Қазақстан • 05 Ақпан, 2020

Камералар қызметіңе қарамайды

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ақылды» деп ат қойылған камералар орнатылған көше қиылыстарындағы бақылау қазір мыңдаған бұзушылықтарды анықтап отыр. Жыл басынан бері ғана Петропавлдағы көше қиылыстарында осындай техникалық бақылау-өлшеу құрылғылары автоматтандырылған режімде 1251 құқық бұзушылықты тіркеді.

Камералар қызметіңе қарамайды

Олар осынша бұзушылықтарды тіркемеген болса жүргізушілер бұрынғыдай жүген-құрықсыз жоси берген болар еді. Кейбір жүргізушілер жол белгілері мен таңбаларын аяқ асты етіп, елемейді. Соның көбі жол полициясы қатарында таныстары бар немесе қалталарында салмақты қызметтік куәліктері бар жүргізушілер. Бұрын ондайларға «әй дер әже, қой дер қожа болмайтын». Ал автоматтандырылған бақылаушылар сенің кім екеніңе, беделің мен мансабыңа қарамайды. Сарт еткізіп бұзушылар арасына тіркей қояды, сосын бұл тізімнен қанша мықты болсаң да айыппұлсыз босана  алмайсың. 

Петропавлда бір айдың ішінде ғана техникалық құрылғылардың назарына бірнеше рет ілінген жүргізушілер бар. Көше қиылыстарынан өткенде ереже бұзған Нұр-Сұлтан қаласының 42 жастағы тұрғыны бірден үш бұзушылық үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Ол Абай мен Назарбаев көшелерінің қиылысында бір күндегі 10 минут аралығында екі рет жол ережесін бұзған.

Ресейлік есепте тұрған көлікті мінген басқа жүргізуші де дәл осы қиылыста екі рет заң бұзушылыққа жол берген. Айта кету керек, бұрын мұндайлар тіпті құтырып кеткен. Өйткені, Ресейдің есебінде тұрған көліктерді біздің автоматты бақылаушы тіркей алмайтын. Қазір «ақылды» камералар барлық шетелдік есепте тұрған көліктер жасайтын бұзушылықтарды тіркей бастады. Осындайлар бір айдың ішінде интеллектуалдық көше қиылыстарында 74 бұзушылыққа жол берген.

Полицейлер айтып өткендей, тоқтау сызығынан өтіп кету үшін әкімшілік кодекстің 601-бабымен жауапкершілік қарастырылған. «Жол белгілерімен және жол таңбаларымен белгіленген талаптарды сақтамау үшін 3 АЕК көлемінде айыппұл көзделеді. Ал, осы бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда жүргізуші 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Сондай-ақ хабарлама алған сәттен бастап 7 күн ішінде айыппұлдың 50 пайызын төлеуге болатынын естеріңізге саламыз», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов.

ҚЫЗЫЛЖАР