08 Тамыз, 2013

Бойтұмар

463 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер Жұмабек Нұркеновтің сүйегі 6 мамыр күні туған ауылы Тереңкөлге жерленді. Ж.Нұркенов 1902 жылы дүниеге келген. 1943 жылдың 2 қаңтарында майданда қаза тапқан. Ал, былтыр Ресейдің Киров қаласының «Фронт» атты іздестіру отряды Старая Русса қаласы маңында 1942 жылы Солтүстік-Батыс майданы ұрысы өткен жерден Жұмабай Бектұрсыновтың мүрдесін тапқан болатын. Жауынгердің мүрдесі туған жері Қашыр ауданы Луговое ауылына әкелініп, қайта жерлеген еді.

 

 

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер Жұмабек Нұркеновтің сүйегі 6 мамыр күні туған ауылы Тереңкөлге жерленді. Ж.Нұркенов 1902 жылы дүниеге келген. 1943 жылдың 2 қаңтарында майданда қаза тапқан. Ал, былтыр Ресейдің Киров қаласының «Фронт» атты іздестіру отряды Старая Русса қаласы маңында 1942 жылы Солтүстік-Батыс майданы ұрысы өткен жерден Жұмабай Бектұрсыновтың мүрдесін тапқан болатын. Жауынгердің мүрдесі туған жері Қашыр ауданы Луговое ауылына әкелініп, қайта жерлеген еді.

Сол кезде біз газетімізде «Бойтұмары туған жерінен топырақ бұйыртты» деп жаздық. Енді, міне, тағы бір жауынгердің бойтұмары өзінің мүрдесінің туған жеріне жетуіне себепкер болды. Биыл   қаңтар айында Ресейдің Новгород облысы Боровичи қаласының «Звезда» іздестіру отряды жерлесіміз, Қашыр ауданында туған жауынгер Жұмабек Нұркеновтің мүрдесін тапқандарын хабарлайды. Сол жердегі «Звезда» іздеу жасағы марқұмның аты-жөні жазылған бойтұмарын тауып, қазақстандық «Майдан жолы» жасағына хабар береді. Сол жердегі Солтүстік-Батыс майданының әйгілі «Демянский қорғанысы» ұрысында Жұмабек Нұркенов қаза тауыпты. Соғыс зардабын тартқан барлық қазақ отбасылары сияқты Нұркеновтер отбасындағы төрт бірдей ер-азамат 41-ші жылы соғысқа аттаныпты. Үшеуі елге аман-есен оралады. Ал Жұмабек хабарсыз кетеді. Жалпы, соғысқа Павлодар облысынан 46 мың адам аттаныпты. Кейін хабар-ошарсыз кеткен 300-ден аса жауынгердің мүрделері туған жерге жеткізілді. Сөйтіп, Железин ауданы Үрлітөбе шекара бекетінде ресейліктер қазақстандық «Майдан» тобының мүшелеріне жауынгердің мүрдесі салынған контейнерді тапсырды. Ол Новгород қаласы түбіндегі Сафроновка селосынан жеткізілді. Мамыр айында аудан орталығы Тереңкөлде ауыл халқы, соғыс және еңбек ардагерлері, туыс-туғандары жиналған қаралы митинг өтті. Шараға облыс, аудан басшылығы қатысты. Соғыс даласында қаза тапқандардың рухына бас иіп, тағзым етті.

–Ағамыз соғысқа аттан­ғанда біздер бала едік. Орал­мады. Дегенмен, қашанда бір хабар келетіндей біртүрлі болып жүретінбіз, жаратылыстың жазғаны болар, үміт алдамайды екен,– деген еді былтыр бізге Жұмабай Бектұрғановтың туысы Сағынай апа.

–Жұмабек ағам жастайынан өте зерек болыпты. Келген адамның тіл-көзі өтпесін деп үйге бір адам келсе, ас үйге жатқызылады екен,–дейді жауынгердің немере қарындасы Гүлзира Нұркина. Ал Омбы облысынан “Единая Россия” партиясының өкілі, «Молодая гвардия» жастар ұйымының басшысы Сюзанна Егиянның айтуынша, бұл екі ел үшін маңызды іс-шара. Өйткені, сұрапыл соғыс жылдары кеңес солдаттары бір ел үшін, бір халық үшін, бір үй үшін күресті.

Соғыста хабарсыз кеткен әкесін, аға-бауырын ғұмыр бойы іздеген арамызда қаншама жандары жаралы тағдырлар жүр. Қос жауынгер Жұмабай Бектұрғанов, Жұмабек Нұркеновтің мүрделері табылғаны, елге жеткізілгені жайлы бұл хабар үміттерін үзбеген басқа да тағдырларға үміт отын жағар.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Павлодар облысы,

Қашыр ауданы.