30 Наурыз, 2010

АДАМ ҚҰҚЫҒЫН САҚТАУ – ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР ӨЗЕГІ

627 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
БҰҰ-ның арнайы баяндама­шы­сы Қазақстандағы адам құқығын сақтау саласында айтарлықтай ілгерілеу бар екенін атап көрсеттіЖақында Женевада Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқы жөніндегі кеңесінің 13-ші сессиясы шеңберінде БҰҰ-ның адамның ар-намысын аяққа басу, яғни азаптау және басқа да қатал қарым-қатынас жасау мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Манфред Новактың жыл сайынғы баяндамасын талқы­лау болып өтті. Арнайы баяндамашы өзінің халықаралық мандаты аясында адам құқының сақталуына бай­ланысты жалпы шолу жасап, оған бағасын берді. Профессор М.Новак бірқатар мем­лекеттерге, оның ішінде 2009 жылдың мамырында Қазақстанға сапарының қорытындыларына жеке тоқталды. Арнайы баянда­ма­шы мәлімдегеніндей, Қазақстанда азаптаулардың алдын алу және оған қарсы тұру мәселелерінде айтар­лықтай прогресс байқалады. Оның пікірінше, Қазақстандағы бас бостандығынан айыру орын­дарында жағдай соңғы жылдары айтарлықтай жақсарған, азаптаулар жүйелі болып табылмайды және кең таралған сипатқа ие емес. Бұрынырақта өзінің Австрия ақпарат агенттігіне берген сұх­ба­тын­да Манфред Новак Қазақ­стан­дағы адам құқы жөніндегі жағдай посткеңестік елдер ішінде жақсы­ла­рының бірі екенін атап өткен болатын. Осы себепті, дейді ол, Қа­зақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төр­ағалыққа лайықты сайланып отыр. БҰҰ-ның адам құқы жөніндегі кеңесі Қазақстан Үкіметі өкілінің БҰҰ-ның азаптауларға қарсы комитеті мен арнайы баяндама­шысының аталған мәселеге бай­ланысты ұсынымдарын жүзеге асырудағы қадамдары туралы ақпаратын оң қабылдады. Қазақстанның соңғы жылдары азаптауларға қарсы іс-қимылдарын­да оң өзгерістер бар екендігі атап көрсетілді. Мемлекет адам құқы са­ласындағы 60-тан астам көпжақты әмбебап халықара­лық келісімдердің толыққанды қатысу­шысы болып та­былады. Азаптауларға қарсы кон­венция мен оған қатысты Факуль­та­тивтік хаттаманың ратифика­ция­лануы  Қазақстанда азаптауларды қолдануға қарсы күрес күш ала түсіп келе жатқандығын көрсетеді. Арнайы баяндамашы Қазақстан Үкіметіне баяндама үшін қажет ақпараттарды ұсынғаны, қолдау көр­сеткені және ынтымақтасқаны үшін ерекше ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Қазақстан Үкіметі­нің БҰҰ-ның адам құқығы жөнін­де­гі кеңесімен жан-жақты ынты­мақ­тастықты одан әрі дамытуға дайын екендігі атап көрсетілді. Арнайы баяндамашыға БҰҰ кеңесінің ұсынымдарын орындау бойынша Қазақстан Үкіметі қолға алып жатқан шараларды бағамдау үшін Қазақстанға тағы да сапар жасау туралы ұсыныс жасалды. “Егемен-ақпарат”.