Қоғам • 05 Ақпан, 2020

Хайуанаттар бағына қолғабыс көрсетті

619 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Волонтер жылы деп жариялауына байланысты еліміз бойынша еріктілер қозғалысы қарқын ала бастады. Бұл ізгі бастамаға Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жастары да белсенді атсалысуда. Жуырда университеттегі «Еріктілер» клубының мүшелері Алматы хайуанаттар бағына қолғабыс жасап, қоқыстарды жинап, вольерлерді тазалап, жануарларды азықтандыруға көмектесті.

Хайуанаттар бағына қолғабыс көрсетті

Алматы зообағы мен ҚазҰАУ-дың Тәрбие жұмыстары департа­мен­тінің ұйымдастыруымен өт­кен шараға университеттің Су, жер жә­не орман ресурстары факульте­тінен «Аңшылықтану және аң шаруа­шы­лығы» мамандығында, Технология жә­не биоресурстар факультетінен «Ара, құс және балық шаруашылығы» ма­ман­­дығында білім алатын студенттер қатысты.

Еңбектен тартынбайтын еріктілерді Алматы хайуанаттар бағы тарапынан директордың орынбасары Ағыбай Әжі­баев, Стратегиялық даму бөлімінің меңгерушісі Ақжами Рахимова және шаруашылық қызметкерлері мен секция жетекшілері қарсы алып, арнайы нұқсаулар берді. Зообақ мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастармен пікір алмасты. Оқу орнының Тәр­бие жұмыстары департаментінің директоры Бану Дүйсебайқызы, Су, жер және орман ресурстары факультеті де­канының тәрбие жөніндегі орынбасары Майя Викторовна, Технология және биоресурстар факультеті дека­нының тәрбие жөніндегі орынбасары Ұлжан Нұралиева және Әндия Серік­баева, Таңатар Қыдыров, Әлібек Әбдібек сынды ұстаз-ғалымдар да бі­лек сыбана жұмыс атқарып, жастарға үлгі көрсетті.

Алматы хайуанаттар бағы мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Білікті мамандар мен оқытушы-ғалымдар ҚазҰАУ студенттерінің тәжірибелік са­бақтарын ұйымдастырып, олардың ғылыми ізденістеріне бағыт-бағдар береді. Білім алушылар дипломдық жұ­мыстарына қажетті мәліметтерді осы зообақ мамандарынан ала алады. Алматы хайуанаттар бағы жа­нуарлардың түрлерін сақтау және оларды зерттеу жөніндегі халықаралық бағ­дарламалардың қатысушысы ре­тінде ERAZA, WAZA, SEAZA сияқты зоо­­бақтар мен аквариумдардың әлем­дік ассоциацияларына мүше. Қазіргі кезде зообақ заман талабына сай жа­ңару үстінде.

Волонтер жылына орай мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жал­ғас­а­тын болады.

 

Мұхтар БАЙБАТШАНОВ,

ҚазҰАУ-дың «Орман ресурстары және аңшылықтану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты