08 Тамыз, 2013

Отбасындағы ойран

438 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстаннан ағалы-қарындасты екі жет­кін­­шекті асырап алған америкалық ерлі-зайып­тыларға балаларды зорлады деген айып тағылып жатыр. Дүйім жұртты дүр сілкіндірген бұл қылмыстық іс бойынша қазір Массачусетс штатындағы Ворчестер қаласының жоғарғы соты тыңдауды қолға алды.

Қазақстаннан ағалы-қарындасты екі жет­кін­­шекті асырап алған америкалық ерлі-зайып­тыларға балаларды зорлады деген айып тағылып жатыр. Дүйім жұртты дүр сілкіндірген бұл қылмыстық іс бойынша қазір Массачусетс штатындағы Ворчестер қаласының жоғарғы соты тыңдауды қолға алды.

Негізінде бұл оқиғаның басы 2009 жылдан арна тартады екен. Жергілікті The Milford Daily News газетінің жазуынша, сол жолы Уитинсвилль атты шағын қалада тұратын 49 жастағы Линда және 50 жастағы Джозеф Мэйоттар бірінші рет қамауға алынады. Оларға қылмыстық кодекстің 26-тармағы бойынша айып тағылады. Соның ішінде қиын жағдайда баланы зорлау, 14 жасқа толмаған бүлдіршінді бұзылған жолға салу деген секілді айыптаулар ұшырасқан. Бірақ 2010 жылы ерлі-зайыптылар айыпты емес деген ұйғарым жасалды. Алайда, соған қарамастан, сот оларды 25 мың доллар көле­мінде кепілдік төлеуге мәжбүр еткен. Соны­мен бірге бұл екеуі GPS-датчигін тағып жүруге тиісті болған.

Арада үш жыл өткеннен кейін сол оқиға бойынша тағы да қылмыстық іс қозғалып отыр. Округ прокурорының көмекшісі Шэрил Риддл сотта қазақстандық екі баланың Мэйоттар отбасына 2004 жылы әкелінгенін мәлімдеді. Сол кезде қыздың жасы 8-де, ұлдың жасы 13-те екен.

«Бұл отбасында содан бастап нағыз сұмдық оқиғалар орын алған, – дейді Шэрил Риддл. – Бөтен тілді бөтен елге тап болған кішкентай қазақстандықтардың бұдан соңғы барлық еркі өздерін асырап алған ата-аналардың қолдарында болған. Олар бұларға не істеймін десе де олар титтей де қарсылық көрсете алмас еді. Мұны ерлі-зайыптылар жақсы пайда­лан­ған».

Прокурорға көмекші келіншектің айтуынша, 2007 жылы қыз бала үйдегілердің өздеріне не істейтіндерін көршілеріне айтып қояды. Алайда, балалар бұл оқиғаны полицейлерге айтып беруден бірден бас тартады. Себебі, асырап алған өкіл шешелері әбден қорқытып қойған сияқты.

«Линда нағыз қуыршақты ойнатушы әртістің рөлін тамаша ойнап шықты, жіпті қалай қарай қозғаса, балалар солай қарай жүрді», – дейді Шэрил Риддл осыған орай.

Тыңдау барысында жұрттың жағасын ұстатқан тағы бір дерек мәлім болды. Бұзылған Линда Мэйоттың өзі туған үшінші баланың биологиялық әкесі... қазір жасы 21-ге келген өзінің өкіл баласы болып шықты. Отбасының адвокаттары бұл ақпаратты жоққа шығармайды. Бірақ оны өздерінше талдап әкетеді. Мәселен, қорғаушы Лорел Сингер жасөспірім бала өзінің өкіл шешесін жыныстық қатынасқа баруға өзі күштеп көндірген дегенді айтады. Мұны ол Линданың қазір шығарып отырған сөздеріне қарай айтатын болса керек.

«Ол Линда Мэйотты төрт жыл бойы зор­лап келген. Қарсыласса, ұрып тұрған. Полицей­лер­ге асырап алған анасы өзіне зорлық көрсет­кеніне шағымданамын деп қорқытқан », – дейді Лорел Сингер. Ал адвокат Кристофер ЛоКонто отағасы тіпті бұл сұмдық оқиғалардан мүлдем бейхабар болған деп сендіргісі келеді.

Енді 13 жастағы баланың дәл солай жасай ала­тынына сене қою қиын шығар.

Сонымен, Американың шеттегі бір шағын қаласында осындай бір іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Онда Қазақстанда туған екі баланың болашақ тағдыры да шешілмек.

Бұған қосатынымыз, ағалы-қарындасты екі жастың Петропавл қаласының тумалары екендері енді белгілі болып отыр.

Мұрат АЙТҚОЖА.