана». ХІV– ХV ғасыр болып межеленген 9 (тоғыз) бөлмелі «ғибадатхана» құран оқитын бөлмелер мен қадірлеп кісі жерлейтін сағаналардан тұрады. Бұл енді шәрлік мәдениет қана емес, үлкен өркениет көрінісі.

Сәйден аға, әсіресе, көзге көрі­нетін, көңілді демдендіретін осы үш нысан бойынша әңгімелей бас­таса кісі тоқтатып болмайды. Ұйып тыңдай бергің келеді. Әңгі­ме тыңдау аяғы биылғы жаз Сәйден ағаға ілесіп барып Сыға­нақ қаласын күн аралап, түн түнеп қайтуға бастады.

Түн. Құлағыма Сәйден аға – ұстаз, мен әке тұтатын қадір­мен Бейсекең – Бейсембай Кен­же­байұлы үні келді талмаусырап. «Араб әдебиеті ме н ғылымының тарихында «Әл-Сығанақи», «Әл-Түр­кстани», «Әл-Қыпшақи», «Бин-Түрік» деген әдебиетшілер мен ғалымдар аттары кездеседі. Архео­лог А.Якубовский өзінің «Сыға­нақ қалдықтары» деген архео­логиялық еңбегінде Сыға­нақи деген бір ақынның Бағдадқа жер аударылып барып араб тілінде өзінің туған жерін, елін сағынып жазған шері еді деп әуезелеп айтар өлең келді.

Бұл ел бұрын бейбіт, еркін ел еді,

Білімділер мекен еткен жер еді.

Мұнан «ныхаяны» жазған ақын шыққан,

Мұнан «қидаяны» жеңілдеткен ғалым шыққан,

Егер бізге қайта туу нәсіп болса,

Біз екінші рет осы Сығанақта тұрар едік!

Көңілімнен өнген үнді қатар түнеп жатқан Сәйден ағаға айтып бердім.

– Беу, опасыз дүние – деді Сәйден аға!

Байылдыр – ХІІІ – ХІV ғасыр жәдігері, Сығанақ – ХІV-ХV ғасыр кенті. Жаугершілікте құлаған, үйіндіге айналған сабақтас жәдігерліктер. «Байылдыр аға» атанған С.Жолдасбайұлының бұл күнгі есіл-дерті Сығанақ қаласын жан-жақты ашу. Трояны ашқан Шлиман арманындай асқақ арман! Сол жолда Сәйден Сығанақи атанып кетсе де өкініші жоқ!

Ел боламыз, ескіден сабақ алып, елдігімізді бекіте түсеміз десек, кешегі академик Әлкей Марғұлан, Кемал Ақышев, бүгінгі профессор Сәйден Жолдасбаев, Мадияр Елеуов, Мұхтар Қожа ашқан археологиялық ашылымдарға құлақ түре, ден қоя, сабақ ала білуіміз керек-ақ...

– Бір сыбағаға жаман емес екен жеткен табысыңыз Сәйден аға! – деймін мен қуанып. – Қаншама жер қаздыңыз тарихты қоздатып, қаншама архив ақтардыңыз оқулық жасаймын деп. Әсіресе, атақты Сығанақ қаласында ашылып жатқан ғимараттарды ашық аспан астында музей жасау әзіз арманыңыз.

Бәрі де қиын тағдыр кешкен халқы­мыз­дың тарихын анықтау үшін.

Тарих – тарих үшін ғана болса, құны не, тәйірі? Асылы, тарих бүгінгі замандастарды ғасырлық ұйқыдан ояту үшін, ертеңгі ұрпақты – егемен елдің басы бүтін, санасы сара, тізгіні мықты, ақжарылқап алған тәуелсіздіктен айырылмайтын тақымы қатты, көзі ашық, көкірегі ояу, тұлғалы азамат етіп тәрбиелеу үшін!

Осы мақаланы жазып отыр­ғанда ата тарих – Отырар ойыма оралды. Сіз бен бізді таныстырған Байылдыр түсті еске. Біраз жасқа келді дейді сізді біреулер. Айта берсін. Тіп-тік Байылдырды қазған жігіт қалпыңызда елестедіңіз. Кісінің арманы сарғаймай, ойы сарқылмай – өзі қартаюшы ма еді, тәйірі.

Еңбегіңіз жансын, кешегі «Байылдыр аға», бүгінгі «Сыға­нақи!».

Құлбек ЕРГӨБЕК,

профессор.

ТҮРКІСТАН.

Соңғы жаңалықтар