Елімізде ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресу бір сәтке де тоқтаған емес. Өйткені, бұл топтар ініне жасырынған аңдар сияқты қоғамның барлық салаларына кіріп, керек кезінде інінен шығып, заңсыз жолмен ақша табуды әдетке айналдырып алған.
Елімізде ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресу бір сәтке де тоқтаған емес. Өйткені, бұл топтар ініне жасырынған аңдар сияқты қоғамның барлық салаларына кіріп, керек кезінде інінен шығып, заңсыз жолмен ақша табуды әдетке айналдырып алған.
Бүгінде қылмыстық топтар экономика және қаржы салаларына белсене араласып, қайтарылмайтын несиелер алу үшін пайдаланатын жалған фирмаларды тіркеп, салық төлеуден жалтару және заңсыз жолмен келген ақша қаражатын қолма-қол ақшаға аударумен айналысуда.
Осы қылмыстық істерге қаржы полициясы баса назар аударуда. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, өткен жарты жылдың ішінде қаржы полициясы 25 ұйымдасқан қылмыстық топ пен 1 қылмыстық қауымдастықтың қызметін әшкереледі. Оларда мүшелікте 180 адам болса, қазір 20-сы сотталып отыр.
Мемлекет пен азаматтарға ең ірі залалды Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің ұйымдасқан қылмыстық қауымдастығы мен Храпуновтардың ұйымдасқан қылмыстық тобы келтірген.
Қаржы полициясы басқа да жүйелі парақорлық, бюджет қаражаты мен мемлекеттік мүлікті ұйымдасқан сипатта ұрлау фактілерін әшкереледі. Мысалы, Алматы қаласының жылжымайтын мүлік орталығының директорының басшылығымен және құрамында оның көмекшісі мен мүлік орталығының Әуезов, Түрксіб, Алатау, Медеу және Бостандық аудандары бөлімдерінің бастықтары бар ұйымдасқан қылмыстық топтың жүйелі түрде пара алу әрекеті әшкереленді.
Павлодар облысында да мемлекеттік тұрғын үйге байланысты алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Жамбыл облысында жерге қатысты алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылды. Атырау облысы әкімдігінің дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бұрынғы бастығы Ә.Жанкеевке іздеу жарияланды.
Мемлекеттік сатып алу саласы да ұйымдасқан қылмыстық топтардың назарын аударуда. Ақмола облысында баға ұсыныстарын сұрау арқылы өткізіліп отырған конкурстарына қатысып, мемлекеттік сатып алулар электронды веб-порталында бюджет қаражатын ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері қамауға алынды.
Осы жылдың басынан қаржы полициясы жалған кәсіпкерлік бойынша маманданған 5 ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз бизнесін тоқтатты. Биылғы жылғы сәуірде Петропавл қаласында кезекті 3 млн. теңгені қолма-қол ақшаға айналдырудан кейін Ресей Федерациясының азаматы Войлошников ұсталды. Осы қалада қаржы полициясы тағы бір қолма-қол ақшаға аударушылар қылмыстық тобының қызметін тоқтатты. Ақмола облысында қаржы полициясы ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін әшкереледі. Қаржы полициясы агенттігі Оңтүстік Қазақстан облысы салық департаменті бастығының орынбасары қамқорлық жасаған деп айыпталып отырған қылмыстық топты ұстады.
Еліміздің бүкіл аумағында жалған ақшаны сатумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері 4 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырудың түрлі мерзімдеріне сотталды. Қылмыстық іс бойынша Астана қаласында, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарында қылмыстық топ мүшелерімен жалған ақша сатудың 44 фактісі анықталды. Мақсатты тексерулер нәтижесінде қылмыстық топтар жүзеге асырып жүрген экономикалық контрабанда каналдары жойылды. Бір жарым жылдың ішінде қаржы полициясы 800-ге жуық заңсыз ойын мекемесінің қызметін тоқтатты. Оның ішінде қылмыстық топтармен ұйымдастырылған ойын зал автоматтары мен казинолар бар.
Қаржы полициясы агенттігі мен Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының департаменттерінің қызметкерлері көлемді операция нәтижесінде 2012-2013 жылдары мұнайдың заңсыз айналымы саласында қызмет еткен қылмыстық топты әшкереледі. Қаржы полициясы органдары сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстылықтың ұйымдасқан формаларын анықтау мен жолын кесу бойынша жұмысын жалғастыруда.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».